Weekend
Жас келсе – іске!
Берік есімді танысымның екі қолға бір күрек таба алмай жүргеніне екі жылдың жүзі болды. Әкесі бесаспап адам. Кірпіш те қалайды, ағаш та жонады. Тіпті, сынған көлігіңіздің ақауын дәл тауып, жөндеп те бере алады. Бірақ мұндай қасиет баласына дарымапты.
Кішкентайынан қалақ пен балтаны көзі көріп, қолға ұстаса да, құрылыс және жөндеу жұмыстарына икемі жоқ. Осылайша, әке жолын қумаған ол мектеп бітірген соң университетке агроном мамандығы бойынша оқуға түсті. Төрт жыл тез өтіп, қолына диплом тиген соң Берік жұмыс іздеп Петропавлдағы біраз мекеменің табалдырығын тоздырды. Қаланың қыж-қыж қайнаған өміріне бауыр басып қалғандықтан, ауылға қайтуға ниет танытпады. Қатарластары сияқты шаһардағы жылы да жайлы кеңседе жұмыс істегісі келеді. Дегенмен, бұл ұмтылысынан нәтиже шықпады. Сөйтіп, бос сенделумен бір жыл жүрді. Бұдан соң әкеме масыл болмайын деп күзетші, такси жүргізушісі болып жұмыс істеуіне тура келді. Осылай тағы бір жыл өте шықты. "Әкемді тыңдап, колледжге дәнекерлеуші мамандығына оқуға түсуім керек еді", – деп өзі де бүгінгі күні бармақ тістеп жүр. Дәнекерлеушінің табысы да, оған деген сұраныс та жоғары екенін жастардың бәрі біледі. Бірақ қара жұмыстан арланады.
Бүгіндері, жасыратыны жоқ, жастар қол еңбегінен қашып, жайлы кеңседе қызмет етіп, жоғары жалақыға қол жеткізуді қалайды. Жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың "Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет. Бұл – жай күнелту, тамақ асырау жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе”, – деген ұлағатты сөзі ойға оралады. Демек, маңдай терін төгіп, адал еңбекпен нан табу қашанда құрметке лайық. Механик, құрылысшы, ұста мамандар басқаларға қарағанда әлдеқайда мол табыс табады. Кейбір мектеп түлектерінің соны кеш түсініп жататыны қынжылтады. Солтүстік Қазақстан облысының Есіл ауданындағы Ильинка орта мектебінің мұғалімі Рустам Есжановтың пікірі де осыған саяды.
– Жыл сайын еліміздегі университеттерден қаншама жас маман түлеп ұшады. Дегенмен, солардың барлығы бірдей өз мамандығы бойынша жұмыс тауып жатыр ма? Төрт жыл бойы көз майын тауысып қол жеткізген дипломын сандыққа тастап, базар жағалап кетіп жатқандарды естіп, көріп жүрміз. Оларға қарағанда қазіргі таңда колледж бітіріп, жұмысшы мамандығын алғандардың айы оңынан туып тұр десе де болғандай. Өйткені, оларға нарықта сұраныс зор. Қолында жоғары оқу орнының дипломы бар, бірақ жұмысы жоқ маман болғанша, қос уысында қашауы мен балғасы бар ұста болған әлдеқайда жақсы емес пе?! Ал ата-аналар болса, балаларын грантқа түсе алмаса ақылы түрде университетте оқытуға ұмтылады. Заңгер, қаржыгер болғандарын қалайды, – дейді Рустам Есжанов.
Оның айтуынша, жастар еңбек нарығы қандай мамандарға зәру екенін зерттемейді. Сұранысқа ие жұмысшыдан гөрі, "сәнге айналған" мамандықтарды таңдауды жөн көреді. Соның салдарынан ертеңгі күні екі қолға бір күрек таба алмай қиналады.
Бүгіндері қала тұрғындары пәтерлеріне жөндеу жасаса, арнайы мамандарды іздеп шарқ ұрады. Мәселен, "OLX" сайтындағы хабарландыруларға сүйенсек, санитарлық торапты толық жөндеу бағасы 120 мыңнан асады. Тәжірибелі жігіттер оны бір аптаның ішінде аяқтайды. Дәнекерлеушілердің еңбекақысы бұдан да жоғары. Бұл мамандықтарды қиынсынсаңыз, азпаздың, тігіншінің немесе шаштараздың оқуына түсуге болады. Бүгіндері әрбір қалада және аудан орталықтарында түрлі мейрамханалар мен әсемдік салондары көп. Бәсекелі кәсіп болған соң олардың иелері мамандығын жетік меңгерген азаматтарды қуана жұмысқа қабылдайды. Еңбек нарығында сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарын таңдаған жастың ұтылмайтынын ата-аналар мен мектеп бітіруші түлектер ескерсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Нұржан Арманұлы