Саясат

Трампқа импичмент жарияланды. Енді ол орнынан кете ме?

Дональд Трамп АҚШ тарихында импичмент жарияланған үшінші президент атанып отыр

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

АҚШ-тың саяси мінберінде көптен бері талқыланып жатқан импичмент процесінің орта жолғы нәтижесі белгілі болды. Бүгін өкілдер палатасында соңғы талқылау барысы өтіп, импичмент мәселесіне қатысты дауыс берілді. Өкілдер палатасының 230 мүшесі (229 демократ және 1 тәуелсіз) импичментті қолдап дауыс берсе, 197 өкілі (195 республикалық және 2 демократ) қарсы шықты. Ал тағы 1 демократ пен 2 республикалық дауыс нейтралды позиция ұстанды.

Айта кетсек, АҚШ-та екі негізгі саяси партия бар. Бірі - демократтар, екіншісі - республикалықтар. Дональд Трамп республикалық партия өкілі болғандықтан, демократтар оны қызметтен алуға мүдделі. АҚШ Конгресіндегі Өкілдер палатасында демократтар саны айтарлықтай көп болғандықтан, Дональд Трапмқа қарсы импичмент хаттары қабылданып отыр.

The Washington Post басылымының жазуынша, АҚШ Конституциясы бойынша Трамп президенттік постта қала береді. Оның уақытынан ерте кетуі немесе қалуын ендігәрі Сенат шешпек. Импичмент заңына орай, Өкілдер палатасы өз міндетін атқарып бітті. Енді импичмент мәселесі Сенатта талқыға түсіп, соңынан дауыс беріледі. Егер Сенат өкілдерінің үштен екі бөлігі импичментті қолдаса, Трамп орнынан кетіп, қазіргі вице-президент Майк Пенс президенттік постқа келеді. Ал импичментті қолдайтын сенаторлар саны аздық етсе, Трамп қызметін белгіленген мерзімге дейін атқарады.

Айта кетсек, АҚШ президенті Дональд Трампқа «өз мансабын асыра пайдаланды» және «Конгресс ісіне кедергі келтірді» деген айыптаулар тағылған. Ол осы жылдың маусым айында Украина президенті Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлескен кезінде өзінің саяси оппоненті демократ Джо Байденнің ұлы Хантер Байденнің Украинадағы бизнесіне қатысты тергеу амалдарын жасауды сұраған болатын.

The New York Times басылымының жазуынша, Трамп Конгресс мақұлдаған Украина АҚШ тарапынан жіберілетін қаржылау қолдауды әдейі уақытша тоқтатып, өз мүддесіне асыруға тырысқанын жазады. Ал Конгресстегі демократтар Дональ Трамптың телефон арқылы сөйлескен диалогына қатысты өз тергеуін бастап, импичмент процесіне Трамп төңірегіндегі саяси қызметкерлері куәгер ретінде шақырады. Тіпті, Трамп та Конгресс алдына шақырылады. Бірақ АҚШ президенті өз барып та қоймай, қасындағы лауазымды тұлғаларды да Конгресске барып, куәгер ретінде сұрақтарға жауап беруін шектейді. Оның осы әрекеті екінші импичмент хатын жариялауға түрткі болды.

Трамп осылай импичмент жарияланған АҚШ тарихындағы үшінші президент атанып отыр.

Айта кетсек, АҚШ Конституциясында импичмент сотын жүргізудің нақты бағдарламасы жоқ. Оған куәгерлерді шақыру не шақырмау Сенаттың құзырына беріледі. Сот барысының уақыт шектеуі де нақты бекітілмеген. Трамп импичменті бойынша Сенат өз әрекетін қаңтар айында бастайды.

Сенаттағы республикалықтар жетекшісі Митч Макконнелл куәгерлерді шақырмайтынын бүгін айтып үлгерді. Оған демократ сенаторлар қарсы шығып, Трамп қасындағы шенеуніктерді Сенатқа куәгер ретінде шақыруды талап етуді доғармайтынын айтып отыр.

 Өкілдер палатасындағы республикалықтардың барлығы импичментке қарсы болғанын ескерсек, Сенаттағы демократтар Трампты орнынан алуға мүмкіндігі аздау. Себебі АҚШ Конгресіндегі 100 сенатордың 53-і республикалық партия өкілдері. Ал демократтар Трампты орнына алу үшін кем дегенді осы 53 республикалық сенатордың 20-сын импичментті қолдауға көндірулері тиіс.