Hi-Tech
Эрик Шмидт неден қорқып отыр?
Әлемдегі биполярлық жүйе мен суық соғыс салқыны өткеннің еншісінде қалды. Алайда тарих толқыны ауысқан сайын бейбітшіліктің мәңгі сақталып тұра бермейтіні анық. Соның бірі қазіргі интернет арқылы жүріп жатқан соғыс. Алдағы 10-15 жыл ішінде дүниежүзілік интернет екі жаққа бөлініп кетуі мүмкін: оларды «демократиялы» және «тоталитарлы» деп атауға әбден болады.
Аталған қауіп туралы Google компаниясының бұрынғы атқарушы директоры Эрик Шмидт мәлімдеп отыр. Бір қалыпты жүйе бойынша жұмыс жасауға бағытталған, баршаға ортақ интернет мәселесін жақын арада АҚШ пен Қытай теңдей бөліп алатын болады. Қытайдың IT компаниялары қарқынды дамып, белсенді түрде нарықты жаулап алды. Бұл жаулау әліптің бергі беті ғана. Ең қорқыныштысы, Қытай нарықты жаулап қана қоймайды, өз заңын енгізетін күнге жетеді.
«Меніңше, бірнеше жыл ішінде интернеттің жіктелуінен бұрын екіге бөліну қауіпі басым. Оны бөлетін екі ел: АҚШ пен Қытай. Мен Қытайда болдым, олардың ішкі өнімінің негізгі көрсеткіші осы интернет арқылы келіп отыр. Бұл жағдай АҚШ-та да осылай. Екі елдің экономикалық бәсекелестігі үлкен сандарға байланып отыр».
Сонымен болашақта әлемнің бір бөлігі қытайдың цензуралы интернетін пайдаланса, бір бөлігі бүгінгі күнделікті пайдаланып жүрген желіні пайдаланатын болады. «Еркін интернет алаңын» жасаудың өзі бара-бара қиындайды. Қазірдің өзінде авторлық құқық мәселесіндегі заңдардың құбылу, қатаңдығы осыған алып келеді.