Балаға қол көтеру тәрбиелеудің жолы ма?

Тәрбие таяқпен келе ме?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Бүгінде ғаламторды ашып қалсаңыз шәкіртіне қол көтеріп, сол үшін істі болған ұстаздар жайлы жазбалардан көз сүрінеді. Оқушыны таяқтаған ұстаз, мұғалімін соққыға жыққан бала-қалыптыдан қауіпті құбылысқа айналғандай.Бірде баласын қорғаштаған ата-ана білім ордасына келіп шу шығарып, сотқа жүгінсе, енді бірде ұл-қызына қол көтерген мұғалімді таяқтың астына алатын оқиғалар әрдайым ақпарат айдынынан қылаң береді. 

Мұндай жаңалықтар «жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай» қаптаған соң ба селт етпейтін болдық. Жиі қайталанатындықтан етіміз әбден үйреніп, үйреншікті нәрсе ретінде қараймыз. Ал мұндай келеңсіздікке кім кінәлі? Ұстамсыз болып бара жатқан ұстаздар ма, жоқ әлде оспадар мінезге бой алдырған оқушылар ма? Біз осы сұрақтың жауабын барынша іздеуге тырыстық.

- Меніңше, мұндай жағдайға екі тарапта жауапты. Қазіргі балалардың психологиясы өзгеше. Бұрынғы балалармен салыстыруға келмейді. Неше жыл еңбек өтілі бар ұстаз ретінде байқағаным, бүгінгі жасөспірімдерде агрессиялық мінез-құлық басым. Бұған бәлкім жаңа технологиялардың ықпалы бар шығар. Алайда солай екен деп бұл ұстаздардың оқушыны төмпештеуіне себеп болмауы керек. Білікті, білімді педагог алдындағы шәкіртін таяқпен емес өзінің ақылымен бағындыра білуі қажет. Ешкімді ұрып-соғып сыйлата алмайсың. Сондай әрекетке барар болсаң баланың саған деген құрметі емес, керісінше өшпенділігі артады. Ұстаз әрбір оқушының жанын терең түсініп, тіл табыса алса, екеуінің арасында ешқандай араздық болмас еді деп ойлаймын. Келер жылы «Педагог мәртебесі туралы» Заң жобасы қабылданбақ. Осы құжатқа жоғарыда сөз еткен мәселені де енгізсе жөн болар еді, - дейді ардагер ұстаз Сейіткүл Мәдібекова. 

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің оқытушысы Дархан Байдалиевтің де пікірі осыған саяды. Оның сөзінше, қазіргі қоғамда мұғалімдердің мәртебесінің жоқтығы да осындай жайттардың орын алуына себеп болуда. Бұл туралы ол: «Балаға қол көтерген мұғалiм ол нағыз ұстаз емес. Мейлi балабақша тәрбиешiсi, мейлi мектеп мұғалiмi болсын баланы тәрбиелеуде гуманизмге арқа сүйегенi дұрыс. «Абай өзгермейтiн адам болмайды», - деп бекер айтпаған. Баланы өзгерту үшiн тағылымды тәрбие мен мейiрiм керек. Кез келген мәселенiң екi жағы болады. Әрине баланы жөнсiз кемсiтiп, ұру өзге балалардың алдында қадiр-қасиетiн кетiрiп, психологиялық жағынан стресске душар етіп, баланың бойында оқшаулану, агрессивтiлiк белгiлердi қалыптастырады. Қазақта: «бала- бауыр етiң», деген сөз бар. Бұл тұрғыдан ата - ананың заң жүзінде шағымдануы қисынды. Жасыратыны жоқ қазіргі мұғалімдердің мәртебесі де өз дәрежесінде емес. Мұндай жағдайлардың орын алуына осының да әсері болуы мүмкін», - дейді. 
Алайда Мойынқұм ауданы М.Әуезов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бүбіш Баянбаева болса, балаларды тәртіпке шақыру үшін, арасында күш қолданудың еш сөкеттігі жоқ деген пікірде.

- Мен 35 жылдан астам уақыт педагогтік қызмет атқарып келемін. Осы кезге дейін сан түрлі баламен жұмыс жасадым. Алдымдағы әрбір бала бір-бір үйдің еркесі, көз қуанышы. Кейбіреуі сол еркеліктерін мектепте де жасағысы келеді. Итіне кет, баласына тәйт демейтін қазақ жоқ. Сол себепті оларға тиым салмай болмайды. Менің өзім әлі күнге дейін тәртіпке көнбей жатқан балаға сес көрсететінім жасырын емес. Соны көрген басқа бала сыныптасының әрекетін қайталамауға тырысады. Сондықтан да бабаларымыз «Баланы жастан, әйелді бастан» деп аталы сөз қалдырған, - дейді ұлағатты ұстаз.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің», - деген халқымыз. Баланың тұлға болып қалыптасуына ата-ананың да ықпалы ерекше екені белгілі. Әрине, ешбір әке-шеше өз ұл-қызының теперіш көргенін қаламайды. Алайда, бала мен ұстаздың арасына дәнекер болатын ол ата-ана екені даусыз. Себебі, әке мен шешенің тәрбиесін ешбір мектеп бере алмайды. Мұғалім мен шәкірттің арасында кикілжің туындаған кезде ата-ананың рөлі қандай болуы керек? Біз осы сауалға да жауап іздедік. Үш баланың анасы Кенжегүл Қарамырзаева бұл туралы: «Әркімнің ұл-қызы өзіне қымбат, өзіне қадірлі. Дегенмен, ұстаздың баланы керек жерде күшпен үйреткені де дұрыс. Әлбетте, бұл олардың жеткіншектерге зәбір көрсетсін дегенін білдірмейді. Менің өзімде оқушы болдым. Мен ғана емес, сол кездегі менің замандастарымның барлығы дерлік ұстаздың таяғынан қорқып өсті. Содан ешбіреуі жаман болған жоқ. Бүгінде менің екі балам мектепте оқиды. Солар үйге жылап келсе, алдымен мән-жайды түсініп, содан соң барып, жетекшісімен жеке сөйлесемін, - дейді.

Біздің осыншама пікірлерден түйгеніміз, ұстаз бен шәкірттің арасында түсіністік пен сыйластық деген асыл ұғымдар «алтын көпір» болса, мұндай жайттар ешқашан қайталанбайды. Әл-Фарабише «тәрбиесіз берілген білім-адамзаттың қас жауы» дегенімізбен, ұрпақты тәрбиелеу тек таяқпен өлшенбейтінін барша ұстаздар жете түсінгені абзал. Ата-ана да әлпештеген ұл-қызын жетектеп мектепке апарып, мұғалімге табыстарда бұрынғының: «Еті сенікі,сүйегі менікі», - деген тәмсілін бір сәт еске алса, нұр үстіне нұр болар еді.

Құрбанәлі Аманкелдіұлы.