Weekend
Мәдениет
Шымкент – мәдени шаһар. Шымқала шығыс пен батыс мәдениетінің қосылған тұсы. Мұнда көпэтносты ұлттар өмір сүріп жатқандықтан, полиэтникалық мәдени нысандардың да бой көтеруіне негіз болып отыр. Соның арқасында татулық пен достықтың нышанына айналуда.
Шырайлы Шымкентте қазір қазақ, славян, неміс, еврей, кәріс, қырғыз, өзбек, қарақалпақ, әзербайжан, татар, башқұрт, тағы басқа, барлығы 20 ұлттық мәдени орталық жұмыс істеуде. Олардың белсене қатысуы және қолдауымен ұлттық саясат және тұрғындардың бос уақытын ұтымды ұйымдастыру мәселелері оң шешімін тауып келеді.
2002 жылы Шымкентте «Ардагерлер аллеясы» қайта жөндеуден өтті. Қалада сегіз саябақ пен сквер жұмыс бар. Олардың үшеуінің негізі XIX ғасырдың ортасы мен XX ғасырдың басында қаланған.
Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония жемісті жұмыс істеуде. «Түркістан» мәдениет сарайының, Қазақстан халқы Асамблеясының ғимараты, Жастар ресурстық сарайының залдары ешқашан да бос болмайды. «Мега-Шымкенттегі» кинотеатрда қазіргі заманның фильмдерін тамашалауға болады. Қаңлы мемлекеті дәуірінің бірегей жәдігерлері облыстық өлкетану мұражайында қойылған. Қалада «Отырар» ғылыми-әмбебап, жасөспірімдер кітапханасы жұмыс істейді. Шымкент қаласына орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесіне қарасты Абай атындағы кітапхананың 23 кітапхана бөлімшесі, Аркадий Гайдар атындағы қалалық балалар кітапханасының он кітапхана бөлімшесі бар.
Шымкент қаласында 2013 жылы ашылған алып «Отырар» кітапханасы бар. Мұндағы кітап қоры 400 мыңға жетеді. Ашылғанда 340 мыңдай кітап болған.
Шымкентте Жұмат Шанин атындағы қазақ академиялық драма театры, орыс және өзбек драма театрлары, опера және балет театры, сатира және әзіл-сықақ театры, қуыршақ және жасөспірімдер театры орналасқан.