Weekend
Университеттегі оқытушылық қызметтен бас тартып жеке академия құру
Соңғы жылдары елімізде білім беретін мекемелер көптеп ашылуда. Олардың салалары да, статустары әр қилы. Тіл үйретуден бастап, ғылыми тапсырыстарды орындауға дейінгі аралықты қамтиды.
Сондай мекеменің бірі – А. Байтұрсынұлы Білім Академиясы. Біз академияның негізін қалаушылардың бірі - Ұлан Еркінбаймен сұхбаттастық. Ол бізге академияның мақсаты, қалай құрғандығын және университеттегі жұмысын тастап неліктен бұл салаға кеткендігі жайлы айтып берді.
Университеттегі оқытушылық қызметтен бас тартып жеке академия құру жайлы
Адам өмірлік тәжірбие жинақтап, жасы ұлғайған сайын өмірдің мәніне басқа ракурстан қарай бастайды. Өзім жоғарғы оқу орындарында ұзақ жылдар қызмет еттім. Оқытушы да болдым, басшылық лауазымдарды да атқардым. Әлбетте, университеттің өзіндік ішкі әлемі бар, онда тек білім беру ғана емес, кешенді зияткерлік орта қалыптасады. Дей тұрғанмен, түсінгенім, сол ғылыми академиялық ортадағы өмір, шын өмірден алшақтады екен. Мұны бір сөзбен бейнелеп айтқанда, универ әдебиет болса, мектеп – өмірдің өзі дейік. Кез келген елдің жүрегі - мектеп, орта білім. Бірақ біз мұны тек сөз жүзінде ғана айтамыз. (Біз дегенде өзімді айтып отырмын) Академиялық ортада жүргенде өз басым ұрпақ тәрбиесіне ат салысып жүрмін деп ойладым. Бірақ, олай болмай шықты. Ғылыми өмір белгілі бір деңгейде индивидуализмнің шеңберіне тастайды екен де, шын өмірді көрмейді екенбіз.
Бұл бір. Екіншіден, университетте қалыптасқан адамдармен жұмыс істейсіз. Әрбір студенттің өзіндік мені бар. Мектеп қабырғасында кеткен олқылықтың орнын толтыру қиын. Осы жағынан да, яғни стратегиялық тұрғыдан елді білім арқылы дамытам деген адам орта біліммен жұмыс жасауы керек. Университеттегі комфорт жұмысымды тастап, орта білім саласына осылай ауыстым. Содан соң мектептегі білімнің сапасы, оны қалай арттыру керек деген мәселеге ден қойдым. Солай педогоикаға бет бұрып, өмірімнің мәнін осыдан таптым да «осы салада кез келген жобаға ашықпын» деп өзіме серт бердім. Солай білім беру саласында жұмыс істеу, академия ашу ойымда бар деп құрылтайшылар іздедім. Осылайша кәсіпкерлермен ойымыз бір жерден шығып 2018 жылы күзде «А.Байтұрсынұлы білім академиясы» құрылды. Балаларға білім беру деген керемет нәрсе, олармен жұмыс істегенде рахаттанамын. Мен бұл салаға 20 жыл кешігіп келгеніме өкінемін.
Baytursynuly bilim academy
5 қыркүйек - Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Биыл дәл осы күні біз ресми түрде бір жылдығымызды атап өттік. Негізі өзім бұл тақырыпта жұмыс істеп келе жатқаныма 2,5 жылдан асты. Бірақ тіркеліп ресми бастағанымызға бір жыл болды. Құрылтайшы компания бізге қаржылық жағынан демеушілік жасап, ғимарат тұрғысынан көмектесті. Ал әріптестеріммен бірге жалпы академияның ісін философиясын, стратегиясын іске асырудамыз. Ахмет Байтұрсынұлы атында академиялық түрлі-түрлі ұйымдар болғанымен, орта білім саласында практикалық тұрғыдан алғанда мұндай мекеме жоқ. Сол үшін Ахаңның «Оқу ісі түзелмей жұрт ісі түзелмейді» деген сөзін негізге алып Ахмет Байтұрсынұлы атындағы білім академиясы болса деп ойладық. Байтұрсынұлы деп атаған себебіміз бір жағынан ол кісі өмірін тіл - құрал, елді құтқарудың әрі мемлекетті дамытудың жолы балаларды оқыту екендігін көрсетіп кеткен тұлға ғой. Әрі ұлттың рухани лидері. Осындай тұлғаның атында жүздеген академия болса да артықтық етпейді деп есептеймін.
Академияның барлық жұмысы «Оқу-тәрбие ісі түзелмей, жұрт ісі түзелмейді» тұжырымына негізделген. Бұл Ахмет Байтұрсынұлының сөзі. Академия – мемлекеттік және қоғамдық, ғылыми мекемелермен еркін жұмыс жасайтын тәуелсіз платформа.
Мақсатымыз – рухани, мәдени құндылықтарымызды және ұлттық педагогикамыздың негіздерін заманауи оқыту жетістіктерімен ұштастыра отырып, білім беру саласында ең үздік қызмет көрсететін әлемдік ұйымға айналу.
Қазіргі таңда негізінен педагог қызметкерлердің, дәлірегі мектеп мұғалімдерінің тұлғалық әрі кәсіби дағдыларын арттыруға бағытталған курстар базасын дайындаудамыз.
Академия курстары негізнен ХХІ ғасыр дағдыларын қалыптастыру мен шыңдауға бағытталады. Олардың қатарында, проблемаларды кешенді түрде шеше білу яғни,
Салдарлармен емес, себептермен жұмыс істеп, мәселені түбірімен шешу; Медиа сауаттылық, бұл енді БАҚ және әлеуметтік желілерде сапалы әрі сауатты жазбалар (аудио, видео, мәтін) арқылы өзін таныстыру және ойын жеткізе алу; Жасампаздық (creativity), Әлеуметтік-эмоциялық интеллект; Өзінің және басқалардың эмоцияларын түсіну және оларға дұрыс жауап қайтару, көңіл-күйді басқара білу; Пәнаралық білім-білік т.б.
Содан кейінгі бір бағытымыз білім саласындағы мекемелерге түрлі сарапшылық қызметтер көрсету.
Жақында мекеме жанынан Академиялық кеңес құрылды. Ол жерде 47 ғалым, практик бар. Бұл кеңестегі ғалымдар мұғалімдердің біліктілігін арттыруға сарапшылық қызметтер атқарады.
Жалпы Академия қызметтері негізгі академиялық адалдық, кәсібилік, ұрпақтар сабақтастығы және үздіксіз жетілу сынды құндылықтарға негізделген.
Қазақ тілінде сауатты дүниелер қажет
Қазір ана тіліміздің жайы туралы байбалам көп. Жауапты мекемелер іс-әрекеттен гөрі жанашырлық позиция ұстанады. Бірақ, бұлайша тілді қалай сақтамақпыз. Тіліміздің ұлтаралық, халықаралық деңгейдегі дәрежесі, жалпы бәсекелестік қабілеті артуы үшін бірқатар жағдайлар ескерілуі қажет деп есептеймін. Қазір білім бәсекесінде, ақыл-ой жүйесінде, білім саласында күрделі өзгерістер, күрделі бәсекелестік орта қалыптасып отырғаны белгілі. Оның барлығы ұлттық тілге негізделетіні мәлім. Сонымен қатар ол тілді үйренудің, үйретушілердің ұлттық бірыңғай сертификациясы жасалу қажет деген ойды ортаға салды.
Себебі қазір бәсекелестік ортада, тіл үйрету ортасында қазақ тілінің қажеттілігі көзге ұрып тұр. Бірақ озық методикаларды жалпы халық ала алмай жатыр. Үйренушілер озық әдіснаманы қайдан аларын, қай мұғалімнің, қандай орталықтың мықты екенін білмейді. Сондықтан тіл мамандарының, жалпы кез келген тіл үйретуші мамандардың бірыңғай ұлттық стандартты сертификациясы болуы керек. Осы ұлттық стандарттан өткен мамандардың тіл үйрету деңгейі қоғамда ашық болуы қажет. Сонда ғана мықты әдіскерлер, мықты орталықтар, мықты бағдарламалар әртүрлі бәсекелестік ортаға түседі және бірден қолданысқа енеді. Себебі қазір түрлі салада қазақ тілін жедел үйретуге сұраныстар артып келеді. Өкінішке қарай қазір тіл басқармалары осы сұранысқа жауап бере алмай отыр. Қорыта айтқан кезде, мемлекеттік тілді қолдау керек, жанашыр болу керек деген психологиядан арылған абзал. Яғни бұл біздің тіліміздің дамуын, бәсекелестік ортаға түсуін қалыпты жағдай ретінде қарастыруы керек. Осындай тақырыпта жұмыс істеп жүрген біраз азаматтарды білемін. Ол кісілер қазақ тіліндегі контентті сапалы өнім ретінде жасап жатыр. Бұл тұрғыда, халықаралық деңгейде тілге қызметті Димаш пен 91 тобынан үйренуге болады. Олар бұл мәселені сөзбен емес іспен көрсетуде. Және жай іс емес, сапалы іспен. Оларда «тілді құтқарайық» деген пафостық байбалам жоқ.
Алдағы жоспарлары жайлы
Жақын болашақтағы жоспарымыз ұлттық құндылықтарымызды заманмен ұштастырып орта білім саласында сапалы дүниелер дайындау. Соның бірі Бабалар сөзі 100 томдығын жобалап оқыту. Анықтап айтсам, әлемде пәнді жеке-жеке өтпейді, белгілі бір тақырып аясында (project learning) жобалап оқытады. Бала бүкіл пәндерді бір жоба аясында оқиды. Қазіргі уақытта осы «Бабалар сөзін» осы жобамен ұштастырып көріп жатырмыз. Бұны мұғалімдерге дайындап жатырмыз. Неге десеңіз, оқушы мен біздің арамызда мұғалім тұр. Екіншіден, ғалымдармен бірігіп ұлт зиялыларының педагогикалық тәжірибесі деген жоба бастадық. Аталмыш жобамызда А. Байтұрсынұлы, Ж. Аймауытов, М. Дулатов сынды зиялыларымыздың мектепте сабақ берген өмірі, әдістемесін мектептерге ұсынбақшымыз.. Әзірге осы.