Weekend
Тәуелсіздік күні
Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі, белсенді қоғамдық қызметі үшін ел азаматтарының үлкен бір тобы мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Олардың қатарында өндіріс, бизнес, білім беру, денсаулық сақтау салаларының көрнекті өкілдері, әскери қызметшілер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, спортшылар, соғыс және еңбек ардагерлері, мәдениет және ғылым қайраткерлері бар.
Биыл мемлекет басшысының назарына Шымкенттің екі қызметкері түсіп отыр. Оның бірі І дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталған «М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті» РМК бас ғылыми қызметкері М.Мырзахметұлы болса, екіншісі «Парасат» орденімен марапатталған Шымкент қалалық орыс драма театрының басшысы И.Вербицкий болды.
Одан бөлек, әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы, елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін нығайтуға қосқан үлесі үшін әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары өкілдерінің бір тобы І және ІІ дәрежелі «Даңқ», сондай-ақ, І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Айбын» ордендерімен, «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды.