Авторлық ертегі

Аңшы мен қарлығаш (ертегі)

Авторлық ертегі

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Есте жоқ ерте заманда бір кедей аңшы болыпты. Ол орта жасқа келсе де сүйген жарынан бірде бір нәресте көре алмай жүріпті. Дегенмен ол бес уақыт намазын қаза жібермей оқитын тақуа, сондай-ақ өзі сияқты орта тұрмыстағы кедей-кепшік, жоқ-жітіктерге тапқан табысының жартысын беріп көптен көмек қолын созып жүретін жомарт жан иесі болған екен.

Күндердің бір күні ол аң қарап келе жатса, жол жиегінде қанаты сынып, қарыны ашып, далпылдап ұша алмай әлсіреп жатқан қызыл тамақ қарлығашты көріп, дереу оны үйіне әкеледі. Үйдегі жары да оған мейрімі түсіп, сынған қанатын дәрілеп, таңып, оны-мұнысын беріп үш ай бойы бағады. Қарлығашта бұрынғыдай емес, бұл шаңыраққа үйірлесіп, сынған қанаты қатайып қалпына келе бастйды.

Бір күні үйіне олжасыз шаршап оралған аңшы, қарлығаштың үй ішінде бой жазып, ақырын ұшып жүрген бейнесіне қарап сәлде болса қуанып езу тартқандай болды. Содан дастарқан үсті аңшы әйеліне әлде бір әңгіменің басын қозғап кеп жіберді:

- Ия, сүйікті жарым, құдай қосқан қосағым! біздің бекзада арманымыз қашан орындалар екен? мынау сүйкімді қарлығаштай бір балапаным болса арманым не?

- Е, алатаудай азаматым-ай! мұқалмағын. «Сабыр түбі-сары алтын» деген бар. Бұйырса бір жөні болар. Бізге де бір шарана бітер. Тек оған сабырлық пен мінәжат, көпшіліктің ақ тілеуі жеткізері хақ.

Ақ дастарқан басында ағынан ақтарылып, сыр шертісіп отырған қос мұңлықты кенет қарлығаштың қоңыр үні селт еткізді. Сонда ғайыптан тіл бітіпті қарлығашқа:

- Әй, менің құтқарушы қормалдарым, мен сендерге шексіз ризамын, ендігі жарық өмірім бір сендерге қызмет етумен болсын. Армандарыңның орындалу жолында өзімнің күш-жігер, барымды саламын. Бірақ маған біраз уақыт беріңіздер деп өтінеді. Таңғалып қалған аңшы мен әйелінің жүректері қуанғаннан атша тулайды. Ақыры қарлығаш сұранып ұзақ сапарға аттанып кетеді.

Қарлығаш кеткен уақытта аңшы мен әйел тағы да құлазып қалады. Аңшы бұрынғыдай өз кәсібімен шұғылданып, тапқан таянғанын басқалармен бөліседі. Ал әйел үй тірлігімен айналысып, қарлығашты сағынған мезгілдерінде оның әдемі қызыл тамағын, ақ мамық бауырын, қанаттарының ұшындағы қара жолақтарын, сүйкімді сүйір тұмсығын, нәзік аяқтарын, ең әдемі мөп-мөлдір көздерін бәр-бәрін кестеге тігіп образын суретпен бейнелеп отыратын. Оны сарыла күтеді, аңсайды.

Күн артынан күн, ай артынан ай өтіп, жыл аунаған шырайлы бір көктем шуағында, дәл түскі ас мезгілінде аңшы мен әйелі тамақтанып отырғанда, шаңырақтан бір қарлығаш ұшып келіп жандарына қонады. Міне, ғажап, сол баяғыдағы қанаты сынған қарлығаштың дәл өзі, ол қайтып келді. Қуаныштары қойнына сыймай қуанған екеуінің жанарларынан еріксіз жас парлай жөнелді. Бұл сағыныш жасы еді. айтарға болмаса, қарлығаштыңда жанарына мөлдір жас тамшылар іркіліп тұрған-ды. Қарлығаш қанаттарымен екеуін бір-бір сипап шықты да, әйелдің кесесіне аузындағы бір тал дәнді салып жіберді.

Содан қарлығаш былай деді:

- Ия, бұл қасиетті өнім, өте ұзақ жердегі киелі шоқының заңғар басынан алынды. Бұйырса осы нәрсе Сізге бір көмегін сыйлайды, - деп тағы да тіл қатады. 

Аңшы мен жары мына тосын жайға әлі де таң-тамаша болады. Әйел әлгі бір тал дәнді тамсана жұтып алады.

Күн артынан күн зулап жатады. Қарлығаш әркез аңшымен бірге аңға шығады да, аңдардың қайда екенін кезіп жүріп байқағанын деру аңшыға жеткізеді әрі  сол бағытқа жол бастап барады. Сөйтіп аңшының үнемі қанжығасы майланып, атағы алты алашқа машқұр бола бастайды. Көп ұзамай әйелдің де аяғы ауыр болып, ақыры жарық дүниеге балпанақтай бір ұл баланы әкеледі. Сол күнгі аңшы мен әйелдің қуаныштарын тілмен айтып жеткізу қиынның қиыны. Олардың төбелері көкке жеткендей қуанады. Ел-жұртын шақырып, баласына отыз күн ойын, қырық күн тойын жасайды. Сол тойда қарлығаштың да басынан өткен хикаялары мен ерлігі, еңбегі, адалдығы, тіпті, сұлулығы да сөзге тиек етіліп, тәмәм жұртқа паш болады. Содан бастап қарлығашты адамзат баласы қатты жақсы көре бастапты. Ол әрбір үйдің шаңырағына кеп қонақтаса, сол отбасына тыныштық пен бақыт ұялайды екен.