Саясат
"Боран-1986" операциясы жайында
Желтоқсан оқиғасы әр қазақтың жадында мәңгі сақталмақ. Әділдік талап етіп, өз еліне өз ұлтынан басшы тағайындалсын деп алаңға шыққан жастарды қан қасапқа салған Мәскеудің қылмысы ешқашан ақталмақ емес. Ақталмайды да.
Қазақ жастарын қырғынға ұшыратып, аяусыз соққыға жығып, ақ қар, көк мұзға жатқызып, зорлық-зомбылық көрсеткен жендеттер арнайы жоспарланған "Боран-1986" әскери операциясы бойынша әрекет еткен болатын.
Горбачев билікке келе сала, "Қайта құру" атты жаңа экономикалық жоспарды алға қойды. Оның бұл жоспарына қарсы болуы мүмкін және саяси сенімсіз деп танылған басшыларды орнынан алу мәселесі жабық түрде аз топ арасында талқыланған болатын. Сол мақсатта 1986 жылдан бастап Қонаевқа саяси қысымдар жасалды. Ал 11 желтоқсанда Саясибюро Қонаевтың орнына Ульяновтың хатшысы Колбинді ұсынды. 16-желтоқсанда 18 минутқа созылған Пленумда Д.Қонаевты орнынан алып, орнына Г.В.Колбинді қойды.
17-желтоқсанда алаңға қазақ жастары таңертең ерте жинала бастады. Бұл бойынша сағат 07:30-да КГБ-ға алаңға наразы топ жиналып жатқандығы жайлы хабар келіп түскен. Артынша әр жарты сағат сайын Мәскеуге тың ақпараттар беріліп отырған. Сағат 09:30-10:15 аралығында алаң қоршауға алынған. Артынша КСРО-ның әр аймағынан арнайы әскери күштер алынып, наразы жастарды басуға кіріскен. Бұл "Боран-1986" арнайы жоспарының негізінде жүзеге асырылды. Алаңға мұздай қаруланған әскери күштер, күрекпен қаруланған әскери оқу орнының студенттері мен полиция, өрт сөндіру қызметтері жедел түрде жеткізілген. Сонымен бірге арнайы 15 БТР әскери техникасы қалаға кіргізілген.
1985 жылы КСРО-ның ІІМ "Қоғамдық тәртіпті бұзудың алдын алу бойынша ескерту және тоқтату бағытындағы" жоспар жасап, 19-желтоқсанда оны іске қосты. Осы жоспар негізінде Қазақстанда "Қазақ ССР-інің ІІМ-нің наразы топты тарату бойынша арнайы "Боран-1986" жоспары жасалынды.Жоспар бойынша наразы топты дереу арада құрықтау, кез келген бас көтеруді аяусыз басу мен жаныштау, билікке қарсы элементтерді жою іске асырылуға тиіс болатын. Осы жоспар негізінде Мәскеу алаңдағы жастарды аяусыз қырды. Тек ресми дерек бойынша 8,5 мың адам тұтқындалып, 1700 адам ми шайқалу ауыр жарақатын алған. Прокуратурада 5324, ал КГБ-д 850 адам сұраққа алынған. 900 адам әкімшілік жазаға тартылған. 319 адам жұмыстан, 309 студент оқудан шығарылған. 103 адам сотталып, екеуі өлім жазасына кесілген. 4 адам қаза тапқан. "Желтоқсан оқиғасынан" кейін қазақ ұлтшылдығымен күрес атты науқан басталып, КСРО-ның құлауымен аяқталды.