Саясат

Газет пе әлде интернет пе?

Қазіргі жаһандану заманында қайсысын таңдағанымыз жөн?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қоршаған орта кез келген адамның өзіндік таным-түсінігін, өмірге деген көзқарасын қалыптастырады. Дәл осы секілді біздің күнделікті жаңалықтармен хабардар болуымыз да  өз кезегінде біздің дүниетанымымыздың қалыптасуына ықпалын тигізеді.

XXI ғасыр – жаһандық жаңалықтарға толы ғасыр. Ендігі туындайтын сұрақ мынадай: газет-журнал ма әлде ғаламтор желісі ме?

Болашақ журналист мамандығының маманы ретінде бұл сұрақ мені жиі мазалайды. Қорқатыным да бар. Мен үшін әркез дәстүрлі медианың орны жоғары болмақ. Газет – ақпарат көзі. Газет- қоғамның бір мүшесі, құлағы не тілі іспетті. Газет – төртінші билік өкілдерінің ажырамас бөлшегі. Бүгінгі күннің өзекті жаңалықтарымен, түрлі мәселелелерімен халықты хабардар етіп отыратыны бәрімізге мәлім. Баспа басылымдарының тарихы да тым әріде жатыр. 

Ал ғаламтор ше? Еш талассыз, бүгінгі күні  қаланы қойып, тіпті, шалғайдағы ауыл-аймаққа да жетті. Ғылым мен технология күн сайын шарықтап дамып жатқан тұста біздің қуануымыз шартты дүние.  Ғаламтор желісінің де артықшылығы өз алдына бір төбе болғанымен, кемшілігі де жоқ емес. Келісемін,  газетке қарағанда ғаламтор арқылы жаңалықтар туралы тез мәлімет алып, хабардар болуға үлкен мүмкіндігіміз бар. 

Ғаламтор желілері арқылы тіпті көпшілікке үндеу жасап, мәселелерді шешіп жатқан адамдар да аз емес. Ғаламтор арқылы кәсібін өрбітіп жатқандарға да куәмін. Дегенмен, сөз баспасөз тарихы жайлы болып тұрғандықтан бұл сұрақ талайды толғандырады. Иә, газет те, ғаламтор да бір- бірінен қызметі жағынан еш қалар емес.

Ақпараттық технологиялардың дамуы еш уақытта басылымдар мен әдеби кітаптарды өз оқырмандарынсыз қалдырмайтынына сенімдімін. Жұмыс күнін газет пен журналдардың жаңа нөмірімен бастайтын, қоғамдық көліктегі, мейрамханалардағы бос уақытында басылымдарға көз жүгіртетін, кітабын заманауи гаджеттерге ауыстырғысы келмейтіндерді ескіліктің адамы ретінде емес, құрмет тұтып қарайтын болсақ еш уақытта жаңа медианың дәстүрлі медианың орнын алмастырмасына көзім жетеді.

Міржақып Дулатов «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы зор» деп айтқан екен. Бұл жай айтылған сөз емес. Оның бұл сөздері өз өміршеңдігін жойған емес. Мемлекеттік тілде шығатын басылымдар – ұлттық қауіпсіздігіміздің басты тірегі. Заман ағымы жаңа жетістіктерге жетелесе де, газет пен журналдың орны әрқашан бөлек боларына сенімдімін.