Саясат

Павлодар облысы әкімінің суретін өзінің көзінше «миллиондарға» сататындай не күн туды?

Қоғам дерті

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Аукционда миллионға ұсынылған облыс әкімінің суретін кім сатып алды Павлодар облысы әкімінің портреті қанша миллион тұрады?

Әлеуметтік желіде жарияланған облыс әкімі Болат Бақауовтың аукционға түскен суреті қоғамда қызу талқыланып жатыр.

Белгілі сықақшы Тұрсынбек Қабатов жүргізген кешке кіл қалталы кәсіпкерлер қатысқан.

Тілшілер мен азаматтық қоғамның сынынан соң, жергілікті билік өкілдері дереу ақталуға тырысты. Олардың сөзінше, «аукцион қайырымдылық кеште ұйымдастырылды-мыс». Видеодағы Тұрсынбек Қабатовтың айтуына қарағанда, янтарьдан жасалған әкімнің портреті 31 миллион теңгеге сатылған. Кешке жиналған кәсіпкерлер бейне бір «Монализа» (Леонардо да Винчи), «№5, 1948» (Джексон Поллок), «Монмартрдағы балл» (Пьер-Август Ренуар), «Түрксіб» (Әбілхан Қастеев) картиналары бәссаудаға түсіп жатқандай арқаланып, делебесі қозғаннан ба, әйтеуір әлдебір тылсым күштің әсерімен миллиондарды ондаған лимондай лақтырып, қол көтеріп жатады.

Қаныш Сәтпаев, Баян батыр, Малайсарының портреті, бас-аяғы 20 шақты картина бәссаудаға шығарылған. Жалпы құны 50 миллион теңге табыс түскен деседі. Кеш жүргізушісі шоумен Ярослав Мелехин видеодағы жағдайдан бөлек сахнаның артында қаншаға сатылғанына көзі жетпейтінін, тіпті «50 миллионға кетсе де қайырымдылыққа жұмсалады» деген уәж келтірді.

Десе де облыс әкімінің баспасөз хатшысы Ернар Сайдахмет әкімнің портреті «бар болғаны 700 мың теңгеге сатылды» деп міз бақпай отыр. Әкімдік тілмашы тілшілерге берген сұхбатында желіде тараған миллиондар прайсын «жай ғана Қабатовтың  әзілі» деп, тіпті «әкім суретінің жеңімпазының» есімін құпия ұстауға тырысқан. Ақпарат құралдарының іздестіруі нәтижесінде оның Гнел Акопян екені анықталған. Ашық дереккөздерге сүйенсек, мәслихат депутаты, тендерге қатысып жүрген, жол құрылысымен айналысатын белгілі кәсіпкер Акопян қайырымдылық мақсатында өткізілген аукционда картинаны 31 миллион теңгеге ұтып алғанын растаған.

Осы тұста қазақ тарихи тұлғаларының галереясына «түсініксіз» жағдайда еніп кеткен әкімнің портреті туралы мәселені бүркемелеуге тырысқан баспасөз хатшысының сөзінің «өтірігі ашылғандай» болды.

Бір қызығы, Болат Бақауовтың өзі қатысқан салтанатты кеште көзі тірі адамның, өнер немесе образды тұлғаның емес, шенеуніктің суретіне көзінше жарыса таласуы қандай эмоциялық салмақ түсіруі мүмкін деген ой туады. Заң жүзінде қайтыс болғанына 5 жыл болмай жатып ескерткіш тұрғызуға болмайтын Қазақстанда бәрі мүмкін тәрізді. Қоғам сарапшылары мен ағартушылары аталған жағаұстатарлық жағдайды «Жастар жылында» не өнеге?», «Қайырымдылықтың да реті болады ғой» деп айыптауда. Көпшіліктің пікірі «жағынудың қай ақылға, гуманды құндылыққа сыятын, қалайда болсын ақтауға келмейтін әрекет» дегенге келіңкірейді.