Weekend
Қазір ауадан ақша жасайтын түрлі ақылы курстар қаптап кетті
Мұндай бизнестің жолға қойылуына әлеуметтік желілердің ықпалы орасан зор. Себебі сол жердегі аудиторияны пайдаланып, қалтасын қалыңдатып жатқандар көп. Әсіресе, әлеуметтік тақырыпқа бағытталған курстар ерекше өтімді. Мұндай сабаққа қатысатындардың барлығы төлеген ақысын ақтап, өзіне пайдалы дүние алып жатыр деп айта алмаймыз.
Себебі өзіңе беймәлім дүниені 1 немесе 3 айда меңгеріп кету адамдардың жеке қабілетіне тікелей байланысты. Соңғы кездері интимді сауаттылықты үйрететін қазақ тілді курстар желіде жиі талқыланатын болып жүр. Хиджаб киген сексологтардың жарнамасына оқырмандар арасында әртүрлі пікір қалыптасты. Бірі қолдаса, екіншісі асыл дінімізді сырт көзге ұсқынсыз көрсетіп жүргендер деп баға беруде.
– Жарнаманың да түр-түрі болатынын көзіміз көріп жүр. Бірі тауарын өткізе алмай әлек болса, бірі отыз екі тістен шыққан қызыл сөзбен ақылы тұратын ақылын тықпалап әлек. Олардың қайсысы заңға қайшы, қайсысы қауіпті оны тексеріп жатқан ешкім жоқ. Мәселен, Жапонияда мұндай дүниелердің барлығы міндетті түрде сүзгіден өтеді. Оның халыққа ешқандай зияны жоқ па, елді адастыратын дүние емес пе деген сұрақтарға мықтап зерттеу жүргізеді. Содан соң ғана ол жұртшылыққа жол тартады. Онлайн курстарға қатысты әңгіме тіпті бөлек. Ақ-қарасын ажыратып беріп жатқан ешкім болмағандықтан, алаңдамауға әсте болмайды. Қазір қоғамда ажырасу, ер мен әйелдің бір-біріне көңілі толмауы секілді әлеуметтік проблемалар көптеп кездеседі. Осыны пайдаланған пысықайлар аз ғана уақытта вумбилдинг секілді салаларды оқып, әп-сәтте сексолог бола салып, 20 жылдан бері сол салаға өмірін арнаған маман секілді елге жөн сілтеп жүр. Қазақ тілді мамандардың тапшылығы да осыған себеп деуге болады. Көркемдеп жеткізу мен аудиторияны өзіне тартып алатын қабілеттерін пайдаланғандардың қазір тісі батпайтын саласы қалмағандай. Бұл ең алдымен адамдардың жеке бас құқығын таптау деп айтар едім. «Аңқау елге арамза молда» демекші, адамның жанды жерінен ұстап, жақыныңдай жылылық көрсетіп, қалтаңды қағып алатындардың әрекетіне көз жұмып қарауға болмайды деп ойлаймын, – дейді Қазақ психологиялық қоғамының мүшесі, психолог Балжан Нұрғалиқызы.
Елді алдап, ауадан ақша жасап жүргендер туралы ҚР Мұсылмандар Діни басқармасы өкілінің де пікірін білдік.
– Ел ішіндегі түрлі тренингтер мен мотивациялық шоулардың саны көп екені рас. Олардың жобасына қатысып, шынымен ісі алға басып, өз басындағы түйткілді шешіп, дұрыс бағыт алып кеткендер де, құр уақытын өткізгендер де бар. Яғни, өз ісінің білікті мамандары жүргізетін курстарға сенуге болады. Ал, енді шын мәнінде сол саланың майталманы болмай, жай ғана тұрғындарды алдап, ақша жасаудың әрекетін жасап жүргендер болса, бұл дұрыс іске еш жатпайды. Себебі, әрі шетелге жолдама, әрі білім деп адамдарды алдау арқылы нанын тауып жүргендердің тірлігін адал табысқа жатқыза алмаймыз. Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) сахабалары сұрақ қойған екен, "Уа Алланың елшісі, мұсылман қорқуы мүмкін бе?" деп. Пайғамбарымыз иә деп жауап береді. Ал, өтірік айтуы мүмкін бе дегенде, жоқ өтірік айтатындар бізден емес деген екен. Мінекей, алдап-сулап қарапайым халықтың қалтасын қағу өтірік болып есептеліп, күнәлі іске жол бастамақ. Түрлі бағыттағы тауарларын алдына келген тұтынушыны қолында ақшасы жоқ болса, несиеге рәсімдетіп пайдаға кенелетіндердің әрекеті мәжбүрлеу арқылы табыс табуға жататынын айтқым келеді. Сондықтан, жұртшылық жан-жақты зерттеп, нақты көзі жеткен соң ғана курстарға барғаны абзал. Орамал таққан ханымдар өткізетін қыз-келіншектердің жеке басына қатысты иә болмаса басқа да салаларға арналған ақылы курстарға қатысты айтар болсақ, ол адамның ішкі ниеті қандай, жеке өмірлік ұстанымы қандай екенін білмегендіктен, сыртынан тон піше салуға тағы да болмайды, – дейді ҚМДБ баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы.
Жақын-жуығымен тілдесуді ар көре ме, әлде сенім білдірмей ме, ақы төлеп ақыл сұрайтындар көбейді. Ішкі рухы өзін басқаруға күші жетпегендер бұл күнде осылай курс жағалайтын болған. Мұны оңай олжа тапқысы келетін кей пысықайлар ұтымды пайдаланып кетіп жатыр. Ақыл айтуды қаражат табудың көзі емес, жағымды қасиет ретінде қалдырғанымыз жөн секілді.