Саясат
Диалогқа құштарлық
Былтыр күзде президент Тоқаев Қазақстан халқына арнаған жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын таныстырған еді. Бұл «азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратынын» айтқан президенттің сөзі мен ісінің бірізділігі туралы қоғам пікірі әр алуан. Сол кезде Тоқаев тұңғыш жолдауында:
«Сондықтан азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ, аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет», – деді.
Сонымен қатар ол бүгін барлық мемлекеттік медианың басқы беттерінде жарық көрген «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында да тың тұжырымдама туралы сөз етіп, оның «әділетті қоғам идеясын дамыту мақсатымен ұсынылғанын» атап өтті. Мақалада «Сыбырдан басқа сыры жоқ, Шаруаға қыры жоқ» замандастарымыз көбеймес үшін билік халыққа әрдайым құлақ түріп отырғаны жөн» делінген.
Қазақстанның қазіргі жағдайында, анығы аса ықпалды экс-президент Назарбаевтың әлі де болса биліктен толық қол үзе қоймаған шағында Тоқаев саясатының басты «ерекшелігі» есептелетін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет құру» жоспарының жүзеге асуы туралы азаматтық қоғам белсендісі Бэлла Орынбетова мен саясаттану сарапшысы Шалқар Нұрсейітовтен сұрап көрдік.
– Тоқаевтың күзде жасаған жолдауындағы «халық үніне құлақ түретін билік» идеясы іске аса ма? Оның іске асуы үшін қандай нақты қадам жасауы тиіс? Сіздің нұсқаңыздағы ең маңызды деген бастапқы 5 «жүрісті» атап берсеңіз. Неден бастаған дұрыс?
Шалқар Нұрсейіт: Тоқаев командасы қазіргі саяси тығырықтан шығу үшін Жоғарғы Кеңес таратылған кезден бері қордаланып қалған саяси мәселелерді шешуді тездету керек. Ал оған бес «жүріс» жеткіліксіз. Десе де сұрағыңызға жауап ретінде алғашқы бес жүрістің ішіне 1993 жылғы Конституцияның принциптерін қайта қабылдап, авторитарлық жүйені орнатқан өзгерістердің күшін жою жөнінде референдум өткізуді, Конституциялық Кеңес пен Орталық сайлау комиссиясын (бүкіл аймақтағы филиалдарын) қайта жасақтауды, пропорционалды сайлау жүйесінің орнына мажоритарлық жүйені енгізгеннен кейін ғана парламент сайлауын өткізуді, барлық деңгейдегі әкімдерді сайлау жүйесін қалыптастыруды, сот билігінің шынайы тәуелсіздін қамтамасыз ететін реформа жүргізуді, азаматтар мен БАҚ үшін сөз бостандығын іс жүзінде қамтамасыз етуді атап өтер едім.
Бэлла Орынбетова: Қыркүйек айында Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауында «халық үніне құлақ асатын билік» концепциясы туралы үстірт айтылды. Бұл идея нақты қалай жүзеге асырылады? Егер халық үнін жеткізетін оператор ретінде ұлттық сенім кеңесін меңзесе, демек диалогтың да толыққанды емес, «сұрыптамалы» болатыны анық. Халық үніне құлақ асатын билік туралы айтылған үш сөйлемнің бірінде азаматтық қоғамды дамыту деген сөздер бар. Азаматтық қоғам үні сайлаудан кейін де, желтоқсанның 16-сы да шықты. Қалай құлақ салғанын есіңізде шығар? Менің позициям – азаматтық қоғамның үні жоқ, халықтың қауқары жоқ деп «жылай» беру емес. Бірақ азаматтық қоғамның белсенді өкілі ретінде қандай қысым жасалып жатқанын жақсы білемін. Тіпті ақпараттық блокада жасап, республикалық, аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарының қара тізіміне кіргізіп жатқанын да көріп жүрмін.
Сондықтан егер қоғам үніне құлақ саламын десе, алдымен билік те диалогқа ашық болуы керек. Диалог дегеніміз үкіметке жағымды тұлғалар шақырылатын дөңгелек үстелдер, форумдар немесе партия жиындары емес, әлбетте.
Екіншіден, өзіне ұнамсыз ой айтатын, сынайтын азаматтарды қудалау, соңынан шам ала түсуді тоқтатқан жөн. Қылмыстық кодекстің 130-бабы (жала жабу) жұмсартқанымен сөз бостандығын шектейтін, белсенділердің «жазалайтын» басқа да баптар жетерлік. Сонымен қоса диалогқа дайын билік осыған дейін саяси желеумен тұтқындалғандарды босатуы тиіс.
Үшіншіден, қазір жүргізіп отырған ақпараттық саясатынан бас тартуы тиіс. Сөз бостандығын тұмшалап, проблемаларды әлеуметтік желідегі боттар армиясымен жасыру оң нәтиже бермейді. Қазіргі жаңа медианың дамуы елдегі жағдайдың қандай екенін боямасыз көруге мүмкіндік береді. Ауруын жасырған өледі деген сөз осы жағдайды дәл сипаттайды.
Төртіншіден, халық дауысының жоғарыға жетуінің кепілі – заң. Сондықтан сайлау туралы заңға мажоритарлы сайлау жүйесін қайтаруды көздейтін өзгерістерді енгізу қажет. Өз әкімін, депутатын сайлай алмай отырған халық «мылқау» болып қала бермек.
Бесіншіден, халықтың үнін есту, мұң-мұқтажын тыңдап қана отыра бермей, әрекетке көшу қажет. Халық «ащы шындықты» естіп болды. Қазір азаматтар елге қызмет етуді мұрат етпейтін әкім-қараларды сынға алады. Ал билік оларды орнынан алып тастап, ары қарай мансап сатысымен көтереді. Бұл, әрине, халықтың наразылығын үдете түседі. Егер жемқорлығы әшкере болған шенділер кешіріммен құтыла берсе, әлеуметтік теңсіздік жалғаса берсе, мұндай диалогтың халыққа да қажет болмай қалуы мүмкін.
– Қазіргі президенттің қолын байлап отырған немесе өз деңгейінде лидерлік образын аша алмауының негізгі себептері немесе кедергі неде? Бастысы, оларды қалай шешуге болады? Әлде кейбір белсенділер айтып жүргендей Тоқаев шынымен де шарасыз күйде ме?
Шалқар Нұрсейітов: Н.Назарбаев іс жүзінде биліктен кетпейінше президент Тоқаев немесе келесі президент өз алдына тәуелсіз билік ете алмайды. Қазақстан жағдайында бұл аксиома. Бірінші сұрағыңызға берген жауабымда атап өткен қадамдарды Тоқаев мырза жасай алмаса, онда ол шарасыз немесе Назарбаев жүйесінің өнімі ретінде ол да қазіргі режим үшін «саяси суицидке» барғысы келмейді деген сөз.
Шалқар Нұрсейітов: Бірінші сұрағыңызға берген жауабымда ең маңызды деген 5-6 қадамды атап өттім. Менің ойымша, аталған сол қадамдарды жасамайынша қазіргі билік пен азаматтардың арасында диалогтың болуы мүмкін емес. Ашық әрі әділ сайлауды, сөз бостандығы мен азаматтардың саяси және азаматтық құқықтарын сақтауды, биліктің үш тармағының бір-бірінен тәуелсіз болуын қамтамасыз ету арқылы ғана саяси тұрақтылыққа қол жеткізуге болады. «Қазақстанның өз жолы, Ұлы даланың ұлы жолы» арқылы демократия орнатамыз дегеннің бәрі бос сөз.
Бэлла Орынбетова: Қазақстан ғана емес, жалпы билік қай уақытта халықпен санасады? Билік халыққа тәуелді, халық алдындағы жауапкершілігін сезінгенде ғана. Егер халық билікті өзі сайлап-тағайындаса, жауап алып, талап ете алар еді. Қазіргі сайлау туралы заңға салсақ, депутаттарды сайлайтын да, оған мандат беретін де халық емес, партия. Тіпті жергілікті мәслихат деңгейінде де.
Сондықтан да миллиондап пара алып ұсталған шенеуніктер кешірімді халықтан емес, президенттен сұрайды. Олардың қол салған ақшасы президенттің жеке қаражаты емес, елдің салығынан құралған бюджет ақшасы емес пе еді?
Ақорданың «жылымық» позициясы туралы ештеңе естімедім. Халықтың сенімін тұтатып, мұң-мұқтажын жеткізеді деген ұлттық сенім кеңесі мәжілісінде ең алдымен сайлау туралы заңнамаға өзгертулер туралы айтылады деп ойлап едім. Өкінішке қарай олай болмады. Ал митингке келетін болсақ, бұл құқықты бізге беріп отырған ұлттық сенім кеңесі де, Тоқаев мырза да емес. Ол құқық бұрыннан Конституциямызда бар. Мәселе азаматтардың митинг, шерулерге қатысуы, сөз, ой еркіндігіне кепілдік беріле ме? Жалпы митинг дегеніміз құр дүрмек шу емес. Бұл ең алдымен, халықтың наразылығын жеткізу, проблемалардың бар екенін білдіретін сигнал. Мұндай сигналды өшіру емес, құлағын тосып, мәселені шешуге тырысқан тарапты өкінішке орай көрмедім. Егер митингтер өткізу, сөз бостандығына қатысты позиция өзгерсе, жылымық туралы айтуға болар еді.