Саясат
Биыл Желтоқсан оқиғасына - 33 жыл, ал Тәуелсіздігімізге - 28 жыл
Жиынға «Желтоқсан Ақиқаты» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы – Болат Тоқтабайұлы, «Халық Қаһарманы» Қайрат Рысқұлбековтің інісі, «Желтоқсан рухы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы – Талғат Ноғайбайұлы, «Республикалық «Желтоқсан – 86- Тәуелсіздік қырандары» Халық қаһармандары қозғалысы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі – Гүлбахрам Есмұратқызы, сонымен қатар тағы басқа қонақтар мен журналистер қатысты.
Арнайы шақырылған спикерлер қазақ елінің еркіндігі мен бостандығы жолында бастарын бәйгеге тіккен желтоқсан оқиғасы қатысушыларының ерліктерін еске алып, тәуелсіздігімізді құрметтеуге шақырды.
«Өздеріңізге белгілі 1986 жылғы көтеріліске 33 жыл толғалы отыр. Желтоқсан оқиғасы – тарихи оқиға. Сол уақытта қаршадай қыздар мен жігіттер алаңға жиналып, одақ көлемінде Алматыдан басқа Баку, Тбилиси, Балтық елдерінде де орын алды. Осы әрекет КСРО-ның ыдырауына ықпал жасады. Желтоқсан ерлік пен елдіктің көтерілісі болды. 1986 жылы 16 желтоқсанда Дінмұхамед Қонаев 18 минутта орнынан алынып, оның орынына Колбиннің келуі жастардың алаңға шығуына түрткі болды. Жастардың алаңға шығуына байланысты «Қасқалдақ» атты ән де жарық көрді. Жастар Колбин өз еліне басшы болсын деп талап қойды. Алаңға шыққан жастарды нашақор, алкоголиктер деп жала жауып, ұрып-соғып алаңнан қууға тырысты. Енді осы 16-17 желтоқсанды қастерлі күн деп, сол кезде қазақ жастары алаңға шығып, Совет үкіметінің қылмысы деп қаһарлы қылмыстарынан қорықпай, басын бәйгеге тігіп, талаптарын қойды. Менің ендігі айтарым, желтоқсаншыларды тек екі күн ғана еске алып қоймай, жиі ұлықтап тұруларын сұраймын. Баршаңызды осы тәуелсіздік күнімен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық тілеймін», – деді «Желтоқсан Ақиқаты» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Болат Тоқтабайұлы.
Сонымен қатар конференцияда Қайрат Рысқұлбековтің інісі де сөз сөйледі.
«Бұл күн кешегі ата-бабаларымыз аңсап кеткен қастерлі күн. Қазіргі кезде тәуелсіздік ешкімге керек емес. Көпшілігі немқұрайлық танытып жүр. Бұдан біз өзімізге өкпелеуіміз керек. Біз бұл күнді өзіміздің балаларымызға, отбасымызға, жақындарымызға үйретіп отыруымыз қажет. Ғасырлар бойы тасынып келе жатқан орыс империясының толған ыдысы сияқты соған Колбинді әкеліп қоюы бір ғана тамшы сияқты болды. Сол тамшының таусылуына себепкер болдық. Оның ар жағын барлығымыз жақсы білеміз. Тас түскен жер ауыр дейді. Сендер тәуелсіздіктің қадірін түсінетін едіңдер қашан, қашан сендердің бауырларың менің бауырым сияқты құрбан болған кезде. 16 желтоқсанды тәуелсіздік күні, 17 желтоқсанды еске алу күні дедік. Дегенмен қазіргі уақытта тәуелсіздігімізді жетім қыздың тойындай атап өтеміз. Тіпті, кейбірі осы қастерлі күні алаңға келіп, ренжіп жүргендер өзінің талаптарын қоймақшы. Біз осындай оппозиционерлерге ескерту жасағанбыз. Келесіңдер ме тәуелсіздікті тойлауға келесіңдер, ал көтеріліс ұйымдастыруларыңа жол бермейміз. Менің бауырым қайтыс болғанда жаназасын шығартпай қойған, апарып, көме салған еді. Егер осы екі күні қарсылық білдіріп, тәуелсіздік күні титтей болсын, зиянын тигізетін сөз айтып, басқа талаппен келетін болса, аяқтарын сындырамыз. Біз бес жарым жыл Рысқұлбековтер әулетімен бүкіл қазақ халқы үшін ғана емес, туған-туыстарымыз да «халық жауы» деп араласпай қойған еді. Шығасыңдар ма бізбен бірге дұға қылыңдар, гүл шоқтарын қойыңдар. Ал қоятын талаптарыңды басқа күні қойыңдар», – деді Талғат Ноғайбайұлы.
Конференция соңында «Республикалық «Желтоқсан – 86- Тәуелсіздік қырандары» Халық қаһармандары қозғалысы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Гүлбахрам Есмұратқызы мемлекет басшысына, үкіметке, парламентке және қазақстандықтарға үндеу жолдады.
«Желтоқсан – 86 Қоғамдық бірлестігінің үндеуі
«02» желтоқсан 2019 ж. Шығыс тіркеу №0000001
Қазақ елі мемлекеті халқына
Ұлы Алаш ұрпағына
Қазақ Елі Мемлекеті/ҚР/ Президенті Қ.К.Тоқаевқа
Қазақ Елі Мемлекеті/ҚР/ Үкіметі Басына
Қа Қазақ Елі Мемлекеті/ҚР/ Парламенттеріне
Қазақ Елі Мемлекеті облыс, қала, аудан, ауыл
Әкімдеріне және Мәслихаттар Депутаттарына
Қадірменді қазақ елі халқы, ұлы алаш ұрпақтары!!!
Әрбір көтеріліс, соғыс артында – жеңісі иұрады! Жеңіс күні қашанда аталады! Мемлекетіміздің тәуелсіздігі күні еліміздің әрбір азаматы үшін маңызды күн. Алаштың жалынды үлкен-кіші ұрпақтары бастарын «бәйгеге» тігіп, КСРО бодандық құрсауынан шығуға ұмтылған қайсар ерліктері – бүгінгі Тәуелсіз Еліміздің жарқын істерімен жалғасын табуда. Бұл күн бостандық пен еркіндіктің бастауы болып табылатын күн. Біздер осы күнге жету үшін алмағайып өтпелі кезеңдердің барлық қиындықтарын жеңіп, әлемдік деңгейге көтерілдік, жер шарына қазақ болып танылдық. Қазақ елі халқының осындай ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздігіне ие болғанына биыл 33 жыл толғалы отыр.
КСРО кезінде еркін ойларыңызды айтпақ түгелі, еркін ана тілдеріңізде сөйлей алдыңыздар ма? Ең сорақысы үлкен қалаларда қазаққа пәтер, жер телімі түгелі, тіркелу деген өте қиямет еді. Өлдім – талдыммен үй берсе, қазақтарға бірінші, бесінші қабат. Маңызды жоғары оқу орындарына қазақтардың түсуі де қиямет-қайым еді... Көбіне қазақтар оқу орындары СельХоз, Агро, ЖенПИ, ҚазПИ, амалсыз өнер саласына шектеу қоя алмады КСРО...
1986 жылы желтоқсанда алаңға шығып, Кеңес билігі «диктаторлық» режіміне наразылық көрсеткен жастарды да қаһарлы империядан сескендірмеген күште – осы азаттыққа, бостандыққа деген Ұлы Алаш бабаларымыздың аманатты аңсауы екені сөзсіз. Иә, 1986 жылғы 16-17 желтоқсанда Брежнев алаңында қазақ халқының бейбіт шеруі қанды көтеріліске айналды. Бірақ бұған біздерде еш өкініш жоқ. Жеңіс құрбансыз болмайды. Ал шындығында Желтоқсан-86 көтерілісі – Қазақ елі азаттық таңын атырғаны хақ. Қазақ елі халқының – Желтоқсан-86 көтерілісінен кейін, КСРО елдерінің түкпір-түкпірінде сан түрлі «толқулар» болып, ақыры араға бес жыл салып Қызыл империяның күйрегені баршаға аян.
1986 жылғы 16-17-18 желтоқсаны Қазақ елі халқы үшін қасіретті де қасиетті күні – қазақ елі мемлекетінің /ҚР/ әрбір облыс, қала, аудан, ауылдары үшін 16-17-18 желтоқсан күндері болған бодандыққа қарсы жойқын бұлқыныс.
Сол бұлқынысты біздер Желтоқсан-86 көтерілісі ардагерлері өз еліміздің болашағы жарқын үшін, қақаған қара суықта, мұз құрсанып, арнайы жасақталған совет әскерлерінің қаһарынан да сескенбей-қорықпай кеудемізден жанымыз шыққанша төтеп бердік – біздерді ұлы бабалар рухы қолдады. Желтоқсан -86 көтерілісі ұлттық рухтың қуатын, елдік пен ерліктің мұратын танытқан көтеріліс болды. Сондықтан бұл күндер қазақ халқы үшін, бүгінгі қоғам үшін – өте қасиетті күн.
Ескертпе: Иә, біздер естіп жатырмыз, кейбір «қоғам-сымақтардың» осы күндерге митинг ұйымдастырып, Желтоқсан-86 көтерілісін аяқасты етіп, ьаптамаққа талпынып жүргендерін... Осындай күнде оны қаралауға сол Тәуелсіздік үшін күрескен батырларымыздың рухтарын таптауға ұмтылушы қоғамға қарсы «қара ниетті» адам-сымақтардың сол күнді ойрандауына – біз Желтоқсан-86 көтерілісі күрескерлері жол бермейміз. Бүлікті доғарыңыздар бүлікшілер.
Талап: Жоғарғы және Орындаушы құзырлы биліктерге арнайы ұсыныс-талап: Қандайбір Қоғамдық бірлестіктердің еліміздің еске алу немесе мерекелік күндерінде қандайбір наразылық акция-митингілер ұйымдастырып өткізуге тиым салынсын! Осыған орай Қаулы қабылдауларыңызды ұсына-талап етеміз! Жыл көлемінде 365 күннің мерекесіз күндерінде арнайы мұқтаждықтарға қатысты акция-митинг-шеру-наразылықтарға, халықтың жан-айқайын тыңдауға әрбір айдың белгі күндерінде заңды мүмкіндік беріп, өткізу орындарын белгілеп беріңіздер!
Әрбір ұлт, әрбір халық үшін – тәуелсіздіктен артық қасиетті де қымбат ештеңе жоқ. Ләйім осындай биіктерден көріне беруге жазсын. Қазақ елі мемлекеті тәуелсіздігі тұғырлы болсын! Республикалық «Желтоқсан-86 – Тәуелсіздік Қырандары» Халық Қаһармандары қозғалысы,
Алматы қаласы «Желтоқсан Жалауа» Қоғамдық бірлестігі
Алматы қаласы «Желтоқсан Жұлдыздары Қоғамдық Бірлестігі
Алматы қаласы «Қайсар Жүрек» Қоғамдық Қоры»
Естеріңізге сала кетсек, биыл Желтоқсан оқиғасына - 33 жыл, ал Тәуелсіздігімізге - 28 жыл.