Weekend

Жаңа жылдың тарихы қандай немесе христиандар қателескен бе?

Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Жаңа жылды тойлауға қатысты қоғамда түрлі көзқарастар айтылып, ұстанымдар мен пікірлер жазылды. Әлихан Бөкейхан айтқандай: «Талас дүния – ғұмыр сифаты». Ал енді кез келген нәрсеге баға берерде тамырына бойлайтынымыз ақиқат. Демек, қоштап жүргендер мен мошқап жүргендер ізденуге тиіс сұрақ: жаңа жылдың тарихы қандай? Мәселені арыдан қозғайық.

Адамзат баласының тарихында күнтізбелер көп ауысқан әрі әр елдің өз күнтізбесі болған. Мысалы, Армения елінің күнтізбесі, Ассирия күнтізбесі, Мая тайпасының күнтізбесі, Ай күнтізбесі, Күн күнтізбесі, ескіславяндық күнтізбе, шумер тайпасының күнтізбесі, т.б. күнтізбелер ықылым замандардан бері адамзат баласының уақыт белгілеу жүйесінде айтулы орын алып келеді. Осылардың ішінде ойып тұрып орын алатын, бүгінде әлем елдерінің барлығы дерлік қолданатын Григориан күнтізбесінің тарихына аз-кем тоқталсақ.

Рим елінің ілкі дәуірлерден христиан дінін ұстанып, биліктің екі тізгін, бір шылбырын дін өкілдері ұстап келгені тарихтан белгілі. Ал 1582 жылы билікке келген Григорий ХІІІ өзіне дейін елді басқарған Юлий Цезарьдың күнтізбесінің орнына өзінің күнтізбесін енгізеді. Бүгінде жалпақ дүниенің көп бөлігі қолданатын бұл күнтізбе Рим папасының құрметіне тарихта Григориан деген атпен қалды. Күнтізбе ауыстырудағы басты себеп – бұған дейін Римде қолданылып келген Юлиан күнтізбесінде жылға шаққанда артық күндердің қалып қоятындығы еді. Григориан күнтізбесінің жылдық циклы – 365,2425-ке тең (нақты уақыттан 26 секунд айырма бар). Ал ескі Мая тайпасының жасаған күнтізбесі нақты уақыттан бар болғаны 8 секундтық айырмаға ие. Григорий ХІІІ жылдық есеп беретін уақытты Иса пайғамбардың (Ғ.С.) туған күні деп белгілеуді ұсынады. Бұл ұсыныс бойынша италиялық Луиджи Лилио мен неміс Христофор Клавиус атты астраномдар 25 желтоқсанды анықтап шығады. Алайда, Гарвард университетінің профессоры болған Александр Мюррей бұл туралы «History today» журналына жарық көрген мақаласында: «Иса пайғамбардың туған күнін жаңа жылда тойлау тарихи фактілерге емес, тілдік фактілерге негізделген»,-деп жазады. Рим елінің ескі замандардағы авторларының бірі Ипполит Римскийдің жазбаларында Иса пайғамбардың 25 желтоқсанда туылғандығы жазылған екен. Бірақ одан бері талай күнтізбелердің ауысқанын ескерсек, Иса пайғамбардың (Ғ.С.) туған күні бұл болмауы да ғажап емес. Мәселен, Юлиан күнтізбесін қолданып келген Римдіктер жаңа күнтізбеге (Григориан күнтізбесіне) өткенде 10 күнге бір-ақ қарғиды. Дәлірек айтсақ 4 қазаннан 15 қазанға бір-ақ секіреді. Бұл күнтізбеге өткен елдердің бәрі осы жолды ұстанды. Алпауыт мемлекеттер санатындағы Жапония бұл жүйеге 1873 жылы, Корея 1896 жылы, Қытай 1912 жылы, КСРО 1918 жылы өтеді. 

Бүгінгі күнтізбенің жасаушысы Рим елінде ілкі замандарда жаңа жыл наурыз айында тойланған екен. Бұл туралы Әлихан Бөкейхан «Қазақ» газетінде жарық көрген «Жаңа жыл» атты мақаласында жазған болатын:«Мұсадан бері еурей жаңа жылы марттан басталады. Римде жаңа жыл март еді».

Әлихан Бөкейхан Григориан күнтізбесі 4241 жылда күн жылынан 1 тәулікке қалып қоятындығын айтады. Демек, адамзат баласы әлі де нақты күнтізбені ұстанып отырған жоқ. Ағылшын сөздігінде «december» сөзінің латын тілінен енгені әрі «он» деген мағына беретіндігі айтылған. Дәл сол сияқты «september",«october»,«november»деген ай аттары«жеті», «сегіз», «тоғыз» деген ұғыммен астасып жатыр. Бұл есеппен желтоқсан оныншы, қаңтар он бірінші, ақпан он екінші ай болып, жаңа жыл наурызда басталуға тиіс болып шығады. Аталмыш мақаласында Әлихан Бөкейханов бұл туралы: «Біздің қазақ жаңа жылы мартта болғаны адасқан емес. Жаңа жыл мартта болса, күн мен түн тең болғаннан бастау керек. Ескі стильде бұл күн 9-ншы март болды»,-деп жазады.

Ал сіз қалай ойлайсыз, оқырман?