Экономика
Ауадан ақша жасап отыр
Қазақстандық қаржыгер Мұрат Темірханов үкімет пен Ұлттық банктің экономика саласында өте нашар саясат жүргізіп отырғанын сынады. Ол мұны Forbes басылымына берген сұхбатында айтты.
Қаржыгердің айтуынша, мемлекет басына жаңа президент келгенімен, ол экономика саласында жүргізілген бұрынғы президенттің саясатын ары қарай жалғастырушы адам ғана. Сондықтан 2020 жылы да Қазақстанның экономикасынан қандай да оңды өзгеріс пен игі нәтиже күту қиын. Оның үстіне, қазақстан үкіметі дағдарыс жылдарында экономиканы ақылмен реттеудің орнына «ауадан ақша жасаумен» айналысып кетті.
- 2017 жылы және 2019 жылы Қазақстанның бюджет шығындарына қажет ақшаны Ұлттық банктен қосымша трансферт сұрау арқылы тапты. Яғни, Ұлттық банк 2017 жылдан бастап мемлекеттің банкрот алдында тұрған банкттер мен әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыруға кеткен шаш етек шығындарын жабу үшін «ауадан ақша жасап», баспа станоктарын іске қосып, қосымша ақша шығарып барып аман қалды. Ал үкіметтің Ұлттық банктен несие алып, қағаз ақшаны бейберекет басып шығарғаны оның экономикалық саясатының өте нашар екенін көрсетеді. Бұл дұрыс емес, - дейді қаржыгер.
Үкіметтің мұндай қадамға баруы экономиканы уақытша ұстап қалуға, сақтап қалуға көмектескенімен, ұзақ уақыт бойы экономиканы ұстап тұруына, өкінішке орай, қауқар бере алмайды. Өйткені экономика мұнайдың бағасы мен құр қағаз басып шығаратын станокке тәуелді болып қалды.
- Соның кесірінен біздің экономикамыз әлсіреп кетті. Содан ТМД елдері арасында Қазақстан инфляциясы көп ел болып шыға келді, - дейді Мұрат Темірханов.