Саясат
«Конституцияны өзгертіп, билігін ұзартқаны үшін...»
Исламабадтың арнайы сот алқасы экс-президент Первез Мушаррафқа «мемлекетке опасыздық» деген айыппен өлім жазасы үкім шығарды. Қазіргі таңда Первез Мушарраф БАӘ-нің ең ірі қаласының бірі Дубайда тұрады.
BBC тәуелсіз мультимедиалық ақпарат сайтының дерегінше , 2013 жылы қозғалған қылмыстық іс соңына жетіп, сот алқасындағы үш судьяның екеуі өлім жазасын құптаған.
Генерал Первез Мушарраф 1999 жылы әскери төңкеріспен билікке келген. 2001-2008-жылдар 2001-2008 ж.ж. аралығында президенттік қызметте болды.
Бұрынғы мемлекет басшысына елден шығуға шектеу қойылғанымен, 2016 жылы бұл тыйым алынып тасталған. 76 жасында әскери президент денсаулық жағдайына байланысты «емделу мақсатымен» Дубайға барып, сонда қалып қойған. Мушарраф 2007 жылы Конституция өкілеттілігін тоқтатып, өзгеше басқару жүйесін енгізіп, өз билігін ұзартуға тырысқан деген күдікпен айыпталды.
Ол сот шешіміне қарсы апелляциялық шағым түсіруі мүмкін. Елдің бұрынғы басшысы таяуда ғана ауруханада жатқан жерінен жасаған видео-мәлімдемесінде өзінің үстінен қозғалған істі негізсіз екенін айтқан болатын. Мушарраф Конституцияны бұзды деген күдікке ілінген тұңғыш президент.
1999 жылы генерал Мушаррафтың ығыстыруымен биліктен кеткен Наваз Шариф 2013 жылы Пәкістанның премьер-министрі болып қайта келген. Жаңа үкімет басшысы қызметіне кіріскен бойда экс-президенттің үстінен «мемлекетке опасыздық» жасады деген ауыр айыппен іс қозғады. Іс сотқа жетіп, қарала бастаған кез – 2014 жыл. Генерал Мушарраф мұның саяси астары барын айтып, «Конституцияны өзгертуді үкіметтің министрлер кабинеті жүзеге асырды» деп мәлімдеген. Дегенмен жоғары сот бұл аргументті елемей, оған ата заңды өрескел бұзған деген айып тақты.
Пәкістанда Конституцияға коррекция жасаушыларға өлім жазасы көзделген. Экс-президент сотқа келуден бас тартқан болатын. Ел тарихында әскери жетекшілерден президент болған тұлғалар көп болған. Ал Мушурраф опасыздық бойынша айыпталған бірінші басшы ретінде аты «қаралы тізімде» көш бастап тұр.
Отставкаға кеткен соң елді тастап шыққан экс-президент 2013 жылы сайлауға қатысуға келді. Бірақ сот оның кандидатурасын тіркемеген. Қылмыстық іс қозғалғалы бері ол екі мәрте ғана сотқа қатысқан. 2014 жылы шетелге қашып шыққан экс-президент қайта ат ізін салмаған.