Саясат

Бұл жолы да Тоқаев баяндамасының 66,6%-ы орысша. Неге?

Текстологиялық талдау

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

20 желтоқсанда өткен ҰҚСК-нің екінші отырысында мемлекет басшысы бірқатар тапсырмалар беріп, жаңа саяси бастамалардың тетігін ұсынды. Президент Тоқаевтың баяндамасында қамтылған мәселелер өз алдына. Бірақ Ақорда тілмаштарының мемлекеттік тілге немқұрайлы қатынасы ойландырмай қоймайды.

"Әңгіме кирилден латын қарпіне көшуде емес, қазақ тіліне реформа жасауда, жаңғыртуда. Қайталап айтамын, біз қазақ тілін реформалақпыз! Ғалымдардан тұщымды пікір-ұсыныс күтеміз" деген президенттің бұған дейін үш рет қайта пысықтауға қайтарылған әліпбидің астарында емле-жазу ережесінің жауапкершілігін жете сезіну үшін ғалымдарға екі қарап, бір шоқуға үндеуі құптарлық іс. Бірақ мәлімдемесінде мемлекеттік тіл туралы маңызды пункт қамтылған саяси лидердің спичрайтері идеологиядан алыс па деген күдік туады.

Ақорда сайтында жарияланған баяндаманың тақырыбын қоспағанда 3851 сөзден тұратын 14 беттік маериалдың тек 1288 сөзі (33,4%) ғана қазақ тілінде. Демек тілге реформа жасауды күн тәртібіне қойған мемлекет басшысы сөзінің 3/2 бөлігі, нақтырақ айтқанда 2563 сөз, 66,6%-ы орысша берілген.

Бұл бірінші рет емес. Тоқаев президент болып келгелі бері ел халқына бағытталған мәлімделерінде қазақ тілінің үлесі кеміп, баланс бұзыла береді. Бұған дейін қыркүйектің 2-сі қазақстандық президентке тән жоралғымен Тоқаев «Қазақстан халқына жолдауын» жасады. «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін» деген Тоқаев «тіл үлкен саясаттың құралы екенін» ұмытпауға шақырды. Ақорда мен өзге де БАҚ беттерінде жарияланған мәтінді текстологиялық талдау нәтижесінде 10 беттік мәлімдеменің тек 25%-ы ғана мемлекеттік тілде жазылғаны анықталды. Баяндама мәтініндегі 5960 сөздің 1497-сі қазақ тілінде, ал 4463 сөзі орыс тілінде. Демек «ұлтаралық қатынас тіліне» айналуға «әлеуетті» мемлекеттік тіл 4/1 бөлігін құрайды. 75%-ы орыс тілінде жасалған Жолдау Қазақстан халқына арналған.

Сондай-ақ 16 тамыздағы дәстүрлі Тамыз кеңесінде «Әр халықтың ана тілі – білімнің кілті» дейді академик Ахмет Жұбанов. Бұл сөз біз үшін негізгі ұстанымға айналуы тиіс» деп шегелей айтқан Қазақстан президенті баяндамасының 29,4%-ы ғана мемлекеттік тілде жазылған. Тоқаевтың Тәуелсіздік сарайында оқыған көлемді мәлімдемесіндегі 2414 сөздің (баяндама атауын қоспағандағы)  тек 711-і ғана қазақ тілінде. 3/1-іне де жетпейтін бөлігі ғана мемлекеттік тілде жариялаған.