Weekend
Туризм
Бұл ескерткіштің республикалық маңызы зор. Бүгінгі таңда ғимаратты салған авторлар мен тұрғызған құрылысшылар туралы мәлімет мүлдем кездеспейді.
Төртбұрышты кесененің кіре-беріс беті оңтүстік-батысқа қарайды. Кесене - бір бөлмелі. Мәдени орынның жоғарғы бөлігінде кішігірім күмбез орналасқан. Бұл ескерткіштің ерекшелігі - композициясында.
Ғимараттың іргетасы лайдан құйылған, ол аса терең емес. Ал қабырғалары кірпіштен тұрғызылған. Кірпіштің күйген кірпіш екені белгілі болды. Сонымен қатар қабырғалары сыланбаған. Күмбездің құрылымы дөңгелекше келген. Ол биіктеу орнатылған.
Кесененің жалпы көлемі: 7,0 х 6,50 м., биіктігі 9,30 м. Ал ғимараттың ортасындағы ішкі залдың көлемі - 3х3м.
Бұл кесене Қожа Ахмет Йассауидың анасын жерлеген жерінде тұрғызылған деген аңыз халықтың арасында кең тарап кеткен. Кесененің толық тарихы жайында нақты деректер жоқтың қасы.
ОҚО әкімдігінің «Тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану» жөніндегі орталығы 2006 жылы аталмыш кесенеге зерттеу жүргізді. Көп уақыт өтпей-ақ 2008 жылы ғимаратта қайтадан зерттеу шаралары өтті.
Бұл кесенеге ХХ ғасырда жергілікті халықтың қолдауымен жөндеу жұмыстары жүргізілген. Атап айтқанда, ғимарат құммен қайта сыланып, аздап жұмыстар болып өткен.
Аталмыш ескерткіш бастапқы қалпын сақтағанымен, уақыт өткен сайын ескіруде. Бұл кесененің еліміз үшін қоғамдық, ғылыми-тарихи және көркемдік маңызы бар.
Ескерткіш туралы архив деректері мен әртүрлі материалдар ҚР БҒМ Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтында сақтаулы.
Еске сала кетейік, аталмыш мәдениет орны 1982 жылдың 26-қаңтарында қорғауға алынды.