Weekend
Уақыттың қадірі
Қазақ "Күндерім, қайран күндерім,
Кетті екен қайда, білмедім?
Жоғалған жастық шағымды
Қайтарып берер кім менің?!
Уақыт, қатал уақыт,
Тасты да тастар уатып.
Бос өткен менің уақытым,
Жанымды жатыр жылатып...
Өткізе бермей жай ғана,
Уақытты жарат пайдаңа.
Жиырма төрт сағат – тең уақыт
Берілген кедей-байға да..."
Жастық шақтың орны толмас байлық екенін ақын Алмас Темірбай көркем тілмен кестелеп әсерлі жырлаған екен. Рас, жастық жігер кез келген асуды бағындырып, тау қопаратындай күшке ие. Алайда бұл шақ құм сияқты көзді ашып-жұмғанша қолдан сусып кетеді. Демек, уақыттың қадірін дер кезінде түсініп, кәдеге жаратпасаң, кейін сан соғып қалуың әбден мүмкін.
Тарихқа көз тастасақ, қазақта жасындай жарқылдаған азаматтар аз болмаған. Олар жас болса да елдің қамын күйттеп, артында бар қазаққа үлгі боларлық із қалдырды. Арман-мұраттары биік болды.
"Қараңғы қазақ көгіне,
Өрмелеп шығып, күн болам.
Қараңғылықтың кегіне,
Күн болмағанда кім болам?!" – деген Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өршіл рухты өлеңі әлі күнге дейін ауыздан түспей айтылып жүр. Бар болғаны 27 жыл өмір сүрген ақынның артында қалған мұрасы ұшан-теңіз. Өлеңдерін айтпағанда, "Қамар сұлу", "Кім жазықты" романдары қандай көркем?! Ғұмыры жеткенде талай биікті бағындырар еді, жарықтық! Жастық шақтың қадірін жете білген ол білім нәрімен сусындап, оқыған-тоқығанын шәкірттеріне үйретіп, "Айқап" журналында қызмет етті. Елдің қамын күйттеген ер осылайша халық жадында қалды.
Қысқа ғұмырында еліне елеулі еңбек сіңіргендердің бірі – ғалым, ағартушы, этнограф, географ Шоқан Уәлиханов. Дәулетті отбасында дүниеге келсе де, бай балалары сияқты жастық шағын зая кетірмеді. Байлыққа мастанбай, талпынып, білім қуып, ғылымға өлшеусіз үлес қосты. Бірнеше ғылыми еңбек жазған ол өкпе ауруына шалдығып, 30 жасында өмірден озды.
Қамшының сабындай ғана ғұмыр бұйырған тұлғаның бірі – Ғани Мұратбаев. Ол 23 жыл өмірінде ағартушылық бағытта қызмет етті. 19 жасында қазіргі "Жас Алаш" газетінің бірінші нөмірін шығарып, бас редактор қызметін атқарды. Жастарға жол сілтеді.
Ауыр дерттен 24 жасында көз жұмған қазақтың асыл перзенттерінің бірі – Саттар Ерубаев. Бала кезінен зеректігімен көзге түскен ол да зор талабымен әдебиеттен ойып тұрып орын алды. “Қарағанды пролетариаты”, “Лениншіл жас” газеттерінде редакторлық қызмет атқарған оның кейінгі ұрпаққа бірнеше новелласы мен "Менің құрдастарым" атты романы қалды.
Небары 30 жасында о дүниелік болған ақын Төлеген Айбергеновтің де қазақ халқы үшін орны бөлек. Студент кезінде-ақ талантымен жарқырай көрініп, көзінің тірісінде “Арман сапары”, “Өмірге саяхат” деген кітаптары жарық көрді.
Байқасаңыз, уақыт біреуге жетпейді, ал біреулер үшін өтпейді. Аталған Алаш ардақтыларының ғұмыр жасы қысқа болса да, артында қалдырған мұрасы мол. Қазіргі жастардың бұл ағаларынан үйренері көп.
Техникаға жақын жастарға да үлгі боларлық жандар аз емес. Мәселен, Марк Цукерберг 19 жасында "Фейсбук" әлеуметтік желісін, Билл Гейтс 20 жасында “Майкрософт”, Стив Джобс 21 жасында “Apрle” компаниясын құрды. Бүгінгі таңда америкалық өнертапқыштың ойлап тапқан смартфондарын екінің бірінің қолынан көруге болады. Ғаламат емей, немене?!
Бүгінгі күннің жастарының бойынан осындай ерік-жігер табыла ма?! Шыны керек, қазір жастық шағын елтең-селтеңмен өткізіп жүрген қыз-жігіттер аз емес. Қолы қалт еткенде кітапқа емес, телефонға шұқшиятындардың, қорқор шегіп желігіп, түнгі клуб жағалайтындардың қатары күннен-күнге артып келеді. Осылайша, ерік-жігерді бос әурешілікке жұмсап, денсаулықтарына зиян келтіруде. Алтыннан қымбат уақыт олардың ақыл тоқтатуы үшін кідіре ме?! Әлі ерте деп жүргенімізде, ертең тым кеш болмасын.
Әзілхан Нұршайықовтың "Өмір өрнектері" күнделігінен алынған мына үзінді сөзімнің түйіні болсын: "Уақыт бар ғой деп бүгінгі ісіңді ертеңге қалдырма. Өмірдің ұзақ екені рас, бірақ ол біреу ғана. Зымырай шапқан асаудың мойнындағы арқандай шұбалып, ол тез өтіп кетпек, оны өз тұсыңнан өте бергенде бас салмасаң, өтіп кеткеннен кейін қусаң да жете алмайсың".
Нұржан Арманұлы