Саясат
Алаштану
Алаш арыстары бізге мемлекеттік идеясын ту етіп көтеруді табыстап кетті... (Н.Назарбаев)
ХХ ғасырдың басында қазақтың ұлттық идеясы заман талабына сай сапалық тұрғыдан жедел жетілді. Әрі уақыт ағымына орай, саяси тұрғыдан ширығып, Біртұтас Алаш идеясы дүниеге келді. Оны жетілдіруші әрі қозғаушысы Алаш партиясын шынайы қажеттіліктен құрған алаш қайраткерлері тарихи мүмкіндікті мүлт жіберіп алмау жолында жан аянбай еңбек етті. Бұл ел тарихындағы елеулі кезең турасында Президент Н.Ә.Назарбаев: «ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі Қазақстанның қоғамдық саяси өміріндегі Алаш партиясының алатын орны мен қызметін зерттеу Отандық тарихымыздың ең өзекті мәселелерінің бірі. Өйткені кезінде «Алаш» партиясының жетекшілері ұсынған қағидалары күні бүгінге дейін өз маңызын сақтап отыр» - деп [1], әділ бағасын берді. Қазақ халқының тарихында әр ғасырдың басы аласапыран оқиғаларға толы болды. Бұл өз кезегінде тарих сахнасына ірі-ірі тұлғалар мен тәуелсіз мемлекет болудың идеялары туындап және сол идеялар тарихи қоғамдық кезеңдерде өзгеріп отырды. Ол идеялардың негізгі мәні тәуелсіз ел болу, ешкімге мойынұсынбау, өз билігін өздері жүргізу. Тарихқа көз жіберсек түрлі қағанат, хандық дәуірлерде дербес ел болудың құпиясы әскери күште емес, сол халықты ұйыстыратын ортақ бір ұлттық идеологияда болды. Оларды біз хронологиялық тұрғыда жіктеп, талдап көрсетуге тырыстық (1-кесте).
1-кесте. Ұлттық идеяның хронологиясы
Мәңгі Ел идеясы
(V-XV ғғ.)
Еркіндік идеясы
(XV-XVIII ғғ)
Азаттық идеясы
(XІXғ)
Біртұтас Алаш идеясы
(XX ғ.басы)
Тәуелсіздік идеясы
(1991-2014 жж)
Мәңгілік Ел идеясы
(2014 -2050 жж)
Білге, Күлтегін, Тоныкөкпен басталып Қорқыт, Асан қайғымен аяқталады.
Жыраулар: Бұқар, Ақтамберді, Үмбетей, Абылай, Қасым хан, Кенесары хан кезеңімен аяқталады
Зар-заман ақындар: Дулат, Шортанбай, Мұрат, Исатай, Махамбет
Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Ш.Мұстафа, Халел Досмұхамедұлы, Жанша Досмұхамедұлы, Халел Ғаббасұлы, М.Тынышбайұлы, Жақып Ақбай және т.б.
Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңдері: Ұлт Көшбасшысын таңдадық. Саяси тұрақтылыққа қол жеткіздік. Мемлекеттіліктің саяси-құқықтық және әлеуметтік-экономикалық негіздері қаланды. Алғашқы Стратегиялар қабылданды. Жасампаздық пен бейбітшілік.
«Қазақстан-2050» стратегиялық даму бағдарламасы, Н.Назарбаев
Ежелгі түркі дәуірінен бастау алған Мәңгілік Ел идеясы Қорқыт, Сыпыра жырау, Асан қайғы жыраулардың өмір сүрген кезеңдерімен аяқталады.
Ғұлама ойшыл, сазгер, қобыз жасаушы Қорқыт бабамыздың өлімге қарсы тұрып, мәңгі өмірге ұмтылуы, тек Қорқыттың ғана емес, сол замандағы билеушілердің елдің мәңгі өмір сүруін қалағандығын білдіреді. Қазақ халқы арасында тараған аңыздардан Қорқытты бірде айтулы күй атасы ретінде көрсек, енді біразында ол өлім атаулыға қарсы шара іздеген қамқоршы ретінде көрінеді. Қорқытты мәңгі өмірді іздеген, бақилық болғысы келмеген деген түсінікті, халқына жерұйықты іздеген Асан Қайғымен түсіндіруге болады. Асан Қайғы өз халқы үшін ең қолайлы, ең құнарлы жерді іздегендігі белгілі. Утопиялық көзқарастағы Асан қайғының Жерұйықты іздеудегі мақсаты, халқының жайлы жерге қоныстанып, болашақта мәңгі ел болуын қалаған. Асан қайғы халық жадында Желмая мініп, жер шалып, Жерұйықты іздеген халықтың қамқоры һәм дана қариясы ретінде сақталды. Асан қайғы:
Көлде жүрген қоңыр қаз
Қыр қадірін не білсін,
Қырда жүрген дуадақ
Су қадірін не білсін!
Ауылдағы жамандар
Ел қадірін не білсін!
Көшіп-қонып көрмеген
Жер қадірін не білсін! – [3,11б] деген жыр жолдары қай заманда да өзінің қоғамдық және философиялық мәнін жоғалтпайтын ғажайып сөздер. «Құйрығы жоқ, жалы жоқ, құлан қайтіп күн көрер» деп басталатын толғауында да күллі тіршілік иелерінің өмірі арқылы, адамның өз руынсыз, хандықсыз күн көре алмайтынын бейнелі суреттеген.
Тәуелсіз мәңгілік ел идеясы қазақ хандығы құрылған XV-XVIII ғасырларда «Еркіндік идеясын» ту еткен жыраулар дәуірі болды. Бұл дәуірлерде Бұқар, Ақтамберді, Үмбетей жыраулар жырлаған еркін өскен халықтың басқа елдермен терезесі тең одақтас ел ретінде дәуірлеген кезең болды.
Бұл дәуірде жыраулар шығармашылығының басты ерекшелігі адам еркіндігін ең басты құндылық ретінде тануында еді. Ақын-жыраулардың дүниетанымдарына тән ортақ сипат – еркіндік ел тұтастығы, ел бірлігі мәселелерімен біртұтастықта қарастырылады. Өйткені XVII–XVIII ғасырлардағы уақыт талабы халықтың басын біріктірумен байланысты. Ақтамберді, Үмбетей, Бұқар жыраулардың халықты бір билікке бағындыруды көздеп, оған өз шығармашылықтарын арнауы халықтың дербестігін елдің бірлігі, еркіндігі мәселесімен қатар қоюымен анықталады. Даналық дүниетанымдық үрдісте ой кешкен ірі тұлғалардың бірі қазақ сахарасында бір ғасырға жуық ғұмыр кешкен ойшыл, философ Бұқар жырау бабамыз болды. Бұқар жыраудың замандасы Үмбетей жырау «Өткіздің тоғыз ханды толғауменен» дегенде оның Әз Тәукеден бастап – Қайып, Болат, Сәмеке, Әбілмәмбет, Күшік, Әбілхаиыр, Барақ, Абылай хандар тұсында өмір сүргендігін айтады. Бұқар жырау Абылай хан дәуіріне дейін де қазақ қоғамының саяси-әлеуметтік өміріне араласқан болатын. Өзінің терең ойлы философиялық тұжырымдамаларымен қоғамдық ойды жетілдіруге ат салысты. Алғаш рет Бұқар жырау мемлекет дәрежесіндегі істерге Тәуке ханның тұсында қатысады. Қарақұмдағы тоқсан бидің басын қосқан Құрылтайда сөз алып, осы әдет-ғұрып заңдарын қайта қарап жатқан кезде пікірталасқа қатысуы бұған дәлел. Ендеше, хан мен жырауларды елді біріктірген ұлы тұлғалар және «Мәңгілік ел» идеясын жалғастырушы, еркіндікті сүйгенін мақтанышпен айтуға болады.
«Қазақ хандығының шаңырақ көтеруімен ұлттық идея мемлекет пен оны құраушы этносты, тарих сабақтастығын үзбестен, дараландыратын факторға айналды. Кейінде ол идея талантты ұл-қыздарын әлемдік ақыл-ойдың асқар шыңына алып шығуға септесті» - дейді ғалым Т.Абдықадырова өз еңбегінде хандық дәуірдегі еркіндік идеясының сол кезеңдегі алатын орнына баға беріп. Қазақ хандығы тұсында ұлттық идеяның өзегiн мемлекеттiліктi нығайту, этникалық аумақты қалыптастыру, бiрде тiлiн, бiрде тiсiн көрсеткен Ресей, Қытай, Жоңғар, Орта Азиялық мемлекеттермен оңтайлы қарым-қатынас орнату, бәсекеге төтеп беру құрады [4,17б].
Аласапыран ХVІІІ ғасыр Абылай ханның дүние салуымен қазақтың өз алдына мемлекет болуы үлкен мәселе болды. Ресейдiң бодандығына кiрген қазақ қоғамы әлеуметтiк-саяси және аумақтық тұтастығынан айырылды. Төл мемлекеттiң болмауымен қоса бiртұтас ақпараттық кеңiстiктiң жоқтығы да жалпыұлттық идеяның өрiсiн тарылтты, жолын кестi. «Бөлiп ал да билей бер» саясатынан туындаған әрбiр саяси күш, әлеуметтiк қауым өз биiгiне, көздегенiне лайық ұлттық идеяны дүниеге әкелдi. Азаттықты аңсаған халықтың ендігі арман-мұраты Ресей боданынан шығу болды. Бұл дәуірлерде Исатай, Махамбет, Кенесары ханның қарулы қақтығыстары мен азаттықты жоқтаған зар-заман ақындардың зарлы жырлары ел есінде мәңгі қалды.
Дулат Бабатайұлы:
Жауға шабар ерің жоқ
Сақадай болып сайланып...
Жеріңнің алды шұрайын,
Дуан салып жайланып.
Датыңды айтсаң орысқа,
Сібірге кеттің айдалып – деп [5,108] ақын қайта бас көтерер ердің жоқтығын, бас көтеріп айтқан ердің айдалып кететінін, ең бастысы жерінен айырылған халықтың мұң-мұқтажын өз жырларында ту еткен.
Ал Шортанбай Қанайұлы:
Мына заман қай заман?!
Азулыға бар заман,
Азусызға тар заман.
Тарлығының белгісі:
Жақсы жаннан түңілген,
Жаман малға жүгінген,
Мұның өзі зар заман.
Зарлығының белгісі:
Бір-бірлерін күндеген,
Жай-жайына жүрмеген,
Мұның өзі тар заман.
Тарлығының белгісі:
Мұсылманнан хал кетті,
Тәңірім болғай демесін! – деген [5,111] өлең жолдарынан сол заманның зар-мұңын, азаттықты аңсаған халықтың арман-шерін байқауға болады.
Мұрат Мөңкеұлының елін, жерін, халық дәстүрінін сүюі орасан.
Ол:
Еділді тартып алғаны –
Етекке қолды салғаны.
Жайықты тартып алғаны –
Жағаға қолды салғаны.
Ойылды тартып алғаны –
Ойдағысы болғаны – деген [5,137] өлең жолдары өксікке толы, ызы-кектің орны толмастай өкініштің бар екенін аңғаруға болады.
Дулат, Шортанбай, Мұрат қатардағы ақын-жыраулар емес, бұлар – заман ағымын байқай білген, болашақты толғай айтқан, азаттықты армандаған ұлы жыршылар еді.
Ақын-жыраулармен қатар Ресей патшасына яғни олардың отарлау саясатына қарсылықтар көп болған. Олар Кенесары, Исатай, Махамбет бастаған қарулы көтерілістер болған. Ресей патшасының отарлау саясаты жазалаудан бастап, түрлі құйтұрқы заңдар арқылы қазақ халқының құқықтары мен бостандықтарын шектейтін, ар-намыстарына тиетін іс-әрекеттер жасап, халықтық басқару жүйелерін жоюға тырысты. Осы мақсатта түрлі басқару Ережелерін қабылдап, ежелден келе жатқан хандық басқару институтының белгілерін жойып, оның орнына отарлау аппаратының иерархиялық сатыға құрылған чиновиктер жүйесі басқаратын империялық-әкімшілік билік келді. Халықтық билер соты, шешендік сөз бен адал шешімге мойынұсыну келмеске кетіп, оның орнына жемқорлық, жең ұшымен жалғасу, сайқымазақ сайлау кезеңдерінде саяси талас-тартыс, алдамшы үгіт-насихат жұмыстары күнделікті үйреншікті құбылысқа айналды. Басқаша айтсақ, сол кезде қолданысқа енген заңнама-ережелер қарапайым халықты қанауға бағытталғанын байқауға болады. Бұл туралы ф.ғ.д., профессор А.Айталы «Ұлттану» атты еңбегінде: «Қарға тамырлы қазақ» өзі өмір сүріп отырған, тұрмыс тіршілік болмысын, ел-жұрт арасындағы қарым-қатынастарын, жақсы-жаман жағдаяттарын ой елегінен өткізіп отырған. Соты, қаралаушысы мен ақтаушысы жоқ заманда жер мен жесір дауын, руішілік, руаралық, басқа да ел арасындағы дау-жанжалдарды әділ шешіп отырған. Ел аузындағы «Халық айныса кім түзейді?», «Ата тұрып ұл сөйлесе ер жеткені болар», «Қадірсіз десең халқымнан сұра», «Халқыңа әділ бол», «Бірлігі кеткен ел жаман», «Айыпты айып жусын, ашуды ақыл қусын», «Жетесізден би қойсаң, парадан аузын жия алмас», «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ», «Қара жерге халық ие» т.б. шешендік сөздердің астарында бүгінгі билік басындағыларға да, қарапайым халық өкіліне де ғибрат аларлық өсиеттерге тұнып тұр»,- деп көрсетеді. Адамды ата тегіне қарамай, адамгершілігіне, қабілетіне қарай адал бағалау халықтық демократизмнің шынайы белгісі екендігін анықтайды [6].
Қазақ даласын мемлекет меншігі деп жариялап, оны қоныс аударушыларға бөліп беру, жайлымдарға мал жайдырмау, өзен-көлдерден мал суғартпау оқиғалары кең орын алды. Әлеуметтік-саяси жағынан қарағанда, бұл кезең Ресей империясының қазақ даласын отарлау саясатының күшейіп, шарықтау шегіне жеткенімен ерекшеленеді. Отарлау саясаты өршіген сайын, қазақ халқының ұлт азаттық күрестері, тәуелсіз ел болу идеясы да құрыштай шыңдалып, дами берді.
Ресейдің отаршылдық саясатына және жергілікті шенеуніктердің озбырлық билігіне қарсы халық наразылығы күшейді. Жығылған үстіне жұдырық демекші соғыстың қара жұмысына күштеп адам алуы, халықтың зор ашу-ызатын тудырып, ұлт-азаттық күресіне әкелді. Осылайша, қазақ халқының жаңаша саяси көзқарасы қалыптасып, еркіндікке ұмтылды. ХХ ғасыр басындағы ұлт-азаттық қозғалысы діл, дін, тіл тазалығын сақтаудан, оқу-ағарту, ұлттық құндылықтарды қорғау, тәуелсіз мемлекет болу идеясына ұласты. Бұл туралы академик Манаш Қозыбаев «Алаштың ұлт-азаттық қозғалысы идеологиясының өзегі – отаршылдық наразылық, отаршылдыққа қарсы ұлтшылдық. Олар заңмен шектелген праволық қоғам, конституцияда анықталған кейбір саяси бостандықтар, ғылым мен мәдени даму көлемінде күресіп бақты» - деп [7], қазақ даласындағы ұлттық қозғалыстың даму деңгейін көрсетті.
«Алаш идеясы» – қазақ халқының дербес мемлекеттік, тәуелсіз ел болуға деген ХХ ғасыр басындағы алаш қайраткерлерінің ұлттық идеясы. Бұл жерде осыған дейін қазақ халқының тәуелсіз ел болуға ниеті болмады ма деп қате түсінбеу қажет. Өйткені бұл ғасыр қарумен емес – білім мен ғылым арқылы ұмтылған ағартушылық бағыттағы идея болды.
Алаш - ұлттың өзін бөлінбес тұтас жер, яғни территория ретінде сезінуі. Өзіндік мемлекеттік шекарасын заңды тұрғыда бекітуге ұмтылған алаш азаматтарының идеясы.
Алаш – қазақ халқының Еуразия материгінде өзіндік орны бар ел ретінде, өз еншісі мен үлесін анықтау харакеті.
Қазақ зиялыларының Алаш атауын таңдауы да тегін емес еді. Алаш жаңа елдігіміздің, байырғы аймағымыздың рәмізі, алты алаштың атауы болған еді. Сондықтан да ХХ ғасырда қазақ тарихында ең ұлы идея қайсы десек, ол - Алаш идеясы деп жауап беруге болады. «Керегеміз – ағаш, ұранымыз - Алаш». Кереге - мемлекет құрылысы, Алаш – идеология. Алаш жаңа түрдегі еліміздің, байырғы айбарымыздың рәмізі еді. Түрік мұсылман халықтарынан шыққан әрбір жәдитшіл азамат өз Отанының еркін, тәуелсіз болуын, байырғы елдік дәстүрінің озығын мықтап ұстап, демократиялық Батыстың жетістіктерін армандады. Егер сол кездегі қайраткерлеріміздің көздегені жүзеге асқанда, қазір біздің еліміздің қосалқы аты Алаш (Алаш Орда, Алаш үкіметі, Алаш Республикасы) болатындығына күмәніміз кәміл. Осы ретте бәзбіреулер «сонда олар қазақ атын неге қолданудан жеріген ба?» деген сұрақ қоюы мүмкін. Бұған «әрине жеріген жоқ» деп жауап береміз. Есімізге олардың «Арғы атам – ер түрік, Біз қазақ еліміз», деген ән ұраны түседі. Сонымен бірге зиялылар:
Азаматы Алаштың,
Аттанатын күн туды.
Тұлпар мініп ту ұстап,
Баптанатын күн туды, деген жоқ па?
Осыған қарағанда Алаштың ұғымында рухтық, асқақтық, ерлік мағына бар, - деп жазады ғалым Дихан Қамзабекұлы өзінің «Алаштың рухани тұғыры» атты еңбегінде [8].
Бүгінгі қасиетті тәуелсіздігіміздің негізі де осы идеяда жатыр. Алаш идеясы үшін күрескен кезең -1905 жылдан 1930 жылға дейінгі ширек ғасырдай уақытты ғана қамтыған. Аз болса да тарихы терең ғасырға тең уақыт. Алаштың қайраткерлері - Әлихан Бөкейханов, Мұстафа Шоқай, Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедұлы, Жанша Досмұхамедов (Жаһанша), Міржақып Дулатұлы, Халел Ғаббасұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Танашев Уәлитхан Шарафиддинұлы, Тұрлыбаев Айдархан, Бірімжанов Ахмет, Аманжолов Садық Аюкеұлы, Құлманов Бақтыгерей Ахметұлы, Жақып Ақбаев, Мәметов Базарбай, Әлжанов Отыншы және т.б.
Алаш қайраткерлерінің әрбірі мемлекетті және мемлекеттік құрылымдарды басқаруға қабілетті еді. Еліміздің тарихында Алаш арыстарының орны ерекше. Олар қазақ халқының сан ғасырлық даму тәжірибесін, салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпын төңкерістік әдіспен түбегейлі өзгертуді емес, қайта оларды өркениетті дамыған мемлекеттердің өмір тәжірибесін ескере отырып, одан әрі дамытуды, білім-ғылым арқылы басқа елмен терезе теңестіруін көздеді. Ең алдымен, қазақтың өз атамекеніне ие болуын мақсат етті. Сол жолда аянбай күресті. Сонымен қатар елге демократия, білім-ғылым алып келу үдерісінің бастауында тұрғандар да – солар болды.
Қазақ зиялылары халықтың ұлт ретінде өмір сүру қасиетін сақтап қалу үшін алға ұмтылды. Бұрынғыдай старшын, болыс болуға емес, Мемлекеттік Думадағы депутаттық мандатқа дейін үлкен аренадағы саяси істерге тартылып, жалпы ұлттық мәселелерді шешуге ұмтылды. Бұл кезеңдерде бақылаушы немесе бұйрықты бұлжытпай орындаудан, өз туған халықтарының мұң-мұқтажын айту, балаларының толыққанды білім алуын, мемлекеттік істерге белсене араласа бастады. Олар халықтың қамын тереңнен ойлап, елді өркениет көшінен қалдырмау жолын іздеді. Оның бірден бір дара жолы – білім-ғылым мен мәдениетті меңгеру екендігін айқындап айтты және осы жолда аянбай тер төкті.
Алаш идеясының түпкі мақсатын Мәмбет Қойгелдиев былай ашып көрсетеді: «Алаш тәжірибесі нені көрсетті? Біріншіден, Алаш идеясы бұл белгілі бір топтың еркімен өмірге келген жасанды, сондықтан да өткінші құбылыс емес. Ол ұлтпен бірге өмір сүретін, ұлт өмірінен тамыр алған құндылықтар жиынтығы, ұлттың өмір сүру концепциясы. Алаш идеясын өмірден біржола ығыстыруға көп күш жұмсаған большевиктер құрған билік өмірден кете салысымен Алаш идеясының қайта жаңғыруы, қайта күш алуы оның өміршеңдік сипатын айғақтайды. Алаш идеясының өзегі - ұлттық мемлекеттік. Құрметті Әлекең, Әлихан Бөкейханов айтқандай, мемлекеттігі жоқ халық - жетім халық. Кез келген болашағынан үміті бар ұлт үшін мемлекеттік негізгі құндылық. Міне осы тұрғыдан алғанда Қазақстан Республикасы Алаш идеясының өмірлік шындыққа айналуының көрінісі ретінде бағалануы әбден орынды. Ал оның ішкі әлеуметтік мазмұны, демократиялық принциптерге сүйенген қоғамды халықтың мәдени деңгейіне және саяси белсенділігіне тәуелді екендігін ұмытпағанымыз жөн» [9,26б]. Ұлт зиялыларының ақындық сөздері қалың қазаққа арналды, халқын ұйқыдан оянуға, елдің қазіргі күйіне көз салып, ілгері ұмтылуға, азаттық, бостандық жолына үндеді.
Тарих сахнасына Алашорда – Халық Кеңесі үкіметін алып келген жалпы ұлттық күрестің басында ұлттық интелигенция тұрды. Олардың ортақ түсінігі бойынша отарлық езгі мен феодалдық мешеулік жағдайында аяқ асты болған ұлттық мүддені қорғап, қазақ елін басқа өркениетті елдер қатарына алып шыға алатын жалқы жол – ұлттық мемлекеттің құрылымының болуы еді. Ұлттық қанау мен ұлттық теңсіздік болған жерде сол ұлттардың өз бостандығы мен теңдігі үшін күрес жолына шығуы заңдылық еді. Алаш қайраткерлері саналы түрде ұлттық мұраттарға қол жеткізу жолындағы күреске шықты және бұл құбылыс тарихи қажеттіліктен туып жатты.
Осы ұлттық тарихымыздағы ең ірі, ең ұзақ ұлт-азаттық қозғалыс мұраттары тәуелсіздік жылдарында қайтадан жаңғырды. Тарих сахнасына Алашорда –Халық Кеңесі үкіметін алып келген жалпы ұлттық күрестің басында ұлттық интелигенция тұрғандығын, олардың ортақ түсінігі бойынша отарлық езгі мен феодалдық мешеулік жағдайында аяқ асты болған ұлттық мүддені қорғап, қазақ елін басқа өркениетті елдер қатарына алып шыға алатын жалқы жол – ұлттық мемлекеттің құрылымының болу керектігі жолында күрескендігін келер ұрпаққа жеткізу біздің міндет.
Ежелгі түркі дәуірінен бастау алған тәуелсіз ұлттық мемлекет болу идеясы Алаш азаматтарының репрессияға ұшырауына байланысты көмескіленіп, оның орнына Кеңес үкіметінің коммунизм идеясының елесі келді. Себебі бұл идея ұлттық кодтан ажыратылған, жалаң догмаға сүйенген идея болып, ұзаққа бармады. Бірақ қазақ халқының бас көтерер азаматтарын ажал құштырған, қалғанын ашаршылыққа ұшыратқан, соғыс кезінде де біраз халықтың шығынын еселеткен ауыр кезеңдер болды.
1991 жыл егемендіктің бүрі жарған, елімізге шуағын шашқан тәуелсіздік таңы атты. Қазақстанның Тәуелсіздігі – бұл ғасырлардан аса тарихы бар қазақ мемлекетінің қалыптасуы мен дамуы, бүгінгі жеткен жетістігі мен асқан асуы. Тәуелсіздік – бұл бүгінгі өмір ғана емес, сонымен қатар, ертеңгі өміріміз – Қазақстанның болашағы, оның мүмкіндіктері мен мақсаттары. Тәуелсіз болу - өз тағдырына жауап беру деген сөз. Тәуелсіз Қазақстан өзіндік қалыптасу кезеңдерін бастан өткерді. Олар: Ұлт Көшбасшысын таңдадық. Саяси тұрақтылыққа қол жеткіздік. Мемлекеттіліктің саяси-құқықтық және әлеуметтік-экономикалық негіздері қаланды. Алғашқы Стратегиялар қабылданды. Жасампаздық пен бейбітшілік жылдар болды. Бұл кезең бабалар арман еткен тәуелсіздік идеясының жеміс берген кезеңдері болды. Елбасы Н.Назарбаев аймақтың ғана емес, дүниежүзінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде заманауи маңызы зор идеялар мен бастамаларды көтеріп, олардың өмірде іске асуына себепші болды. Жалпы Қазақстанның қай кезеңде көтерген бастамалары болмасын жұртшылық жадында өміршеңдігімен сақталып қалуда. Қазақстанның өмірдің әр саласында қол жеткізген табыстары бүгінде біздің еліміздің ТМД-дағы жетекші мемлекеттердің біріне айналуына әкелді. Оның үстіне еліміздің қоғамды демократияландырудағы ерен еңбегін ескеріп Еуропа елдері терезесін айқара ашып отыр.
2014 жылы Елбасы Н.Назарбаев еліміздің тәуелсіздіктің 22 жылында тындырған қыруар істерін бағалай, саралай келіп, еліміздің мызғымастығы мен мәңгілік жолын бағдарлап беріп Мәңгілік Ел ұлттық идеясын бүгінгі қоғамда жаңғыртқан Жолдау – «Мәңгілік Қазақстан» жобасы ел тарихындағы жаңа дәуірдің, кемел де келісті келбетін айшықтап, өтер жолдарды саралап берді деп толық сеніммен айтуға болады. Жолдау «Қазақстан-2050» стратегиясы бойынша 35 жыл ішінде – дүние жүзіндегі дамыған 30 елдің қатарына қосылудың негізгі құжаты саналып, «Мәңгілік Қазақстан» жобасы деп аталуы да әрбір отандастарымыздың жүрегінде өз еліне деген мақтаныш сезімін ұялатып және оны орындау жолындағы сенімін нығайтты.
Жас ұрпаққа ұлттық тəрбие берудің негізгі бағдарлы идеялары еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ə.Назарбаев «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында: «Толық өркениетті ел болу үшін алдымен өз мəдениетімізді, өз тарихымызды бойымызға сіңіріп, содан кейін өзге дүниені игеруге ұмтылғанымыз жөн», - деген талапты білдіреді [10].
Мәңгілік Ел ұлттық идеясының негізгі мәні – мәңгілік мақсат-мұраттарымыз бен мәдени-рухани құндылықтарымызға негізделген, мемлекет құрушы қазақ халқы мен өзге де ұлттардың ұлттық идеяларын бір арнаға тоғыстыратын идеология арқылы қалыптастырылатын қазақтың ұлттық мемлекеті.
Алаш қайраткерлері ұсынған Біртұтас Алаш идеясы мен Елбасы ұсынған Мәңгілік Ел идеясын салыстыра отырып зерттесек, екі идея да халықтың мүддесі үшін жасалғанын, оның өміршеңдігін көрсетеді /2-кестеге қараңыз/. Оның өміршең болатын себебі кешегі түркі қағанаты құрған мәңгі елдің арман-мұраты.
2-кесте. Біртұтас Алаш идеясы мен Мәңгілік Ел идеясының сабақтастығы
БІРТҰТАС АЛАШ ИДЕЯСЫНЫҢ
5 ҚҰНДЫЛЫҒЫ
МӘҢГІЛІК ЕЛДІҢ
7 БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫ
1) Жер, жер және жер. Жерсіз Отан жоқ.
2) Жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек.
3) «Қазақтың жерінде өндірілген «бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі керек, яғни толықтай экономикалық тәуелсіздік пен бірлікке қол жеткізуге ұмтылуы тиіс.
4) Қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі болуы керек
5) Тәуелсіз ғылымға, ұлттық салт-дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, Жапонияның үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құру еді.
1) Мәңгілік Ел, бұл-Тәуелсіздік және Астана
2) Жалпыұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім.
3) Зайырлы Мемлекет және Жоғары Руханият
4) Индустрияландыру мен инновация негізіндегі тұрақты экономикалық өсім.
5) Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы
6) Тарихтың, Мәдениет пен Тілдің ортақтығы
7) Ұлттық қауіпсіздік және Қазақстанның жалпы әлемдік және өңірлік проблемаларды шешуге жаһандық тұрғыдан қатысуы.
Азаттық пен еркіндік, тәуелсіздік мұраттары қай заманда да халқымыздың даму тарихында басты идея ретінде көрініс тауып келгендіктен, оның әрбір дәуірдегі идеялық қадамдары мен орнығуы, ілгері дамуы маңызды танымдық бағдар ретінде қарастырылады. Бүгінгі таңда еліміздің мәдени-рухани және экономикалық-саяси салада өрлей түсуі мен халықтың әлемдік дамудың аясындағы белгілі бір жетістіктерге жетуінің алғышарты Қазақстанның тәуелсіздігі екендігі белгілі жайт. Осы тәуелсіздік халқымыздың Ресей отаршылдығы тұсында және кейін де жалғаса түскен Кеңес заманының зұлматты зардаптары кезінде саяси-мәдени және психологиялық күресінің аясында қол жеткізген құндылық екендігі сөзсіз.
Бүгінгі Мәңгілік Ел ұлттық идеясының негізгі мәні - мәңгілік мақсат-мұраттарымыз бен мәдени-рухани құндылықтарымызға негізделген, мемлекет құрушы қазақ халқы мен өзге де ұлттардың ұлттық идеяларын бір арнаға тоғыстыратын идеология арқылы қалыптастырылатын қазақтың ұлттық мемлекеті.
Мәңгілік Ел ұлттық идеясы дегеніміз - өткенімізден сабақ ала отырып, болашағымызды баянды ету жолындағы хақ мұраттарымыз деп ой қорытуымызға әбден болады.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1. Н.Назарбаев «Тарих толқынында» -Алматы: Атамұра, 1999. -296 б.
2. Қ.Сартқожаұлы. «Мәңгілік ел» идеясы қалай туды... [электрондық ресурс] // URL:http://e-history.kz/kz/contents/view/2395. (28 Шілде 2014)
3. Дүйсенбайұлы Есенбай (құраст.). Жеті ғасыр жырлайды. –Алматы: Жазушы, 2008. 1-том
4.Әбдіқадырова Т.Р., Әбдімомынов Е.Б. Мәңгілік Ел. Оқу құралы. -Тараз, 2015. – 180 б.
5. С.Дәуітов (құраст.). «Зар заман: жыр-толғаулар» -Алматы: Жалын, 1993. -176б.
6. Айталы А. Ұлттану. –Алматы: Арыс, 2003.- 226 б.
7. М.Қозыбаев. Ұлттық рухтың ұлы тіні жинақ. –Алматы: Ғылым, -1999.-568 б.
8. Д.Қамзабекұлы. Алаштың рухани тұғыры. – Астана: Ел-шежіре, 2008.-340 б.
9. М.Қойгелдиев «Алаш қозғалысының ұлт тағдырындағы орны жөнінде»// «алаш қозғалысы идеясының Еуразия кеңістігіндегіықпалы: тарих және қазіргі кезең» халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. –Семей, 2008.
10. Н.Ə.Назарбаев «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауы. –Астана, 2014ж.