Саясат
Заңсыз акция
Кеше, Тәуелсіздік күні Алматы мен елордада өткен санкцияланбаған бейбіт шеруде ондаған азамат ұсталған еді. Қазақстан ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, «бас прокуратураның ескертуіне қарамастан, кейбір азаматтар арандатушылыққа ұшырап, заңсыз акцияларға қатысқан».
Ведомствоның ресми мәлімдемесінде елордада «ондаған азамат Республика даңғылы мен Абай көшесінің қиылысында жиналып, рұқсат етілмеген митинг өткізді. Алматы қаласында осыған ұқсас рұқсат етілмеген митинг Қазақстан Тәуелсіздігі монументінің жанында өтті. Осылайша, олар мереке күні азаматтардың тыныштығы мен демалысын бұзды» делінген.
Қатысушылар «билік органдарының заңсыз әрекеттерді тоқтату туралы талаптарын орындамағандықтан», ел астанасында 32 адам, Алматы қаласында 23 адам полицияға жеткізілген. Десе де оқиға орнында болған өзге ақпарат құралдары мен азаматтық ұйымдардың, белсенділердің сөзінше, бір Алматының өзінде «кемінде 40-50 шақты» адамды автозакпен алып кеткен.
Министрлік мәлімдемесінде ұсталғандарға қатысты қандай шара көріліп жатқаны нақты ашып айтылмаған.
Тәуелсіздік күні қарсаңында әлеуметтік желілерде елдің әр аймағындағы белсенділер еш негізсіз ұсталып, бостандығы шектелгені хабарланды. Qaharman құқық қорғау бастамасы таратқан дерек бойынша, 16 желтоқсанға дейін 13 қала-елді мекенде 53 саяси аңду оқиғасы анықталған. Оның 23-і 5-15 күн аралығындағы әкімшілік қамау және 3-еуі әкімшілік айыппұл салу дерегімен тіркелді.
Бұған дейін Қазақстан соты тыйым салған «Қазақстанның демократиялық партиясы» әлеуметтік желілерде азаматтарды 16 желтоқсан ірі мегаполистер мен облыс орталықтарының негізгі алаңына жалпыұлттық шеруге шақырған еді. 1986 жылы және 2011 жылы болған қайғылы оқиға күні елдегі «Оян, Қазақстан», «Қазақстанның демократиялық партиясы» және «Халық құрылтайы» азаматтық-саяси қозғалыстары да алаңға тағзым етуге шығатынын хабарлаған болатын.
Әдетте, Қазақстан билігі рұқсат етілмеген митинг-шерулерге қатысушыларды жаппай ұстап, оларды «заң шеңберінде» әртүрлі жауапкершілікке тартады.