Саясат

Қазақстандағы тұтқындағы жалғыз журналист босап шықты

Қазақстандағы тұтқындағы жалғыз журналист босап шықты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

«Жала жапты әрі қорлады» деген айыппен  27 айға сотталған белгілі аймақ журналисі Амангелді Батырбеков ақталды. Азаттық таратқан ақпарат бойынша,  халықаралық деңгейде жиі көтерілген Батырбековтің «нақақ қамалу» мәселесін  Түркістан облыстық соты 13 қарашадан бері апелляциялық шағым ретінде қарап,  бүгін оны ақтап шыққан.

Судья Таубай Қадырбаев үкім соңында «Батырбеков сот залынан босатылсын» деді.

Былтыр күзде (23 қыркүйек) Сарыағаш аудандық соты Келес аудандық білім бөлімінің басшысы Бахтияр Абдиевтің түсірген арызымен аудандық «Сарыағаш инфо» газетінің редакторы, азаматтық қоғам белсендісі, журналисті Қылмыстық кодекстің «жала жабу» (130-бап) және «қорлау» (131-бап) баптары бойынша кінәлі деп танып, екі жылдан көп мерзімге бас бостандығынан айырған еді.

Келес аудандық білім бөлімінің басшысы Бахтияр Абдиев пен "Заңғар Медет" қоғамдық бірлестігінің бастығы Ләйла Дарханбаева Батырбековтің үстінен «әлеуметтік желіде пікір жазғаны үшін» сотқа берген.

Бұған дейін көптеген халықаралық ұйымдар мен құқық қорғаушылар жоғарғы инстанциялардан қамауда отырған журналист Батырбековты босатуды сұраған. Нақтырақ айтқанда, қазан айының  соңында бұрын халықаралық «Шекарасыз тілшілер» (Reporters sans frontières/RSF) және «Журналистерді қорғау комитеті» (Committee to Protect Journalists/CPJ) ұйымдары Қазақстан билігін аймақтағы белгілі журналист Амангелді Батырбековті дереу босатуға, сөз бостандығын шектемеуге шақырды.

«Журналистерді қорғау комитеті» (CPJ) ұйымы «жала жабу және қорлау туралы қылмыстық заңдарын зайырлылыққа тән құндылықтармен жетілдіру керек, мұндай мәселелер азаматтық істер қатарында қаралуы тиіс» деген болатын.

RSF халықаралық ұйымының рейтингісінде Қазақстан сөз бостандығы  бойынша 180 елдің ішінде 158-орында тұр. Сондай-ақ «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғаудың халықаралық қорының есебінше, «Журналистердің заңды кәсіби қызметіне кедергі жасау» реестрінде ХХІ ғасыр басталғалы бері, 2000 жылдың қаңтары-2019 жылдың қыркүйегі аралығында тілшілер жұмысына 839 кедергі келтіру фактісі тіркелген.