Саясат
«Ұстаздардың бір де бір ұсынысы заңға кірмеді»
Қоғамда билік бекіткен «Педагог мәртебесі туралы» заңға қатысты туып жатқан басы ашық сұрақтар қатары толастар емес. Заңды әзірлеу және талқылау барысында қоғамдық күшті дискуссия жүрді. Тіпті ұстаздық ету үшін «заңдық ант» қабылдау нормасы халық трапынан қатты сынға ұшырап, кейіннен алынып тасталғаны белгілі. Ескі нормалардан тұратын пошымы жаңа заңның жарығы жетпейтін көлеңкелі тұстарын ұстаздардың өз көзімен қарап көрдік.
«Педагог мәртебесі туралы» заңның 5-бабында «Педагогикалық әдеп қағидаларының тәртібін білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітетіні» айтылған. Көптің педагогикалық әдеп деген ертеңгі күні «басқаша ойлауымен» басшылыққа жақпайтын белсенді мұғалімді жұмыс орнынан айыру тетігіне айналып кетпей ме деген алаңдаушылығы орынды. Қоғам белсенділері бұл «мұғалімді жазалау құралына айналуы мүмкін» деп уайымдайды.
Ұстаз мәртебесін арттыруға арнайы заң қабылдап жатқан Қазақстанның юстициясындағы Әкімшілік кодексінде педагогті қамау туралы бап қарастырылған. 127-бабындағы «Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және оған білім беру жөніндегі міндеттерді орындамау» айыбы бойынша мұғалімге 3,5,20 АЕК айыппұл салу немесе бір жыл ішіндегі қайталау үшін 5-20 күнге қамау көзделген. Аталған қайшылық туралы белгілі халық ұстаздарымен тілдескен едік.
Заңға енгізілмей қалған не алып-қосар норма туралы Қазақстанның білім саласының құрметті қызметкері, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері Өмір Шыныбекұлы о баста-ақ«заң жобасын дайындайтын жұмысшы топтың жетекшісі вице-министр Субханбердиева былтыр маусым айында жауапқа тартылған соң-ақ, жұмысшы топты қайта құру керек еді»деген уәж айтады. Тәжірибелі ұстаздың сөзінше, ол 2019 жылы 26 маусымда тарбағатайлық белсенді педагог Мейіржан Темірбекпен бірігіп білім министрі А.Аймағамбетовтің қабылдауында мұғалімдер қауымының атынан бірқатар ұсыныстарын өткізген.«Министр бір де бір ұсынысқа «бұл мүмкін емес» деп айтпап еді. «Қарастырып көреміз» деген. Өкінішке қарай сол ұсынысымыздың бір де біреуі заңға кірмеді»дейді Шыныбекұлы.
Ұстаздардың елеусіз қалған 15 ұсынысы
"Педагог мәртебесі" туралы заң жобасын дайындауға қатардағы мұғалімдер де тартылуы тиіс. Өз басым бұл заңнан педагогты қорғайтын ештеңе таппадым. Сайлау-санақ секілді мұғалімнің міндетіне жатпайтын жұмыстардан да бұл заң мұғалімдерді қорғай алмайды.
Мұғалімнің міндетіне жатпайтын жұмыстарға жеккен басшыға ескерту жасалады екен. «Бір жыл ішінде бұл жағдай қайталанса ғана әлгі басшыға айыппұл салынады» дегені тіпті арзан қулық. Бір жыл ішінде 2 сайлау болмайтыны анық.
Естеріңізде болса, өткен президент сайлауында кейбір әлеуметтік желі қолданушылары мен оппозициялық көзқарастағы қайраткерлер «Сайлау заңын бұрмалады» деп мұғалімдердің атына жағымсыз пікір айтқан болатын", – дейді заңға көңілі толмаған белсенді ұстаз Шыныбекұлы.
Көпшілік сарапшылар күн тәртібіндегі заңның әр алуан кодекстердің фрагменттерінен құралған «құрақ көрпе» деп санайды. Ең өзекті мәселелер зейнет жасы мен әкімшілік ресурстардың қысымы ел күткендей шешім таппады. Дәл осы тұста Тоқаевтың «ел үніне құлақ түретін мемлекет құру» тұжырымдамасы іс жүзінде көрініс таппады деп есептейтіндер көп. Бұл туралы «Мұғалім мәртебесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ұстаз, қоғамдық белсенді Мейіржан Темірбек:
– Жалпы «педагог мәртебесі» заңы сілтемелерден тұрады. Ол сілтемелер «педагог әдебі» т.б. сол секілді нормативті құжаттарға шығады. Оны өзгерту-қабылдау құқығы білім саласындағы уәкілетті органға тиесілі делінген. Сонда министрлікке келген әр министр өз заңын шығармасына кім кепіл?
Әкімшілік кодекстегі 127 бапта педагогтарға жаза қолдану туралы айтылған, ол қылмыстық кодексте де тұр. Сондықтан оқушыларға педагог тарапынан бақылау күшейтілмесе 10 күнге қамалады немесе айыппұл төлейді.
Жалпы заңның әлқиссасы ұзақ жылдар бойы ұстаздар қауымының «билік қолбаласына» айналуы туралы сыннан кейін 2018 жылы қолға алынған болатын. Үкімет басшысы Асқар Мамин«ҚР экс-президенті Назарбаевтың бастамасы бойынша әзірленген»деп есептейтін «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы былтырғы маусымнан бері ашық талқыланып, жыл соңында қазіргі президент Тоқаевтың қол қоюымен бекітілді. Министрлік дерегінше, заңды жүзеге асыруға тек бюджеттің өзінен 1,2 триллион теңгеден астам қаражат қарастырылған.
2017 жылы елдегі мұғалімдер Астанадағы ЭКСПО көрмесіне мәжбүрлі түрде билет алғаны есімізде. Әр жылдары мұғалімдер мемлекеттік шаралар мен форум-жиындарға «қызметтік нұсқаумен» қатысатыны білгілі. Мұны президент Тоқаев та, парламент депутаттары да талай мәрте сынаған. Бірақ әлі күнге дейін мұғалімдер еркінен тыс жұмысқа жегіліп, еңбек шартында көрсетілмеген айыптармен әртүрлі мақсатта жұмыстан босатылып келеді. Бұған өткен айда Түркістандағы №15 мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Бақыт Манасұлын полиция департаментінің бастығының кезектен тыс тексерісі кезінде әжетханада кезекшілікте болмағандығы үшін нарядпен қолын қайырып әкетуін мысалға келтіруге болады.