Авторлық ертегі
Авторлық ертегі
Бір күні қоян кішкентай көжегін ертіп орманға серуенге шығыпты. Жасыл манатқа оранған жазғы орманның салқын ауасымен сайрандап келе жатқан кішкентай көжек бәріне таңғалып оны-мұны сұрай береді:
- Шеше, жасыл желекке оранған орман қандай көрікті десеңізші. Әрі бұл жер сап-салқын екен "Ә".
- Ия, кішкентай тентегім! Бұл жердің ауасы тап-таза, орманның қақ ортасында әдемі бір қайнап шығып жатқан мөп-мөлдір тасбұлақта бар. Әуел десең сәлден соң тілді үйіретін тәтті жеміс-жидек, сәбіз, көгеністерді де көресің. Аналық қоян мейрімді жүзбен қарқылдай күлді.
- Пах, шіркін, қиял-ғажайып өлкесі ғой бұл!
- Шаршадың ба, Жан балам?
- Жо, жоқ! Керісінше көңілім көтеріліп бір сергіп қалдым. Анашым, мынау орманның сәніне сән қосып, тамаша ән салып тұрған қайсы?
- Е, бұл-бұлбұл деген әнші құс. Көмейінен бал тамады. Шынымен-ақ жағымды дауыс.
- Мәссаған, таңғажайып, керемет! (кішкентай көжек таңданысын жасыра алмайды)
- Иә, дегенмен өмірдің ақ пен қарасы, биік пен аласасы, жақсы мен жаманы қатар жүретіні сияқты, бұл орманның да өзіндік артықшылығы мен кемшілігі бар.
- Мама, сонда не демексіз?
- Е, балам! Бұл орманда неше түрлі аң, неше түрлі құстар тіршілік етеді. Біреуі бізге дос, ал біреуі бізге қас. Мұны естіген кішкентай көжек қос құлағын жымырып, анасының бауырына тығыла берді.
- Ой, балам! Қорықпа! Орманның алаңқысы бар бір жеріне барып сәл тынығып алайық.
- Мақұл анашым!
Екеуі орман ортасына таяған тұсында, кенет кәрі ағаштың салбыраған бұтағында жасырынып тұрған теңбіл қабылан қанды тырнағын ала жүгірді. Қаннен-қаперсіз келе жатқан ақ көжек пен аналық қоян бір шыңғырды да, арттарына бұрылып тымтырақай қаша жөнелді. Қаншы қашсада жауыздың қанды шеңгелінен құтылмасын білген аналық қоян көжегіне тапсырма беріп үлгірді.
- Ия, балам! Сен анау қопалы үңгірге қарай барып жасырын, мен оны соңымнан ертіп көз жаздырып кетейін.
- Анашым, - деді еріндері дірілдеп, көзінен ыстық жасы домалаған кішкентай көжек.
- Кет, енді бол! Қош бол! Жан балам!
Соңғы қимастық сезімдер үрейлі өкінішпен ұласып бара жатты. Арсылдап қуып келе жатқан теңбілді тентекте ентелеп аналық қоянмен құйрық тістесіп жетіп қалғаны шын....
Ал әлгі кішкентай ақ көжек өзі сиярдай бір үңгірдегі өрмекшінің торын үзді де кіріп кетті. Түсі қашып, ентіге жылап, үңгір түбіне бұға қалған сүйкімді ақ көжекті көріп, жаны ашыған өрмекші оның жанына келе қалды. Торымды үзіп, үйіме баса көктеп кірдің деп айтудан ұялды. Қайта өрмекші оның жайын сұрай бастады.
- Ал, балақай көжек, кімнен жәбір көріп қашып жүрсің?
Сонда көжек:
- Өне-бойы теңбіл, тістері ақсиған, қабағы түксиген, қанқұйлы бейнелі бір аңнан деді.
- Япырай, ол онда қабылан деген зорекер болғаны ғой. Сен жалғыз ба едің?
- Жо, жоқ. Анамыз мені құтқару үшін, оны басқа жаққа көз жаздырып кетті. Соңы не болғанын білмеймін.
- Жә, жә, жарар . Бәрі түсінікті. Мен дереу мына үзілген торымды жалғап, есік жағымды барлайын. Сен тыныш демалып ал.
Өрмекші үзілген торын терлеп-тепшіп жүріп жалғап үлгірген тұста, сыртқа әлгі теңбіл пәледе келе қалды.
- Әй, өрмекші, тинамдай сорлы неме, сен ана қорқақ қоянның баласын көрмедің бе? Саған келмеді ма?
- Жо,жоқ, тақсыр! Мен оны көрмедім. Жайшылық па? Сенбесеңіз мінеки, үйімнің есік торы да тап-таза, бүлінбеген орнында тұр. Арсалаңдаған қабылан үңгір аузына үңіліп бір-екі алақ-жұлақ етті де, Қайта бұрылып жөнімен кетті.
Өзін ажалдан арашалап қалған өрмекші досының өнеріне, адалдығына, ептілігі мен еңбекқорлығына сүйінген ақ көжек оған алғысын жаудырды. Шіркін, әлемдегі тіршілік атаулының барлығы бір сендей бір-біріне қамқор, қайрымды, адал болса ғой. Сен менің өміріме тағы да жарық сыйлағаның үшін саған құдіретті тәңірден сый мен сауап тілеп жүрем.
Сонда өрмекші:
- Е, көжегім-ай, бұл менің азаматтық борышым. Әр жақсылықтың артында сансыз алғыс тұрады, ал әр жамандықтың артында сансыз қарғыс тұратынын білемін.
Жып-жылы сөздер, жүрек түкпіріне жетті. Екеуі қол алысып, достықтың туын бірге көтеруге серт байлайды. Серттері асқақ армандармен тоғысатыны сөзсіз.