Саясат
Планеталық трагедия
ВВС ақпарат қызметінің хабарлауынша, аптап ыстық температура мен көпке созылған қатты құрғақшылықтың себебінен күз басталғалы бері жаппай өрт оқиғалары әлі де жалғасуда. Соңғы аптада өрт қарқыны күшейіп, көптеген қала тұрғындарын эвакуациялауға тура келген. Мыңдаған өрт сөндіруші мен еріктінің араша түскеніне қарамастан, 24 кісі ажал құшып, 6,3 млн гектар жер отқа оранып кеткен.
2018 жылы Аустралияның жазғы маусымында ұлттық парк аумағының 80 мың гектар жері, ал бұл жолғы қазан (2019ж.)-қаңтар (2020ж.) аралығында алдыңғысынан 10 есе, яғни 1,9 млн гектар аймақ өртенген.
Бір ғана Жаңа оңтүстік Уэльстің әлемдік мұраға енген 28 қорықтың 12-сі күлге айналып үлгерді. Өрттің қарқын алуын мамандар айрықша жоғары температура және ұзақмерзімді қуаңшылықпен байланыстырады. Штаттағы 130-дан аса орман өртінің салдарынан жасыл құрлықтың оңтүстік-шығыс жағалауы күйреп, кем дегенде, 17 адам қаза тапты.
NASA және басқа агенттік жерсеріктері ғарыштан алапат өрт аумағын бақылап отыр. Ең ауыр шығын – аса бағалы әлемдік мұра болып есептелетін Көк-шұбар таулардың (Blue Mountains) 20%-ы отқа оранып, ондағы биоценоз жүйесі адам айтқысыз апатқа ұшырады. Сонымен қоса желтоқсанның ортасына қарай Жаңа оңтүстік Уэльсте Мэрилендтің ауданымен пара-пар 27 мың шаршы шақырым аймақ күлге көмілген болатын. Қазіргі таңда Сидней секілді өрт зонасына жақын орналасақан қала-елді мекендерде ауа сапасының күрт төмендеуіне қатысты ескерту жасалды.
Виктория штатында да 800 мыңға тарта гектар аумақ өртеніп, ондаған үй жарамсыз күйде қирап қалған.
Ал Маллакута қаласында 31 желтоқсан жағажайға қарай ентелеген тілсіз жау адамдардың зәре-құтын қашырып, абырой болған жел бағытымен басқа жаққа ауысып кеткен. Сол күні аустралиялық әскери теңіз флотының көмегімен 1000 турист-тұрғын эвакуацияланған еді.
Оңтүстік жартышардың мәңгі жасыл ормандарына қырғидай тиген тілсіз жаудың бірден-бір бастауы – рекордтық температура дедік. Өткен айдың өзінде алтыншы құрлықтың эко-биографиясында температура 2 мәрте рекордтық көрсеткішке жеткен. 17 желтоқсан сынап бағаны 40,9°-қа көтерілсе, ал ертесіне 41,9°-ты көрсетті. Осы күнге дейін ең жоғары температура 2013 жылы 40,3° тіркеліп еді.
Public Radio International орталығының бағалауы бойынша «қызыл гүл» тиген құрлықта 1 млрд, Сидней университетінің профессоры Крис Дикманның есептеуінше 480 млн жануардың көзі жойылған.
Шілденің шіліңгір ыстығында жел тұрып, өртті ауыздықтауға бөгет жасады. Бірақ кеше, 6 қаңтар жауған жауыннан сытырлап лаулаған қызыл жалынның беті қайтайын деді. Кейбір босып кеткен тұрғындар үй-жайына оралып, бүлінбеген дүние-мүлкін реттеп жатыр. Десе де жергілікті билік органдары азаматтарға алдағы күндері күннің қайта ысынуына байланысты қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды ескертті.
Бұған дейін Аустралия үшін ең ауыр апат 2009 жылғы ақпанда Виктория штатында болған. Ол «қаралы сенбі» аталып кеткен оқиғада 180 адам қаза тапқан болатын.