Weekend

Топ-5 эксперимент: Өз өмірлеріне жасалған таңғаларлық тәжірибелер туралы не білеміз?

Топ-5 эксперимент

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Адамдардың көпшілігі эксперимент дегенді мектепте оқып жүргенде сабақтарға байланысты «үздік баға» алу үшін ғана жасайтын еді. Ал бүгінгі күнде адамдар өз өмірін жақсы жаққа өзгерту әрі қоғамға пайдасын тигізу мақсатында да әртүрлі тәжірибелік жұмыстар жүргізіп жатады. Назарларыңызға өз өмірлеріне жасалған атақты топ–5 экспериментті ұсынамыз.

Ауасыз өткен 20 минут

Дэвид Блейн – иллюзионист. Ол «егер кез келген істі бір адам жасай алса, демек оны әрбір адам істей алады» дегенді қағидасы ретінде біледі. Оның ең таңғаларлық эксперименті - ауасыз 17 минут 4 секунд тұра алуы.

Басқа да эксперименттерінің арасында: «көмілу» - тірідей мұзбен толтырылған пластикалық контейнерде уақыт өткізуі, «бас айналу» - 22 метрлік бағананың ең үстінде 35 сағат бойы тұруы, 44 күн бойы Темза өзенінің үстіндегі бір жәшікте ас-сусыз күн кешуі бар.

Ақшадан түбегейлі бас тарту

53 жастағы Хайдемари Швермер жалдамалы пәтерінен бас тартып, өзімен бірге кішігірм чемодан ғана алып қалып, үйіндегі қалған заттарын көршілеріне таратып берді. Ол бір жыл ақшасыз өмір сүру туралы эксперимент жүргіземін деп шешім қабылдаған еді. «Адамдар материалдық заттарға қатты әуес. Соған, тіпті, барлық уақыты мен күшін арнауға әзір. Мен ақшасыз да өмір сүруге болатынын, басқаша өмір кешудің мүмкін екенін дәлелдегім келеді», - дейді ол.

Ішер асы мен түнемелік орынына айырбас ретінде Хайдемари жекеменшік үйлердің терезелерін жуды. Оның айтуына қарағанда, алғашқы кездерде бұндай өмір жеңіл болмаған. Бірақ ол еркіндікті сезінгенін де жасырмайды. Ол 17 жылдан бері ақшасыз өмір сүріп келеді. Осы шешімі арқылы ол атақты бола алды. Қазіргі таңда лекциялар жүргізу мен консультациялар айту оның басты жұмысына айналып үлгерді. Хайдемари әлем елдеріне саяхат жасап, жастарға үлгі көрсетеді. Оның айтуына қарағанда, бақытты өмір сүру үшін көп нәрсенің қажеті жоқ.

Қоқыссыз өмір

Беа Джонсон – Калифорнияда өмір сүретін француз аруы. Ол қарапайым тәсілмен қоршаған ортаны ластанудан сақтаймын деп шешім қабылдады. Бұл өзінің отбасына ғана байланысты шешім болды. Ол бір реттік қаптамалардағы тамақтардан, пластикалық бөтелкелерден және басқа да қажетсіз заттарды пайдаланудан бас тартты. Осы шешімнің арқасында оның отбасындағы 4 адам жылына 1 литрлік банкамен ғана қоқыс шығарады.

Мәңгілік саяхат

Жаңа нәрсеге деген ашықтық, бұл – Колин Райттың басты қағидасы. Ол араға 4 ай салып әлемді аралайды. Баратын кезекті мекенді блогында жарияланған дауыстың нәтижесінде таңдайды. Ол өзінің өмір сүру салтын «еркіндік» деп бағалайды.

Колин енді саяхаттауды қолға алып жүрген саяхатшыларға былай дейді:

«Өзіңізге таңдау еркіндігін беріңіз. Барлық нәрсені жоспарлай бермеңіз. Жай ғана мүмкіндіктерді дер кезінде қолдана біліңіз. Ашу шақырмаңыз. Досшыл әрі ашық болыңыз. Басқа адамдардың пікірін және басқа мәдениетті сыйлай біліңіз».

Ғаламторсыз 1 жыл

Пол Миллер – журналист. Бұл эксперименттің нәтижесіне қарағанда, заманауи адамға ақша немесе тұрғын үйге қарағанда ғаламтордан бас тарту қиын шешім екен. Бұл экспериментті жүргізуге Полдың өмірін жақсы жаққа қарай өзгерткісі келетіні себеп болды. Сонымен қатар ол еркіндікті аңсады. Ол ғаламтордан бас тартқанының арқасында роман жазуды қолға алды. Бірнеше ай өткеннен кейін өзінің басындағы мәселелерге ғаламтордың ешқандай қатысы болмағанын түсінді. Полдың айтуынша, ғаламторсыз кез келген адам басқа адаммен байланысуын тоқтатып, қоғамнан алшақтайды екен.

«Менің жоспарым ғаламтордағы әлемімнен шығып, «шынайы» Полды табу болды. Бірақ шынайы Пол мен шынайы өмір ғаламтормен байланысты болып шықты. Ғаламтордан бас тартқанда менің өмірім өзгерген жоқ...» – дейді ол.

Ал сіздің қолыңыздан осы секілді эксперименттерді жасау келеді ме? Жалпы өз өміріңізге байланысты эксперимент жасап көрдіңіз бе?