Саясат

Растау: Ақтөбе өңіріне құлаған зымыран қалдығы Ресейдікі, бірақ...

«Ұлы дала эксперименті»

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі 9 қаңтар Ақтөбе облысы аумағына «жоспарлы оқу-жаттығу кезіндегі зымыран сынығының құлауына» байланысты түсініктеме берді.

Өткен аптаның бейсенбі күні түсте, сағат 14:30 шамасында (астана уақытымен 15:30) Ақтөбе облысына қарасты Байғанин ауданының Ноғайты және Ебейті елді мекендерінің аумағына өртенген зымыран қалдығы түскен еді. 

Ведомство таратқан хабарламада 1995 жылы жасалған еларалық келісім аясында полигон үшін Қазақстаннан жалға жер алған Ресейдің «Қорғаныс министрлігі сынақ орталығының жоспарлы оқу-жаттығуы кезінде зымыран сынығы белгіленген аумақтан тыс жерге құлағаны» расталған.

- Жарылыс болған жоқ. Ақтөбе облысының Байғанин ауданындағы зымыран сынығы құлаған жерде зардап шеккендер жоқ, нысандар қирамаған. Халыққа төнер қауіп жоқ, – делінген министрлік ақпаратында.

2016 жылы 22 ақпанда экс-президент Назарбаев «1995 жылғы 20 қаңтардағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің 929-Мемлекеттік ұшу-сынақ орталығын (Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан обьектілері мен ұрыс алаңдары) пайдалану тәртібі туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңға қол қойған. Аталған заң бойынша 9-бап, 2-тармағында «полигонның ұрыс алаңынан тыс нысаналар, ұшу аппараттары, ракеталар немесе олардың бөлшектері құлаған жағдайда, Ресей Федерациясы бұл жайында 24 сағат ішінде Қазақстан Республикасына ресми мәлімет беретіні» нақты көрсетілген. Бірақ апат туралы оқиға болғаннан кейін үшінші күні ғана (11 қаңтар) үн қатқан ведомство мәлімдемесінде бұл туралы ешқандай ақпарат айтылмады.   

Есесіне Қазақстан билігі атынан жарияланған «ақпараттық хабарламада» ел «аумағында объектілерді пайдалана отырып, зымырандарды ұшыру оқу-жаттығуларды өткізудің жылдық жоспарына және кестесіне сәйкес жүргізілді» делінген. Сондай-ақ алдағы уақытта Ақтөбе облысының әкімдігі жанындағы Қазақстан-Ресей комиссиясы «өртенген қалдықтың» мән-жайы мен себебін анықтауға кірісетіні хабарланған.

Ресейдің Қазақстандағы әскери объектілері БҚО-ның Бөкей ордасы (Торғай ауылы) және Жаңақала (Теректі ауылы) аудандары, Атырау облысының Индер және Махамбет аудандары мен Атырау қаласында орналасқан. Сонымен бірге 2013 жылы екі ел арасында «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшыру кезінде ұшыру аппаратының бөлшегі құлайтын аймақ ретінде Ақтөбе облысынан шамамен 23 мың га және Қостанай облысынан 41 мың га жер қарастырылған. 

Алайда 2020 жылдың басына Байқоңырдан қандайда бір нысанның ұшатыны туралы ресми хабарлама жасалған жоқ. Соңғы рет былтыр жаңа жыл қарсаңында, яғни 24 желтоқсанда «Протон-М» зымыран-тасымалдағышы ұшырылған. Өткен жылдың соңында Роскосмос биыл 30 қаңтар Байқоңырдан британдық жүйедегі OneWeb «ғарыштық интернет» аппараттары ұшыру жоспарланғанын мәлімдеген.

2018 жылы шілдеде Батыс Қазақстан облысының Казталов ауданында да әуеден металл зат құлап еді. Қарасу мен Жұлдыз ауылдарының арасындағы радиусы бір шақырым шығатын аумаққа әртүрлі қалдықтар шашырап түскен. Апаттың кесірінен 90 га шөпті алқап өртеніп, біраз уақытқа ұялы байланыс үзілген болатын.

Алғаш шетел БАҚ-тары (Vesti.kg аналитикалық ресурсы мен Ферғана ақпарат агенттігі) көтерген мәселені ресми ведомство тек 3-ші күні ғана растаса да, бірақ зымыран қалдығының нақты қандай нысаннан құлағанын, оның қалай жүзеге асқаны туралы мардымды ақпарат бермеді.