Саясат

Азғындыққа неге тоқтам болмай тұр?

Сұмдық жағдайдан сабақ ала аламыз ба?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Жуырда Тараз қаласы, №6 орта мектепте орын алған жағдай көптің жағасын ұстатты. 7 сынып оқушысын зорлаған азғынның әрекеті қоғамдық резонанс тудырып, БАҚ беттерінің басты тақырыбына айналды. Жамбылдық құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жедел әрекет етуі нәтижесінде 38 жастағы күдікті қамауға алынды.

Осы бір жантүршігерлік оқиғаның салдарынан бірқатар лауазымды тұлғалар қызметтерінен босатылғаны белгілі болды. Алайда бұл мәселенің түйінін тарқата ала ма? Сол жағына бір сәт назар аударып көрейікші. 

- Аталған оқиғаға байланысты облыс әкімі Асқар Мырзахметов шұғыл жиын өткізді. Жиын барысында аймақ басшысы тиісті мемлекеттік органдардың басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді. Атап айтар болсақ, бүгінде облыс мектептерінің 98,4 пайызы бейнебақылау камреасымен қамтамасыз етілген. Енді осы көрсеткішті 100 пайызға жеткізу жоспарлануда. Сондай-ақ істен шыққан, жарамсыз бейнебақылау қондырғыларын алмастыру үшін келер жылдың бюджетінен 54 миллион теңге қарастырылуда. Жыл соңына дейін мектеп әжетханалары мен қоршауларын барлық талаптарға сәйкестендіруде күн тәртібінде тұрған басты мәселелердің бірі. Ағымдағы жылдың басында мектеп инспекторларының жұмыс алгоритмі белгіленген болатын. Осыған сәйкес олардың ата-аналар мен қамқоршылық кеңестерінің алдында есеп беріп отыруы міндеттелді. Соған орай оларға қойылатын талап бұрынғыданда күшейеді. Енді бұдан кейін балалардың қауіпсіздігін мектеп инспекторлары ғана емес, патрульдік полиция қызметкерлері де қадағалайтын болады. Қазіргі таңда мектептерде тәрбие саласына жауапты 1567 лауазымдық бірлік бар. Солардың бәрінің лауазымдық міндеттері қайта қаралып, нақтыланады, - деді облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова.

Бұл болған оқиға туралы жоғарыда айтқанымыздай, барлық баспасөз құралдары мен әлеуметтік желілер жарыса жазды. Сондықтан біз бұл жағдайдың қалай өрбігені жайлы тәптіштеп жатудан аулақпыз. Алайда  мұндай әрекеттің ендігәрі қайталанбауына кім кепілдік бере алады? Осыдан 2-3 жыл бұрын ел Парламенті педофилдерге кастрация жасау туралы заң жобасын мақұлдаған болатын. Дегенмен мұның өзі оларға тосқауыл қоя алмай жатқандай. Аты да, заты да жат осы бір «педофил» деген ұғым қазаққа қайдан келді? Тәрбиені тал бесіктен бастаған елімізде мұндай әрекеттер неге көбейіп барады? Бұған кінәлі қоғам ба әлде адамның өзі ме?

«Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы Жамбыл облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институының мектепке дейінгі тәрбиелеу және инклюзивті білім беру кафедрасының меңгерушісі Күнсұлу Тәукебаеваның сөзінше, қауіпсіздік шараларын қанша жерден күшейткенімен, адамның санасы өзгермейінше мұндай жайттар сиремейді.

- Қазақстандық қоғамның қазіргі жағдайында, қоғамдық сананы жаңғырту басты мәселе деп ойлаймын. Өзіміздің ұлттық тәрбиені адам санасына сіңіру аса маңызды. Ғасырлар бойы бабаларымыз тәрбиеге көңіл аударып, ер азаматты отанымызды қорғауға тәрбиелеген.  Соңғы кезде облысымызда жиі орын алып жатқан оқиғалар бүкіл қазақтың намысын таптап, өрімдей қыздардың арын төгіп, ер азаматқа деген сенімді жоғалтқандай. Сонда біз өз ер азаматтарымыздан қорғануымыз керекпе? Бүгінде барлық оқу орындарында жас ұрпаққа рухани - адамгершілік, инттеллектуалдық тәрбие берілуде. Бірақ балаға зорлық-зомбылық жасайтын адамды калай танып білеміз? Олар барлық  жағдайды бақылап,  көзің калт етсе, өзінің жаман ойын жүзеге асырады. Заң талаптарын қүшейтіп, ондай адамдарға қатаң жаза тағайындау керек. Сондай-ақ  балалардың өзіндік санасын дамытуға жағдай жасап, жеке тұлғаның әдеп ұстанымын, оның қоғам өмірінің нормалары мен дәстүрлерімен ұштасқан моральдік қасиеттеріне қөңіл бөлу қажет деп санаймын, - дейді Күнсұлу Сатханқызы.

Ал М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті гуманитарлық-әлеуметтік ғылымдар факультеті деканының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары Майра Сейсембекова қазіргідей уақытта оқушылармен және кәмелетке толмаған колледж, университет білімгерлерімен профилактикалық жұмыстарды жиірек өткізген жөн деп санайды. Майра Айтбайқызының пікірінше, осы бір жантүршігерлік жағдайдың болуына мектеп әкімшілігінің өз жұмыстарына немқұрайлы қарағандары да басты себеп.

- Бүгінде барлық мектепте вахтерлар мен мектеп инспекторлары бар. Барлық жерде бейнекамера орнатылған. Оның үстіне мектеп әжетханасының аулада екендігін біле тұра, пән мұғалімінің оқушыны ұзақ уақыт бойы іздемеуі ешқандай ақтауға келмейді. Қалалық жерде орналасса да  балалардың ауладағы әжетхананы пайдалануы  да мектеп басшылығының салғырттығы деп білемін, - дейді декан орынбасары.

Осы бір жантүршігерлік жағдай қоғамда біраз дүрбелең туғызды. Әлеуметтік желідегі түрлі жазбалар мен пікірлер сол сөзімізді айғақтайды. Әрине, ешбір адам өз перзентінің зорлық-зомбылық көргенін қаламайды. Барлығы өз ұл-қыздарының алаңсыз білім алуына жағдай жасалғанын көргісі келеді. Көпбалалы ана Мархабат Естаева сол жағдайды естіген соң балаларын мектепке жіберуге қорқып қалғанын айтады.

-  Расында бұл бір сұмдық оқиға. Өкініштісі бұл бірінші рет болып отырған жоқ. Теледидарды қосып қалсақ мұндай  неше түрлі қорқынышты жайттардың куәсі боламыз. Шынын айту керек, балаларымыздың қауіпсіздігіне алаңдап түн ұйқымыз төрт бөлінеді. Ұл-қызым мектептен оралғанша жанымды шүберекке түйіп отырамын. Ал мұндай адамдардың көбеюіне не нәрсе кінәлі екенін айта алмаймын. Бірақ, осындай жауыздардың аты-жөнін көпшілікке жария етіп, ел алдында қатаң жазаға тартқан жөн. Оларға ешқандай аяушылық жасалмаған кезде ғана жолын кесуге болады деп ойлаймын. Тек солай жасағанда ғана өзгелер сабақ алып, мұндай жаман қылыққа бой алдырмайтын болар, - деген пікірде көпбалалы ана.

Тараздағы сұмдық жайттан кейін қоғам мүшелерінің пікірі екіге жарылды. Бір тобы мұндай жағдайдың алдын алу үшін өлім жазасын енгізіп, балаларға аяушылық жасамағанға мемлекетте аяушылық білдірмеуі керек десе, енді бірі жеткіншектердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық шараны қолдану қажет деген пікірде. Ал үшінші тарап болса, балаға жастайынан ұлттық құндылықтарды сіңірмей бәрі бекер дейді. Неше күннен бері ғаламтор беттеріндегі қаптаған жазбалар мен пікірлерден түйгеніміз осы. Бұл жайлы аз жазылып, аз айтылған жоқ. Біздікі тек үн қосу ғана. Жарайды, қызметіне немқұрайлы қарады делінген бірқатар шенді жұмыстарынан босатылып, орнына жаңа басшылар тағайындалар. Алайда бұл педофилизм деген қауіпті құбылысқа қаншалықты тежеу болады? Бұл тек Жамбыл жерінде ғана болып отырған жоқ. Педофилдердің озбырлығына ұшырап, соңы өліммен аяқталған жағдайлар өкінішке орай көп кездеседі. Осындай жағдайға душар болған «он екіде бір гүлі ашылмаған» өрімдей балғындардың ертеңгі күні не болмақ? Алдымен осыған баса ден қойғанымыз жөн секілді. Психологиялық ауыр соққы алған олар келешекте қоғамға бейімделіп кете алама? Мәселе осында жатыр. Себеппен күрескенде салдарына да мән бергеніміз абзалырақ.

P.S. Осы оқиғадан шамалы күн өткенде баспасөз айдынында «Бас прокуратура педофилдерге өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын белгілейтін заң жобасын парламент қарауына ұсынды» деген ақпарат қылаң берді. Облыста да осы мақсатта бірқатар кешенді шаралар қолға алынатынын сөзіміздің басында тілге тиек еттік. «Аюға намаз үйреткен таяқ» дейтін бабалар сөзіне сүйенсек, заңның қатаңданып, бақылаудың күшейгені өте құптарлық іс. Әрине бұл педофил атаулының «тамырына балта шаба алса» құба-құп. Мұны енді алдағы уақыт көрсете жатар.