Саясат
Саяси құрал
Көптеген саясаткерлер үшін экономикалық санкция – терроризм мен қақтығыс сияқты күрделі геосаяси мәселелермен күрестің таңдаулы құралы. Мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар экономикалық санкцияларды өздерінің мүдделеріне қауіп төндіретін немесе халықаралық құқықты бұзатын үкіметтік және үкіметтік емес субъектілердің стратегиялық шешімдерін өзгерту үшін салады.
Санкцияларды сынаушылар оны нашар ой және көбінесе мақсатқа жеткізбейді дейді, ал қолдаушылар оны соңғы жылдары нәтиже беріп, сыртқы саясаттың маңызды құралы болып қалуда деп есептейді. Мұны Батыстың, Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасы, Ресейдің Украинадағы интервенциясы сияқты геосаяси мәселелермен күресте қолдануынан білуге болады. Соңғы жылдар АҚШ Иран, Сирия, Ресей, Венесуэладағы қарсыластарына санкция салу арқылы санкциялар қолданысын көбейтті.
Экономикалық санкция дегеніміз не?
Экономикалық санкция дегеніміз сыртқы саясат пен қауіпсіздік саясаты негізінде әдеттегі сауда және қаржылық қарым-қатынастарды тоқтату. Санкциялар жан-жақты болады (бір елмен толықтай сауда қарым-қатынасына тыйым салу, мысалы, АҚШ-тың Кубаға салған эмбаргосы) немесе мақсатты бола алады (нақты кәсіпорын, ұйымдар, жекелеген тұлғалармен қарым-қатынасқа тыйым салу).
11 қыркүйек оқиғасынан кейін санкциялық саясат кінәсіз азаматтардың зардап шегуін азайтуға бағытталған мақсатты санкцияларға басымдық бергені анық. Санкциялардың әр түрі бар: жол жүруге тыйым салу; активтерді бұғаттау, қару-жарақ саудасына тыйым салу; капиталды шектеу; щетелдік көмекті азайту; сауда-саттықты шектеу (АҚШ-тың экспортты бақылау жүйесі, әдетте, санкциялық талқылаудан тыс қалады).
Санкция қандай жағдайларда қолданылады?
Жекелеген мемлекеттер, Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Еуропалық Одақ сияқты халықаралық ұйымдар экономикалық санкцияларды өздерінің мүдделеріне қауіп төндірген немесе халықаралық құқықты бұзған субъектілерге оларды мәжбүрлеу, тежеу, жазалау, ұялту үшін салады. Санкциялар терроризммен, есірткімен күрес, ядролық қаруды таратпау, демократия мен адам құқықтарын қорғауды жетілдіру, қақтығыстарды реттеу, киберқауіпсіздік сияқты сыртқы саяси мақсаттарға қол жеткізу үшін қолданылады.
Санкция мемлекеттің ішкі ісіне араласу болғанымен, соғыс пен дипломатияның арасындағы тәуекелі аз және шығын аз кететін шара.
Кейде басшылар санкцияларды, одан да қаталдау жазалау шараларына бағалау жүргізіп жатқанда салады. Мысалы, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі 1990 жылдың тамызында Саддам Хусейн Кувейтке басып кіргеннен кейін 4 күн өткен соң, Иракқа жан-жақты санкциялар салды. Қауіпсіздік Кеңесі тек бірнеше айдан кейін әскери күш қолдануға рұқсат берді.
БҰҰ-дағы санкция үдерісі қалай жүзеге асады?
Қауіпсіздік Кеңесі БҰҰ-ның дағдарысты реттеу бойынша негізгі ұйымы бола отырып, үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдармен экономикалық байланыстарын үзу арқылы жаһандық мәселелермен күресе алады. Санкция туралы қарар Кеңестің 15 мүшесімен, 5 тұрақты мүшесінің (АҚШ, Қытай, Ресей, Ұлыбритания және Франция) қарсылығынсыз (вето құқығы) көпшілік дауыс беру арқылы қабылдануға міндетті. БҰҰ-ның, оның барлық мүшелеріне міндетті, кең тараған санкциялары: активтерді бұғаттау, жол жүруге тыйым салу, қару-жарақ саудасына тыйым салу. БҰҰ-ның санкциялары арнайы комитет пен бақылау тобы басқарады. Әлемдік полиция агенттігі - Интерпол - санкция жөніндегі кейбір комитеттерге көмектеседі, әсіресе, Аль-Каида мен Талибанға қатысты мәселеде, алайда БҰҰ-да санкциялардың сақталуын қамтамасыз ететін тәуелсіз ұйым жоқ, сондықтан мүше мемлекеттерге (көбінің ресурстары шектеулі және санкцияның орындалмауын қудалауға саяси ынтасы төмен) сүйенеді. Бейресми деректер БҰҰ-ның санкциялары көбінесе нәтиже бермейтінін көрсетеді.
1990 жылға дейін Кеңес тек екі елге қарсы санкция салды: Оңтүстік родезия (1966) мен Оңтүстік Африка (1977). Дегенмен, суық соғыс аяқталғаннан кейін ұйым жиырмадан астам санкция салды, олардың көбісі мемлекетішілік қақтығыс тараптарына, мысалы, 1990 жылдардағы Югославия, Сомали, Либерия мемлекеттеріне қарсы салынды. Бірақ, бұған қарамастан, санкциялар әлемдік державалардың мүдделерінің бәсекесін көрсетіп, жиі келіспеушіліктерді тудыртты. Мысалы, 2011 жылы Ресей мен Қытай Қауіпсіздік Кеңесінің Сириядағы қақтығысқа қатысты бірнеше қарарына (олардың кейбіреуі президент Башар Асадтың режиміне қарсы санкциялар салуы мүмкін еді) вето қойды.
ЕО-да санкциялар қалай қабылданады?
Еуропалық Одақ санкцияларды өзінің ортақ Сыртқы саясаты мен Қауіпсіздік саясатының бөлігі ретінде салады. ЕОда ешбір бірлескен әскери күш болмаған соң, саясаткерлер санкцияны ең эффективті құрал ретінде көреді. Санкциялар саясатын қабылдау үшін Еуропа Одағы Кеңесі (ЕО басшылары) мүшелерінің бірауыздан шешімі керек.
1992 жылы құрылғаннан бері ЕО 30-дан астам санкция салған (онымен қоса mandated by UN). Сарапшылардың айтуы бойынша 2012 жылы Иранға салынған санкциялар ЕО үшін өзгерісті кезең болды: бұрын санкцияларды жеке тұлғалар мен компанияларға сала бастаса, енді мемлекетке қарсы санкцияларды қолдануды бастады. Онымен қоса, ЕО-тың мемлекеттері өздері жеке өз заңнамасы шегінде қатаңырақ санкцияларды сала алады.