Дүйсенбі күні де туды, жауын-шашынсыз жылы күндердің бірі. Әрдайым ерте тұруды әдетке айналдырған дипломсыз тіс дәрігері Аурелио Эсковар таңғы алтыда кабинетінің есігін ашты. Шынылы шкаптан жасанды иектің ғаныштан құйылған нұсқасын алған ол үстелдің үстіне саймандарын үлкенінен бастап ең кішкенесіне дейін көрмеге қойғандай мұқият жайластырып шықты. Үстіне жоғарғы жағында алтындатқан жалғыз түймемен түймеленген жағасыз көйлек, эластиктен жасалған арқалық ілмесі бар шалбар киіпті. Ол бойын тік ұстайтын арық денелі, құлағының мүкісі бар адамдар секілді ұдайы ішкі ойымен жүретін тұйық адам еді.
Саймандарын реттеген бетте ол бормәшінін айналмалы орындыққа жақындатып, иекті жылмағайлап ысқылауға кірісті. Жұмысын бормәшіннің баспасын керексіз сәттің өзінде де тынымсыз басқылап беріле істейді, алайда істеп жатқан шаруасына мүлде ықыласы жоқ жан тәрізді, ештеңеге зауқы жоқ адамның кейпі.
Сағат сегізде үзіліс жасап, терезеге көз салған ол көрші үйдің шатырында қанаттарын кептіріп отырған екі құзғынды көрді. Сірә, түске таман тағы да жаңбыр жауатын шығар деген оймен қайтадан жұмысына шұқшиды. Оның ойлы қалпын даусы енді жуан тарта бастаған он бір жасар ұлының үні бұзды.
– Папа!
– Не?
– Алкальд сенен тісімді жұлып берер ме екен деп сұрайды.
– Мені жоқ дей сал.
Ол енді алтын тісқапты жонғылауға көшті. Қолын алға соза ұстаған тісқапты көзін сығырайта айналдыра қарады. Шағын ғана алдыңғы қабылдау бөлмеден қайтадан ұлының даусы естілді:
– Ол сенің даусыңды естіп қойды, сені осында дейді.
Доктор тісті одан әрі қайрай түсті. Оны дайын тапсырыстар жатқан үстелдің үстіне қойғанннан кейін ғана үн қатты:
– Тіпті жақсы.
Қайтадан бормәшінді қолына алды. Дайындама заттары сақталатын картон қорапшадан бірнеше алтын тіс тізілген салманы алып, соларды ысқылай бастады.
– Папа!
– Не?
Доктордың бет-жүзі баяғы сабырлы қалпынан жазған жоқ.
– Тісін жұлып бермесең, алкальд сені атып тастаймын дейді.
Доктор асықпай-абдырамай сол сабырлы қалпында аяғын баспадан алып, бор мәшінді орындықтан әрірек ығыстырып қойып, үстелдің суырмасын өзіне қарай тартты. Суырмада револьвер жатқан еді.
– Мақұл, – деп үн қатты ол. – Оған кірсін деп айт.
Орындығын есікке қарай бұрған ол қолын суырманың жақтауына салды. Алкальд табалдырықтан аттады. Бетінің сол жағы мұнтаздай таза қырылған, күлкілдеп ісінген оң жақ бетінде бес күн ұстара тимеген тікірейген сақалы қарауытады. Өлеусіреп кіртиген көздерінен доктор оның ұйқысыз бес түнгі тартқан азабының дабын анық көрді. Доктор саусақтарының ұшымен суырманы сырғытып жіберіп, жылушырап тіл қатты:
– Отырыңыз.
– Қайырлы күн, – деді алкальд.
– Қайырлы... – деді доктор.
Саймандар қайнатуға қойылған кезде, желкесімен креслоның басқойғышына сүйенген алкальд өзін әжептәуір жеңілейіп қалғандай сезінді. Ол салқындатқыш эфир буына шыланған ауаны кеудесін кере жұтып, төңірегін шолды. Жұпыны ғана жиналған кабинет: көне ағаш кресло, аяқ баспамен іске қосылатын бормәшін, кәрлен құтылар қойылған шыны шкап. Терезені адам бойы шілтер жауып тұр. Доктор өзіне тақала бергенде, алкальд аузын ашып, өкшесін еденге нығыздай тіреп, сіресе қалды.
Аурелио Эковар оның жүзін жарыққа бұрды. Ауырған тісті мұқият шолып, ақырын ғана саусақтарымен қабынған иекті басып-басып қойды.
– Анестезиясыз жасауға тура келеді, – деді ол.
– Неге?
– Өйткені іріңдеп кеткен.
Алкальд оның көздеріне қадала қарады.
– Жарайды, – деген ол езу тарқан болып.
Доктор жауап қатқан жоқ. Жұмыс үстеліне қайнатылған саймандар салынған кәстрөлді әкеліп қойды да, оларды сол сабырлы қалпында бір-бірлеп суық қысқашпен суырып шығара бастады. Башмағының ұшымен түкіргішті жақындатып қойып, қолын жууға суқұйғының жанына келді. Алкальдқа бір рет көз қырын да салған жоқ. Алкальд болса, одан көз айырмай қараумен болды.
Төменгі ақыл тісі ауырған екен. Доктор аяқтарын нығыздай басып тұрып, тіске ыстық тіреуікті салды. Аяғының тарамысы тартылып, белінің сырқырап суынып бара жатқанын сезінген алкальд креслоның білексаларына жабыса қалды, бірақ тырс етіп үн шығарған жоқ. Доктор ақырын ғана тісті қозғап көрді. Содан кейін айрықша қапаланып, бірақ зілсіз үнмен күңк ете түсті:
– Қазір маған өлтірілген жиырма бейбақ үшін жауап бересіз, лейтенант.
Алкальд иегінде тіс түбірінің күтір ете қалғанын сезінді, келесі сәтте көзін жас жауып кетті. Ауа жұтуға қарманды, бірақ тісінің жоқ екенін сезінгенше бұған дәрмені жетпеді. Сонда ғана ол жас толы жанарлары арқылы көз салуға жарады. Ауырсынғаны сонша, мұның қасында өзінің бес түн ұйқы көрмей тартқан азабы түкке тұрғысыз еді. Үстін суық тер басып, ауа жетпей тұншыға жаздап, түкіргіштің үстіне еңкейген ол френчінің түймелерін ағытып, қалталарынан қол орамалын іздеді. Сол кезде доктор оның қолына таза шүберектің қиығын ұстата салды:
– Жасыңызды сүртіңіз, – деді ол.
Сөйтіп, алкальд көз жасын сүртті. Саусақтары да дірілдеп тұрды. Доктор шіләпшіннің үстінде қолын жуып тұрған кезде ол терезенің ар жағындағы аспан көкке, терезе жақтауына жабысқан өлген жәндіктер жабысқан өрмекшінің торына, ондағы бүйінің құрташақтарына қарады.
Қасына қолын жүре сүртіп доктор келді. «Төсектен тұрмаңыз, – деді ол, – содан кейін тұзды сумен аузыңызды шайып отырасыз». Алкальд түрегеліп, қоштасты, қолын түнеріңкі қалпында қалпағының күнқағарына апарып, есікке қарай беттеді, ұйып қалған аяқтарын жазуға тырысып, френчін түймелеп бара жатыр.
– Шотыңызды жіберіңіз, – деді ол.
– Сізге ме әлде муниципалитетке ме?
Алкальд бұрылған жоқ. Есікті жапқаннан кейін ғана көлденең қойылған металл сырманың ар жағынан дауыс берді:
– Әу, бәрі де бір сайтан емес пе!
Тәржіман – Кеңес Юсуп