Саясат

Қытай менталитеті: Ұлы қорғанның салынуы мен «Сергек» камераларының орнатылуы

Әлем көз тіккен әлеуметтік кредит жүйесін қысқаша сипаттау

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Соңғы уақытта еліміздің бұқаралық ақпарат кеңістігінде әлемдік өркениеттің дамуы әрі жаһандану үдерісінің әсерімен «цифрландырылған экономика», «цифрлық технология», «қауіпсіз қала», «ақылды үй» тәрізді термин түріндегі сөздердің тіркестері жиі айтылады, және де бұл бағытта айтарлықтай нәтижеге жеткен Шынмашын - Қытай елі міндетті түрде атап өтіледі.

Қазақстаның мемлекет басшысы – Қ. Тоқаев, биылғы жылдың қыркүйек айында Қытай Халық Республикасына жасаған ресми іс-сапарында Қытай елінің технологиялық даму деңгейімен танысқан ақпараттары негізінде, 2019 жылдың 8 қыркүйегінде Елорданы одан әрі дамыту мәселесіне қатысты ұйымдастырылған кеңесте бүгіндегі қолданыстағы «Сергек» жол қозғалысын бақылау жүйесіне көңілі толмайтындығын білдіріп, сын айтқан болатын.

Мемлекет басшысы өз сөзінде «Сергек» жол қозғалысын бақылау жүйесі тек қана жол қозғалысы тәртібінің бұзылуын тіркеп, айыппұлдар өндіру мақсатында ғана қолданылатынын, ал біздегі қала басшысы мен үкіметтің міндеті Қытай тәжірибесіне сәйкес бүкіл қоғам өмірі мен қаланы толық цифрландыру болып табылатындығын атап өтті. Мәселен, бір ғана түймешені басу арқылы кез келген азаматқа қатысты оның қашан және қандай оқу орының аяқтағаның, қолы бос уақытта немен айналысатынын, бір басында қандай несиелері барлығын айқындайтын егжей-тегжейлі ақпарат алу мүмкіндігін қарастыру қажет екеніне тоқталды.

Осы ретте Қытай елі расымен де жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану арқылы қоғам өмірін цифрландыру ісінде әлем елдерінен оқ бойы озық кеткенін атап өтуге тиістіміз. Бүгіндегі Қытайды бір ауыз сөзбен әсерлей айтатын болсақ – «Қытай өз елінің азаматтарының әрбір басқан қадамын айтпағанда, әрбір алған тынысын бақылап отырған «сұқ көзді бейнебақылау камераларының елі».

Осыған орай көкейімізде еріксізден Қытай елінің осыншалықты қоғам өмірін бақылауға алуының сыры немен байланысты деген сауал туындайды?

Қатаң бақылауға алынған қытай қоғамы туралы сөз қозғағанда Аспан асты елінің мыңжылдықтарға созылған тарихы мен мәдениеті аясында қалыптасқан, сол елдің азаматтарының ойлау жүйесі мен менталитетінен айналып өте алмаймыз. Себебі қытай мәдениеті рухында тәрбиеленген бүгіндегі қытай азаматы мен біздің дәуірімізге дейінгі (мәтінде әрі қарай – б.д.д.) мыңжылдықтарда өмір сүрген, Ұлы Қытай қорғаны құрылысының замандастары болып табылатын қытай ұлты өкілінің ойлау жүйесі мен менталитетінде аса үлкен айырмашылық жоқ. Нақ осы тарихи ескерткіш – Ұлы Қытай қорғаны б.д.д. мыңжылдықтарда өмір сүрген миллиондаған қытайлықтардың санасында өшпестей із қалдырып, кейінгі тарихи дәуірлердегі қытай халқының ойлау жүйесі мен менталитетін айқындады.

Тарихи деректерде Ұлы Қытай қорғанының құрлысы б.д.д. III ғасырда бытырап жатқан Қытай патшалықтарын біріктірген Цинь патшалығының негізін қалаушы - Цинь Шихуанди билігі тұсында басталып, біздің заманымыздың XXIV ғасырдың соңғы ширегінде Мин патшалығының негізін қалаушы – Чжу Янчжань билігі тұсына дейін жалғасқан деп баяндалады.

Қорған биіктігі 6-7 метр, қалыңдығы 5-8 метр, ұзындығы 9 мың шақырымға жуық адамзат тарихындағы алып құрылыстардың қатарына жатады. Географиялық тұрғыдан Қытайдың солтүстігінде Ляонин, Гирин, Хэбэй, Пекин, Тяньцзинь, Шаньси, Шэньси, Ганьсу, Шаньдун, Хэнань, Хубэй, Хунань, Сычуань, Ішкі Моңғолия елді-мекендері, Нинси-Хуэй автономниялық ауданы, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы аумақтарында шығыстан батысқа қарай созылып жатыр. 

Тарихшылар қорған Қытайдың солтүстігіндегі мазасыз көшпелі тайпалардан қорғану үшін салынған деп тұжырымдайды. Алайда бұл тұжырым шындыққа жанаса ма? Неге десеңіз, бұл құрылыс салынғанымен де солтүстіктегі мазасыз көршілерінің елді тонауды көздеген шапқыншылығы сап тыйылып тоқтаған жоқ қой. Тіпті, біздің дәуіріміздің XXIII ғасырында билік құрған Ұлы Қаған Шыңғысханның әскеріне аталмыш қорған тосқауыл бола алмады. Шыңғысхан әскері қорғанның үзік жерлерінен айналып өтіп, Қытайдың бүткіл солтүстік аумағын жаулап алды. Сонда тарихшылардың тұжырымы қате болғаны ма?

Ұлы Қытай қорғанды салудағы мақсаты мен себебі туралы кейінгі уақыттарда тың деректер мен тұжырымдар жариялануда.

Солардың қатарында көңілге қонымдысы зерттеуші ғалым, марқұм Таласбек Әсемқұлов Ағамыздың «Ұлы Қытай қабырғасы жайындағы миф» деген зерттеу еңбегінде баяндалған.

Таласбек Әсемқұлов көшпенді түркі тілді елдердің және отырықшы қытай жұртының ойлау жүйесі мен менталитетін салыстыра келе, көшенділердің ойлау жүйесінде «жоғары билік» деген сөздің мағынасы түсініксіз, сахаранның адамы бір-біріне деген призумпцияны ғана біледі, олар тек қана өзара паритетті мойындайды деп сипаттама беріп, ал қытайлықтардың менталитетінде қатаң орталықтанған билікті, төменнен жоғары қарай бағыныштылыққа құрылған иерархиялық тәртіпті cөзсіз мойындау, еркін және өзгеше ойлауға жол бермеу тән екеніне тоқталған.

Оқырманның көкейінде Ұлы Қытай қорғаны қорғану мақсатында салынбаған болса, онда қытай билігін мұндай алып құрылысты салуға қандай мәжбүрлік итермеледі әрі қорғанның қытайлықтардың ойлау жүйесі мен менталитетінің қалыптасуына қандай қатысы бар деген сұрақ туындайтыны заңды.

Бұл мәселеде Таласбек Әсемқұлов Ағамыз келесідей түсіндірме береді. Көне Қытай қоғамы бүгінгідей барынша орталықтандырылған, адамдардың әрбір басқан қадамы мен әрбір демі мемлекеттің қадағалануына алынған қоғам болды. Мемлекеттің билігі шексіз, адамдардың құқығы жоққа тән еді. Қытайдың осынша дәрежеде орталықтануы мен мемлекеттенуінің сыры аштық пен соғыста жатыр. Себебі Қытайдың ең үлкен проблемасы – халқының көптігінде. Адам қисапсыз көп шоғырланған жерде шатық, соғыс, түрлі толқулар міндетті түрде болады. Осы себепті де Қытай билігі адамдардың қалың массасына бір сәтте болсын босансуына, еркін беріп өзгеше ойлауға, тәртіпке бағынбауларына жол бермеді. Соның әсерінен Қытай билігі адам айтқысыз күшейіп, еріксіз этатизацияға ұшырады.

Ал Ұлы Қытай қорғаны, зерттеушінің пайымынша, халықтың қалың массасын солтүстіктегі жабай тайпалармен қорқытып, еркіндікті сезіндірмей, халықтың қорғанның арғы жағындағы сыртқы дүниеге кетіп қалмай, оларды тырп еткізбей ұстап тұру қажеттілігінен салынған құрылыс болып табылады. Соған орай, Қытай қоғамы тарихта өте қатаң оқшауланған ел болып есептелінеді. Осы тұста зерттеушінің тұжырымы ақылға қонымды тұжырым екенін атап өтуіміз қажет.

Себебі зерттеуші Ұлы Қытай қорғаны қорғану мақсатында салынған болса, рационалдық тұрғыдан ешқандай қисынға сыймайтынын келесідей аргументтермен салмақтайды.

Егер де Қытай әміршілері Ұлы Қытай қорғанының ұзына бойымен әскер қоятын болса, онда мұздай қаруланған 5 миллион әскер қажет болды. Ал сол 5 миллион әскерді бағу үшін 10 миллион шаруа таңның атысынан кештің батысына дейін бел жазбай еңбек етуі қажет. Мұндай өте ауқымды істі ұйымдастыру және де оған қажетті ресурстарды табу ол уақыттағы Қытай қоғамы үшін мүмкін емес еді.

Дәуірлердің керуені жылжып, уақыттың өтуімен Қытай елінің басты проблемасы – жан басының көптігі мәселесі шешіле қойған жоқ. Керісінше, халқының саны ондаған есеге артып, проблема қоюлана түсті. Бүгіндегі Қытай елі бастарындағы осы проблемасын әлемдік қауымдастықпен қарым-қатынасында басты артықшылықтары ретінде танытуға тырысуда.

Алайда мәселе бұдан шешілген жоқ қой. Бүгіндегі қытай билігі де мыңдаған жылдар бойғы дәстүр түрінде қалыптасқан бағытынан жаңылмай, қатаң орталықтанған мемлекеттік билікті күшейтіп, бұқара халықты бақылауды одан әрі арттыруда.

Бүгінгідей Интернет желісінің дамып, ақпараттардың еркін сапырылысқан заманда саны ондаған есе өскен бұқара халықты сырт дүниедегі жаулардан қорғайтын – Ұлы Қытай қорғаны тәрізді мифпен алдау мүмкін емес. Оның үстіне шаруашылық-экономикалық дамудың негізгі қозғаушы күші – нарықтық қарым-қатынас қытай қоғамынан ашықтықты талап етеді. Осыған байланысты Қытай елі сырт дүниеге ашылуға мәжбүр.

Бұл қатынаста да Қытай елі ұтыла қойған жоқ. Керісінше, әлем бойынша ғылым мен технологияның дамуы Қытай еліне жағымды әсер етіп отыр. Ғылым мен технологияның соңғы жетістіктерін ұтымды пайдалана білген қытай билігі қоғам өмірінің барлық салаларын цифрандыруға мүмкіндік алды. Мұндай мүмкіндік екі жарым мың жылға жуық Қытай елі билеушілерінің қолы жетпеген асыл арманы – «әрбір қытайлықтардың басқан ізі мен алған тыныстарына дейін бақылау орнатуға» жол ашты.

Қытай елінде мұндай бақылауды ресми түрде – «Әлеуметтік кредит жүйесі», сондай-ақ кейбір әдебиеттерде – «Әлеуемттік сенім жүйесі» немесе «Әлеуемттік рейтинг жүйесі» деп аталады.

Сонымен әлеуемттік кредит жүйесі дегеніміз не?

Қытайдың коммунистік партиясының Саяси бюро мүшесі, рухани мәдениет саласыныңдағы қызметті басқару бойынша Орталық комиссиясының Төрағасы Лю Юньшан аталмыш жүйем туралы: «Әлеуметтік сенім жүйесі – бұл қытай дәстүрімен сабақтасып өрілген, кең ауқымды жинақталған мәліметтер мен жасанды интеллект, үйлесімділік пен шынайылықты һәм сенімді қалыптастыратын, сондай-ақ тәрбие мен дамуды қамтамасыз ететін жүйе» деп анықтама берген болатын.

Жоғарыдағы аңықтамадан аңғарғанымыздай, әлеуемттік кредит немесе сенім жүйесі – бұл қоғамдағы азаматтардың мемлекетке қатысы адалдығын, шынайылығын, сенімділігін жасанды интеллект түріндегі соңғы технологиялық дамудың мүмкіндіктерін пайдалана отырып, әрбір азаматқа қатысты сараптамалық талдаудан өткен, өте ауқымды егжей-тегжейлі ақпараттарды жинақтау жолымен қытай қоғамының үйлесімділігін жасанды жолмен қалыптастыру.

Әлеуметтік кредит жүйесі кеңінен алып қарағанда бұл - жекеленген азаматтар мен ұйымдардың іс-әрекеттері, жүріс-тұрыстары мен мінез-құлықтарын түрлі параметрлер бойынша бағалап, рейтингтеу жүйесі. Ағымдағы рейтинг нәтижесі негізінде олардың қоғамдағы орының айқындап іріктеу. Жағымды көрсеткіштеріне қарай оларды қолпаштап, түрлі әлеуметтік-экономикалық жеңілдіктер мен артықшылықтарды пайдалануға беріп, мотивациялар жасау. Жағымсыз көрсеткіштері бойынша әртүрлі әлеуемттік-экономикалық жеңілдіктер мен артықшылықтардан шектеп қоғамдағы маргиналды топқа айналдыру, ал жүйе тәртібіне мойынсұнбағандарды, әрекетінде қылмыстық элемент болмаса да оларға қылмыстық жауапкершілік арттырып, мәжбүрлі түрде арнайы ұйымдастырылған қайта тәрбиелеу орталықтарында (саяси лагрелер) ұстап, қоғамнан оқшаулауға дейін бару.

Бүгіндегі қытай билігі әлеуметтік сенім жүйесін кезең-кезеңдер бойынша сәтімен жүзеге асырып келеді. Бұған біздің заманымыздың 240 жылдардағы Хань династиясы дәуіріндегі шенеуніктер мен әскери басшыларды бағалап, іріктеуге мүмкіндік беретін «Адамның қабілеттері туралы ілім» деген Лю Шаоның қоғамдағы адамдарды бағалаудың әдістемесі, Цзинь империясы тұсындағы шенеуніктердің қызметіне баға беруге, сондай-ақ лауазымды орындарға талантты адамдарды іріктеуде басшылыққа алынған «Аспан мандаты» жүйесі, легизмдік ілім мен конфуцийлік дәстүр жақсы тарихи тәжірибе болып табылады.

Қытай еліне қызығушылық танытушылардың көпшілігі әлеуметтік кредит жүйесінің дүниеге келіп енгізілуін бүгіндегі қытай басшысы – Си Цзипиньнің есімімен байланыстырады. Алайда бұл одан да бұрын ертеректе жоспарланған жоба.

Әлеуметтік кредит жүйесі қытай ерекшеліктерін ескере отырып социализм құрудың негізін қалаған Дэн Сяо Пиннің «Үш өкілдік» туралы еңбегінен бастау алады.

Ал бұл ілім Қытай коммунистік паритиясының Бас Хатшысы Цзянь Цземиннің 2002 жылы биліктен кетер алдындағы партияның XXVI съезінде «Жалпықытайлық әлеуметтік кредит жүйесін» құру туралы тапсырма түрінде бекітіліп жүзеге асырыла бастады. Алайда ол уақытта қытайдың барлық азаматтарын қоғамдағы жүріс-тұрыс, мінез-құлықтарына қарай бағалап, рейтингттеу мәселесі қолға алынған жоқ, тек қаржылық саласында жеке және заңды тұлғаларға несие беру мәселесі бойынша шешім қабылдау үшін қаржылық рейтинг жүргізу, сол арқылы заманауи дамыған банктік жүйені қалыптастыру мақсаты көзделді.

2006 жылы Қытай халық банкі бұл тапсырманы сәтті жүзеге асыра білді, яғни, олар заңды және жеке тұлғалардың несиелік рейтингісінің ұлттық бюросын құрды. 2012 жылы бюро қарамағында 280 миллион азаматы мен 1,5 миллион заңды тұлғасының досьесі болды.

Тапсырманың сәтімен орындалуы қытай саясаткерлері мен басшыларын азаматтарды түрлі көрсеткіштер арқылы бағалап рейтингтеу тәсілін одан әрі қарай дамытып, қоғамдағы азаматтардың жүріс-тұрысы мен мінез-құлықтарын бағалауға мүмкіндік беретін әлеуемттік кредит (сенім/рейтинг) жүйесін құру идеясын ұсынуға итермеледі.

Бүгіндегі Қытай елінің басшысы Си Цзипиньнің билікке келген тұсында ҚХР Мемлекеттік кеңесі 2014 жылдың маусым айында «2014-2020 жылдарды қамтитын «Әлеуметтік кредит жүйесін құру бойынша жоспар жобасы» атты құжатты БАҚ беттерінде жариялады. Құжатта жүйені құру принциптері, мемлекеттің қалай өз азаматтарының жүріс-тұрысы мен мінез-құлықтары туралы ақпараттарды жинайтыны, талдайтыны және сарапталған ақпараттарды қалай қолданатыны әрі бұл қандай нәтижелерге жеткізетіндігі туралы баяндалған.

Жобадан қытай азаматтары үркіп кетпес үшін құжаттың түпкілікті мақсаты ретінде бұл шара қытайлық дәстүр аясында жалпы қоғамдық сенімге қол жеткізуді көздейді деп насихатталды. Ал сенім адам мен қоғам және мемлекет арасындағы үйлесімділіктің синонимі ретінде бағаланып, үйлесімділікті сақтау әрбір қытайлықтың ең жоғарғы парызы, мақсаты және қажеттілігі деп түсіндірілді. Үйлесімділік әрбір азаматтың өзін-өзі жетілдіруімен, қоғамның нормалары мен талап-тілектерін қалтықсыз сақтау, ұлттық дәстүр аясындағы ғұрыптарды орындаумен орнайды делінді.

Бір қызығы азаматтардың қоғамдағы жүріс-тұрысы мен мінез-құлықтарын бағалайтын параметрлер мен көрсеткіштердің ортақ тізімі, яғни не істеуге болады не істеуге болмайты баяндалған ережелер тізімі жоба шеңберінде айқындалмаған, тек бағалау рейтингісінің жалпы ережелері ғана бар.

Бұл ереже бойынша қоғамдағы әрбір азаматқа 1000 балдық әлеуметтік кредит (сенім) беріледі. Әрмен қарай әр азаматтың қоғамдағы жүріс-тұрысы немесе мінез-құлқына қарай кредит бойынша берілген бал өседі, яки кемиді.

Ең жоғары көрсеткіш – 1050 бал. Осындай бал иелері үлгілі азаматтар болып табылады және «ААА» әріптерімен маркіленеді. Мұндай азаматтарға жүйе бойынша барлық мүмкіндіктер, қосымша артықшылықтар мен бонустар қол жетімді.

1000 балы бар адамдар тәртіпті азаматтар болып саналады, «АА» әріптерімен маркіленеді. Жүйе аясында мұндай азаматтарға көптеген мүмкіншіліктер беріледі, алайда бонустары сәл аздау болады.

900 балдың игерлері үлгі боларлық емес азаматтар болып есептелінеді, «В» әрібімен таңбаланады. Мұндай азаматтарға жүйе аясында шектеулер қолданыла бастайды.

849 балдан төмен болғандар «С» әрібімен таңбаланады, күмәнді азамат деп есептелінеді. Мұндай азаматтарды мемлекеттік қызметке және муниципальдық мекемелерге қызметке алмайды, сондай-ақ шектеулері көбейеді.

599 бал иелері «D» әріпмен таңбаланады. Бұлар қара тізімге енгізілген азаматтар болып есептелінеді. Мұндай рейтингтегі адамдарға жылдам пойыз бен ұшаққа билет сатып алу, несие рәсімдеу, автомобиль және велосипедті жалға алу тәрізді қоғамдағы көптеген қызметтерді пайдалануға, көптеген жұмыс түрлеріне орналасуға шектеу қойылады.

2012 жылы қыркүйекте Қытай үкіметімен рейтингі төмен азаматтарға қатысты қолданылатын нақты айқындалған санкцияларының тізімі жарияланды. Ол бойынша рейтингі төмен азамттарға:

-        мемлекеттік мекемелерде жұмыс істеуге тыйым салынады;

-        әлеуметтік қамтамасыз етуден шеттетіледі;

-        кедендік бақылау ааймақтарында мұқият тексеруден өткізіледі;

-        азық-түлік және фармацетвикалық өндіріс орындарында басшылық лауазымды иелеунге тыйым салынады;

-        әуе билеттерін сатып аулына және түнгі пойыздардың қона орындарына билет сатып алуына;

-        Люкс қонақүйлер мен ресторандардан орын алуына;

-        балаларын қымбат жеке меншік мектептерде оқытуға.

Теория жүзінде әркім өз рейтингін қалай көтеріп, қалай сақтап қалуы белгілі болғанымен іс жүзінде рейтингке байланған адамдардың тағдыры қалай қалыптасатынына ешкім кепілдік бере алмайды. Мәселен, азаматтың дәріханадан тыныштандыратын дәрі алғаны үшін де жеткілікті дәрежеде психикалық тұрақты емес деп, яки дүкендерден компьютерлік ойындардың бағдарламаларын көп алған үшін құмар ойындарға тәуелді немесе ата-аналарына сирек барғаны үшін безбүйрек адам деп бағалап рейтингін төмендетуі мүмкін. Ал жоғарыда атап өткеніміздей жалпы адам әрекеттерінің, яғни нені істеуге болады, сондай-ақ нені істеуге боламайтыны жөнінде егжей-тегжейлі баяндалған ережесінің болмауы адам өмірінде басынан өткеретін сан-алуан ситуацияларға түрлінше баға беріп рейтингтеуге, сол арқылы адамның тағдырына теріс әсер ететін шешімдердің орын алуына алып келеді.

Жүйенің базисі болып әрбір қытайлық азаматқа берілетін жеке басты куәлендіретін құжат түріндегі «ID карта» деп аталатын ғұмыр бойғы бірегей электронды идентификатор танылады. Соңғы деректерге сәйкес бүгінде Қытай елінің қалалық жерлерде тұратын 90 % тұрғындар, ал ауылды жерлерде 50 % тұрғындар қамтылған. Жоспары бойынша 2025 жылы елдің барлық тұрғындарын ғұмыр бойғы электронды идентификатормен қамтуды көздеп отыр. Идентификатор 18 разрядты кодтан тұрады, онда адамның тегі, аты-жөні, туған күні, жылы және тағы да басқа ақпараттар қамтылады. Сондай-ақ осы осы электронды идентификатор негізінде мәліметтерді жинақтау, сараптау және сақтау қоймасында қытайдағы әрбір азаматтар туралы ақпараттар онлайн режимде рейтингісін айқындау үшін өнделіп сақталатын болады.

Мәліметтерді жинақтау, сараптау және сақтау қоймасына ақпараттар келесідей төрт дерек көздерінен түседі:

1.    Ресми көрсеткіштер. Федералдық деңгейде ішінара жергілікті деңгейде министрліктер мен ведомствалар ресми жинақтайтын ақпараттар. Бұған адамдардың тегі, есімі, туған жылы мен туған жері, тіркелген орыны, отбасы жағдайы, мүліктері туралы ақпараттар, сот органдарының, жергілікті құқық қорғау органдары мен полицияларының мәліметтері жатады.

2.    Бақылау мәліметтері. Бұған ресми мәліметтерді сүзгіден өткізіп тексергеннен кейінгі мәліметтерді жатқызамыз. Мысалы, азаматтың ресми деректерде көрсеткен тіркелген орыны немесе мүлкі туралы туралы мәліметтерді тексеріп, ол азаматтың мемлекетке қатысты шынайылығы мен адалдығын, оған артылған қоғамдық сенімді қаншалықты дәрежеде ақтай алатынына баға береді.

3.    Сигналды мәліметтер. Сигналды мәліметтергеелді-мекендерде орнатылған, жасанды интелектпен қамтамасыз етілген бейнебақылау және адамның бет әлпетін тану жүйесінен, сондай-ақ интернет-дүкендердің сервисінен түсетін сатып алушылардың мінез-құлықтары мен сауда дағдыларына қатысты ақпараттар жатады. Төрт дерек көздері ішінде сигналды мәліметтер қоғамдағы әрбір азаматтар жөнінде тәулігіне 24 сағат онлайн режимде ауқымды ақпарат беретін негізгі дерек көзі болып есептелінеді.

4.    Ведомствалық және локалды мәліметтер. Бұл мәліметтерге кәсіпорындар мен компаниялар, сондай-ақ жергілікті билік органдарында азаматтардың күнделікті өміріне қатысты жинақтайтын ақпараттар жатады.

Бүгінде Қытайда жоғарыда көрсетілген төрт дерек көздерінен алынатын мәліметтер негізінде федералдық, ведомствалық және жергілікті жерлер бойынша ақапараттар базасынәлеуметтік кредит жүйесі аясында интеграциялау жүзеге асырылып жатыр. Осы ретте, азаматтарының тек қана банк-қаржы саласындағы әрекеттері ғана емес, сонымен қатар күнделікті өміріндегі әрбір әрекетін бақылайтын мұндай тәжірибе дүниежүзі елдерінде бүгінгі күнге дейін жүзеге асырылмаған өте ауқымды үлкен жоба болып табылатындығын атап өтуіміз қажет.

Келесідей ақпараттардың негізінде жобаның ауқымдылығын аңғаруымызға болады.

Ресми дерекетрге сәйкес, 2017 жылдан бастап әлеуметтік кредит жүйесі пилотты жоба ретінде қытайдың 30 қаласында енгізілді. Солардың ішінде 670 мың тұрғыны бар Жунчэн қаласы ерекше апробацияда.

Сондай-ақ әлеуметтік кредит жүйесін сынау алаңы ретінде қытай билігіне наразы, оқтын-оқтын қарсылық акциялары болып тұратын Шыңжан автономиялық ауданы тандап алынған. Аталған аумақта қытай ұлтынан бөлек 10 миллионға жуық ұйғыр, 2 миллионға жуық қазақ және де өзге де ұлт өкілдері тұрады. Мәселен, аталған аумақта жергілікті тұрғындар өзіне белгіленген «қауіпсіз аймақтан» (қауіпсіз аймақ ретінде азаматтардың үйлері, жұмыс орыны, базар мен сауда орындары, дүкендер және соларды байланыстырып жатқан бағдарлар болып есептелінеді) 300 метрге ауытқыса, бұл әрекет бейнебақылау камераларында белгіленіп, сақшы қызметіне яғни милицияға сигнал ретінде түседі. Мұндай жағдайда милиция сол азаматты тоқатып тергеуге, және оның туыстарын тергеуге құқылы. Осы бағыттағы Шыңжан автономиялық ауданының қауіпсіздігіне жұмсалатын қаражат 2016 жылы 30,5 миллиард юаньді құраса, 2017 жылы бұл шығын 57,9 миллиардты құраған.

Қытайдағы цифровизация мен адам өмірін басқару тетігі

Әлеуметтік кредит жүйесінің негізгі өзегі болып табылатын бейнебақылау жүйесінде, 2017 жылдың өзінде 170 миллионнан астам бейнабақылау камерасы Қытай елінің әр түпкірінде орналастырылды. Салыстырып қарайтын болсақ, технология саласында көшбасылардың бірі болып танылған АҚШ өзінде, бүгінде федералдық, аумақтық және коммерциялық бағдарламалар шегінде орнатылған бейнебақылау камераларының саны 50 миллионды ғана құрайды. Қытай билігі 2020 жылы елдегі бейнебақылау жүйесіне қосылған камералардың саның арттырып 450 миллионға жеткізуді көздеп отыр, яғни әрбір 3 қытай азаматын бақылауға 1 бейнебақылау камерасынан келеді. Өз кезегінде бұл бейне камералар жай ғана бақылау камералары емес, олар өте жылдам, жан-жаққа бұрыла алатын, болған оқиғалар ізімен онлайн талдау-сараптама жасай алатын жасанды интелектпен жабдықталған бейнесараптамалық функциясы бар қондырғылар болып табылады.

Қытай елін осыншама қисапсыз бейнекамераларымен әлемдік бейнежабдықтар нарығының алыптары болып есетелінентін Dahua және Hikvision компаниялары қамтамасыз етеді.

Мәселен, Hikvision компаниясы 2016 жылы 55 миллион, 2017 жылы 70 миллион, ал 2018 жылы 90 миллион бейнебақылау камераларын өндірген. Солардың 70%-ы мемлекеттік тапсырыс негізінде қытайдың ішкі нарығына сатылған. Ал 2020 жылы Hikvision компаниясы Қытай елінің аумағына 250 миллион бейнебақылау камерасын сатуды жоспарлауда.

Dahua компаниясы 3D өлшемде өте жоғары дәлдікпен адамның бет жүзін танып, жүрісін айқындап, оның қозғалысы мен көлеңкесін жылдам сканерлей білетін бейне қондырғылар жасауда.

2018 жылы шетел корреспондентерінің қатысуымен адамның бет жүзін тану бейне қондырғылары сыналып, келесідей нәтижеге қол жеткізілген. Қытай аумағында кейінгі бір жылда тұрып келе жатқан шетел корреспондеттерінің бет жүзін қондырғы адамдар ағыны толастамайтын, қозғалыс көп көшелерде 34 секунда, ал қытай жерінде келгеніне жеті күн толмаған шетел азаматтарын 1 минуттан аса уақытта танып айқындай білген.

2015 жылы Қытай елінің Қоғамдық қауіпсіздік министрлігі LLVision Technology Co. компаниясы өнімдерінің базасында жасанды интелектпен қамтылған азаматтардың бет жүзін танудың ғаламдық бейне жүйесін құру жобасын іске қосты. Жоспар бойынша жоба 2022 жылы толық іске қосылады. Аталмыш жүйе үш секундтың ішінде 1,3 миллиард жанның ішінен адамның бет жүзін 90%-ға дәл анықтап тани алуы қажет.

Технологиялық дамудағы Қытай елінің тағы бір бағыты бұл 5G коммуникациясын пайдалана отырып өзіндік ешбір елге тәуелсіз интертен желісін дамыту. Бүгінде Қытай елі коммерциялық бағытта 5G интернет желісін қолданатын бірден бір ел болып есептелінеді.

Әлеметтік кредит жүйесі бүгінде өзінің алғашқы жемісін де бере бастады. 2018 жылдың есебіне сәйкес Ақпараттардың мемлекеттік орталығына 14 миллион тәртіп бұзулар туралы ақпарат жинақталған. Бұл тәртіп бұзулар көбінесе несиені уақытылы төлей алмаумен, алаяқтық жарнама, заңсыз көше саудасы, отбасы мүшелері мен туыстарына қатыгездікпен қарау, жол ережелерін бұзу, қоғамдық тәртіпті сақтамау, жатахана ережелерін бұзу тәрізді және де т.б. оқиғаларымен байланысты. 2019 жылдың басында 4 миллионға жуық заңды тұлғалар «қара тізімге» енгізіліп (мұндай заңды тұлғалар мемлекеттік сатып алуға қатысу, жерді сату-сатып алу аукционына қатысу, қор нарығында жұмыс істеу, экспорттық-импорттық операцияларды жүзеге асыру құқықтарынан айырылады), 17,5 миллион адамдар әуе билеттерін, 5,5 миллион адам пойыз билеттерін сатып ала алмайды. 2 миллион адамға балаларын жақсы сапалы білім беру мектептеріне беру құқығы, ал 0,8 миллион адамның жоғары оқу орынына түсу құқығы шектелген.             

         

Қытай елінің азаматтарына үздіксіз онлайн бақылау жасау, олардың пиғылын айқындап сараптама-талдау жасау мақсатында Мәліметтер базасының ұлттық жүйесінде әрбір азаматқа қатысты мәліметтерді жинақтап, сараптап-талдап, сақтау үшін шамамен 13 мегабайт жады жұмсау көзделген. 2022 жылы елдегі барлық азаматтар бойынша егжей-тегжейлі толыққанды, барлық параметрлерді қамтитын ақпараттарды жинақтау үшін шамамен 90 террабайт жады қажет болатыны есептеп шығарылған. Мұндай өте үлкен көлемдегі ақпараттарды жинақтап сақтау үшін ең аз дегенде 5 экзабайт, ал мәліметтерді толық қамту үшін 12 экзабайт жадысы бар мәліметтерді сақтау қоймасы қажет. Салыстырып қарайтын болсақ, бүгінде әлемдегі мәліметтерді сақтаудың ең үлкен қоймасы АҚШ-тың ЮТА штатындағы Ұлттық қауіпсіздік агентігінің (NSA) қоймасы болып есептелінеді. Ал қытай билігіне осы қоймадан әлдеқайда үлкен мәліметтерді сақтау қоймасын салу қажет. Әзірге бұл қытай үкіметінің іске асырылмаған межесі.

Осы ретте қытай билігі 2030 жылға дейін тұтас әрі толыққанды цифрланған мемлекетке айналуды көздеп отыр. Аталған мақсатқа қол жеткізу үшін 2030 жылға дейін жасанды интелектті дамыту үшін 150 миллиард доллар қаражат, ал маңызды мемлекеттік институттар мен бағдарламаларды 2025 жылға дейін компьютерлендіруді жүзеге асыру үшін 1,5 триллион доллар қаражат жұмсауды жоспарлауда.

Мыңдаған жылдық тарихында қытай қоғамында бостандықтың самалы түгілі лебі еспегенінен хабардар оқырман қауымда қытай билігі үшін қоғамға осынша шектен шыққан бақылау орнатудың қандай қажеттілігі бар деген сұрақ туындайтыны заңды.

Қытай тарихына көз жібертсек, қытай қоғамы ауық-ауық циклді түрде тұтас бір мемлекетті ыдыратып жіберуге дейін барған бұлғақ кезеңдерді басынан өткеріп отырған.

Қытайдың өз ішіндегі университеттерінің, сондай-ақ Массачусетс технологиялық институтының (MIT) Қытай қоғамының әлеуметтік-экномикалық және саяси динамикасын моделдеу бойынша жүргізген зерттеулеріне сәйкес, қытай билігінің басшылығынан тәуелсіз ішкі және сыртқы жағымсыз факторлардың әсерінен шамамен XXI ғасырдың 20 жылдарынан бастап Қытайда тұрақсыздық жағдайлар орын алып, олар 2023-2037 жылдары өзінің шарықтау шегіне жетеді. Осыған орай қытай билігі жақындап қалған бұлғақ кезеңнен қатты қауіптеніп, әлеуметтік кредит жүйесіне болашақта орын алуы мүмкін қақтығыстар, шиленістер мен қарсылық көніл-күйлердің алдын алатын құрал ретінде қарап, бұл жобаға үлкен үміт артып отыр. Бұл бір қарағанда толықтай негізі бар өміршен позиция. Себебі, бүгіндегі қытай билігінің иелігіндегі жасанды интелект, аумалы-төкпелі құбылып тұрған төрткүл дүниедегі оқиғалардың аясында жүйеде жинақталған өте ауқымды әртүрлі мәліметтердің негізінде қытай қоғамының ішіндегі әлеуметтік процестер мен саяси жағдайларға дер кезінде сараптама жүргізіп, болажам жасауға, азаматтарының жүріс-тұрысы мен мінез-құлықтарындағы тенденцияларды бақылап, уақытылы әлеуметтік-саяси және мәдени-тұрмыстық шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Осы үміттің жетегімен қытай билігі әлеуметтік кредит жүйесі жобасын жылдам әрі жаппай енгізуде.

Алайда қытай билігі әлеуметтік кредит жүйесін, жасанды интелектті, өндірісті ғана емес тұтас қоғамды басқаруды цифрландыруды адам баласының игілігіне емес керсінше адам баласының ең жоғары құндылықтары болып табылатын бас бостандығы, сөз бостандығы, еркін ойлау тәрізді құқықтарды бұзуға бағытталауы, аз ұлттарды езіп-жаншып, қытайландыру саясатына қолданылуы қытай қоғамындағы азаматтарды ғана емес, әлем елдерін алаңдатуда.

Сондай-ақ, Қытай елінде енгізіліп жатқан әлеуметтік кредит жүйесі сыртқы әлемге, соның ішінде іргесіндегі көршісі болып табылатын Қазақстан тәрізді біздің елге қалай әсер етуі мүмкін деген сұрақ әрқайсымызды мазалайтыны рас.

Бұл сұраққа жауап алу үшін бізге тағы да Қытай елінің тарихына үнілуіміз қажет. Қытай тарихында көрші елдерді жаулап алу мақсатында сыртқы әскери экспанциялар сирек жүргізілген. Көбі сәтсіз аяқталған. Орта Азия елдерін бағындыруға бағытталған Тан империясының басқыншылық жорықтары 751 жылы Атлах маңындағы шайқаста тоқтатылып, Қытай елінің Орта Азия елдеріне қатысты территориялық талаптары алдағы мың жылдыққа кейін шегерілді. XVIII ғасырдың екінші жартысында ғана Цинь империясына Шығыс Түркістанды, яғни қазіргі Шыңжан автономиялық ауданының аумағын әскери жорықтары нәтижесіне өзіне қосып алудың сәті түсті.

Зерттеуші Таласбек Әсемқұлов Ағамыз атап көрсеткендей, Ұлы Қытай қорғаны құрылысы салына бастағаннан бері қытай билеушілері дүниені ішкі және сыртқы Қытай деп бөліп қарап, қабырғаның ішіндегі Қытай – Аспан асты елінің орталығы, ал қабырғаның сыртындағылар бағынғаны бар, әзірге бағынбаса да кейін бағындырылатын – бұратана жұрттар ретінде есептелінді.

Қытай билеушелерінің қандарына сіңіп, менталитетіне айналған осы ұстанымы тұрғысынан алғанда біздердің Қытайға қатысты қауіпіміз негізсіз емес.

Бүгіндегі Қытай айналасындағы көрші елдерге аса бір қажеттілік туындамаса, әскери экспанция жасауы неғайбіл. Алайда әртүрлі қитұрқы келісімдермен қаржы және экономикалық тәуелділікке түсіріп, соның өтемі есебінде жер учаскелерін талап ету әбден мүмкін болатын сценарий.

Сарапшылар Қытай Халық Республикасы «Бір белбеу – бір жол» жобасының аясында негізгі сауда-экономикалық қарым-қатынас жолдары өтетін Орта Азиялық таранзиттік елдер аумағында өздерінің мәліметтер базасына ингерацияланған арзан немесе су тегін бейнебақылау жүйелерін орнату арқылы ол елдерді бақылауға алып, ықпалын жүргізуді көздейді деп пайымдайды.

Әлеуметтік кредит жүйесінің элементтерін «Ұлы Қытай қорғанынан» тысқары жатқан сыртқы елдерге экспорттау бойынша Қытай елі біршама жетістіктерге қол жеткізді. Мәселен, Никарагуа елінің ішкі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау жүйесі мен әлеуемттік кредит жүйесінің кейбір блоктары ол елге тегін берілді. Сонымен қатар Боливия, Эквадор, Танзания, Мозамбик, Эритерия сияқты елдердің қажеттіліктеріне бейімделген әлеуметтік кредит жүйесінің бағдарламалық-аппараттық, бейнебақылау модульдерін құру үшін аталған елдер мен Қытай Халық Республикасы арасында келісімдер жасалды. Ал 2020 жылдан бастап Қазақстан, Моңғолия, Қырғыстан және Қытайдың мамандарының бірлесе әрекет етуімен осы аталған едерге лайықталған әлеуметтік рейтингтеудің жүйесін негіздейтін техника-экономикалық құжаттар топтамасын жасау жұмысы қолға алынбақшы. Атқарылатын жұмыстар бойынша негізгі шығынды Қытай өз мойынына алып отыр. Осы тұста сөз орайы келіп тұрған соң бүгінде Қазақстанның бірталай қалаларында көптеген замандастарымыздың қалтасын қағып, сергелденге түсірген «Сергек»жол қозғалысын бақылау жүйесінің бейне камералары Қытай алпауыты – Hikvision компаниясының қарабайыр ғана өнімдері екенін атап өтеміз. Болашақта Қытайдың жоғарыда көрсетілген елдерге лайықтаған әлеуметтік рейтингтеу жүйесі сәтті апробациядан өтіп экспортталып жатса, жасанды интелектпен қамтылған бейнебақылау және адамның бет жүзін танитын қондырғылардың соңғы буындары келетіні, соған орай көретін көрешегіміз әлі алдымызда екені айдан аңық.

 Орасан зор ауқымдылығы мен өте үлкен қаржы және технологиялық ресурстарын талап ететін жобаның жүзеге асуына әлемнің әрбір елі көз тігіп, демдерін ішінен алып бақылап отырғаны белгілі. Осыған орай келесідей сұрақтардың туындауы заңдылық.

Қытай елінің бүгіндегі экономикалық қуаты мен потенциалы, сансыз адам ресурсының болғанының өзінде, Қытай Халық Республикасының жоғарыда баяндағанымыздай өте үлкен - мега жобаны жүзеге асыруға қуаты жетеді ме?

«Әлеуметтік кредит жүйесі» - деп аталатын өте үлкен мега жобаны Қытай Халық Республикасы жүзеге асырғаныменде, Қытай билігі әуелде көздеген мақсатына қол жеткізе алады ма, яғни жасанды жолмен үйлесімділік пен шынайылыққа һәм өзара сенімге негізделген қоғам құра алады ма?

Адамдардың барлық әрекеттерінің өзегі Ар-ұят емес әлеуметтік рейтинг болып табылатын қауымдастықта қаншалықты деңгейде өзара сенімге негізделген үйлесімді һәм шынайы қоғам орнатуға болады?

Әлеуметтік рейтингін көтеру үшін жақындары мен достарының, көршісінің үстінен көрсетуге дайын индивидуум қаншалықты дәрежеде мызғымас тұрақты қоғамның сенімді өкілі бола алады?

Әлеуметтік рейтингісі жоғары, сырт көзге мінсіз көрінген адамның ішікі жандүниесі де мінсіз таза болатынына жансыз жасанды интелект кепілдік бола алады ма?

Бойында әуелден адамға ғана тән қадыр-қасиеті бар сот төрешілерінің өзі жаза басып, әділетсіз шешімдер қабылдап кейбір жандардың тағдырын тәлкекке салып жатады. Ал, мейірім, шапғат, әділеттілік, обал, сауап, кие, қадыр-қасиет тәрізді ұғымдардан ада, бар болғаны бірнеше секундтардың ішінде мыңдаған операцияларды жүзеге асырып, сараптама-талдау ғана жасай білетін жансыз жасанды интелектке адамның әрекеттеріне баға беріп, тағдырына қатысты шешім қабылдату қаншалықты дұрыс?

Cөз соңында Қытай халқының адамның Ар-ұяты, Ұжданына қатысты мынандай тәмсіл әңгімесін қысқаша айта кетсек артығы болмас.

Ертеректе Қытай елін ұйқысыздық дерті басып, халқы қатты қиналыпты. Ол былай болған екен, Қытайдағы ел күндіз тіршілік қамымен жүріп, кешке қонаға келіп, үйінде ұйқыға жатарда қалай екені белгісіз, айдай сұлу әдемі қыз кейпінде Ұждан келіп, адамдардың ұйқысын бұзып, сол күндегі адамгершілікке жатпайтын әрекеттерін әшекере қылып, беттеріне басып, Ардың сотына салып соттайды екен. Содан адамдардың ұйқысы бұзылып, түн бойы дөнбекшіп, қатты азап жегіп жүріпті. Бірде Ар сотының азабына шыдамай Қытайдағы ең бай Си Лу Жи деген адам бүткіл байлығын кедей-кепшіктерге үлестіріп жіберіпті. Бұл оқиғаны естіген Қытайдың бай-манаптары дүрлігіп, тіпті Қытай патшасының өзі қатты сасқан екен. Содан олар барлығы бірігіп ақылдасып, бұл дерттен құтылудың жолын қарастырыпты. Патша ұйқысыздық дертінен елді құтқарған адамға ат басындай алтын беремін деп жарлық шығартыпты. Күндердің күніңде патшаға Қытайдағы жасы жүзден асқан Ту Ту Син деген дана қария келіп, бұл дерттен құтылатын жолды білетінін жеткізеді. Қуанып кеткен патша не істеу керек екенін сұрайды. Сонда Ту Ту Син тездетіп өмірдің барлық салаларын қамтитын заң жазып шығару керек екенін жеткізеді. Түкке түсінбеген патша үмітін үзбей, сарайдағы барлық уәзірлерін алдыртып заң жаздыруға отырғызады. Уәзірлері бел шешпей, күн-түн демей бір аптаның ішінде өмірдің барлық салаларын қамтитын заңдарды жазып шығады. Мұнан кейін Ту Ту Син осы заңдарды көбейткізіп, қоғамдық орындардағы барлық қол жетімді жерлерге ілгізіп, бұқара халықа таныстырады. Заңның талаптарымен қоғамдағы барлық адамдар танысқаннан кейін ұйқысыздық дерті сап тыйылған екен. Себебі, түнделетіп келіп Ар сотына салып, тергей бастаған Ұждан қызға қытайлықтар: «Басымды қатырмай, көзіме көрінбей кет жоғал. Мен не істесемде заңның аясында істедім. Заңнан аттаған жоқпын» деп жауап бере бастады. Бұдан кейін Ұждан қыздың салы суға кетіп, әрбір үйден сүмірейіп шығатын болған екен. Ұжданның сөзі ешкімге өтпейтін болыпты. Сонымен Ұждан шарасы құрығаннан кейін осы амалды ойлап тапқан Ту Ту Син қарияның үйіне барып, ұйқысынан оятып: «Ей қария, сен неге заң жазғызып беріп, халықтың бетін Ар-ұжданнан бұрып жібердін» деп тергемекші болғанда, Ту Ту Син: «Неге есікті қақпай кіресін, ей әдепсіз? Егер білмесен заңның бәленбайыншы бабына сәйкес біреудің үйіне рұқсатсыз кірген адам ұры болып есептелінеді, әрі түнделетіп жүрген әйел заң бойынша ойнасшы болып табылады» деп, күзетшілерді шақыртып, Ұжданды ұстатып, зынданға салдырған екен. Осыдан бастап Қытай өлкесі ұжданнан біржола құтылып, тыныш ұйықтайтын болыпты. Бірақ Ұжданның аты ел жадынан өшпей қалғандықтан, кейбір адамдар зорлықшының ісіне шыдай алмай: «Мынауын қиянат. Сенде ұждан жоқ екен» дейтін. Ал қиянат жасаушы: «Ұждан сенде жоқ, бізде көп! Қол-аяғы байлаулы, абақтыда толып жатыр» дейтін.

Сонымен бүгіндегі Қытай үкіметі мына «Әлеуметтік кредит жүйесі» арқылы «Зынданда жатқан Ұждан қызбен серігі Ар-ұятты» мүлдем жойып жібермекші ме?

Садуақасов Аманкелді

Пайдаланған дерек көздері:

1)   http://otuken.kz/%D0%B0%D1%88%D1%82%D1%8B%D2%9B-%D0%B6%D3%99%D0%BD%D0%B5-%D1%81%D0%BE%D2%93%D1%8B%D1%81/

2)   http://zavtra.ru/blogs/kitajskaya_sistema_sotcial_nogo_kredita_traditcii_i_tehnologi 

3)  https://ru.m.wikipedia.org/wiki/%D0%A1%D0%B8%D1%81%D1%82%D0%B5%D0%BC%D0%B0_%D1%81%D0%BE%D1%86%D0%B8%D0%B0%D0%BB%D1%8C%D0%BD%D0%BE%D0%B3%D0%BE_%D0%BA%D1%80%D0%B5%D0%B4%D0%B8%D1%82%D0%B0

4)   https://rb.ru/opinion/peregnat-podnebesnuyu/

5)   https://ru.wikipedia.org/wiki/%D0%92%D0%B5%D0%BB%D0%B8%D0%BA%D0%B0%D1%8F_%D0%9A%D0%B8%D1%82%D0%B0%D0%B9%D1%81%D0%BA%D0%B0%D1%8F_%D1%81%D1%82%D0%B5%D0%BD%D0%B0

6)   https://rus.azattyq.org/a/kazakhstan-china-survelliance-camera/30210035.html

7)   «Логотериапия немесе өмірге құштарлық» кітабы, 120-122 беттер.