Bugin

Чеслав Милош: «Кітап, сонсоң ескерткіш пен естелік»

Өлеңдер

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

ФАРФОР ТУРАЛЫ ЖЫР

Көзелерім-ай, жарықтық,

Раушан гүлді ыдыстар,

Табаны таптап танктің

Сендерден қалды сынықтар.

Айналды самал соларды

Жастықтан ұшқан мамықтар

Лас ізге барып қонады,

Қамалып мынау тамұққа.

Қиранды бәрі тау, дала,

Не көрмес тайқы маңдай-ай!

Күйзелдім күйреп, таң қала,

Фафорлар сынып қалғаны-ай!

 

Тағы да, міне, таң атты,

Құлаққа мың үн ұлыды.

Шықырлап, жүрек қанатты

Фарфордың күлдей сынығы.

Шебердің шерлі өңіндей,

Аққудай аппақ үсінген,

Жер астындағы өзендей

Жаншылды олар Летеде.

Қайғысы батты жанға да,

Дерттенбей жүрем мен қалай?!

Күйзелдім күйреп, таң қала,

 

Фарфорлар сынып қалғаны-ай!
 
Жиекке дейін жұмыртқа 
Қабығы қаудыр жапқандай.
Зіл табан таптап сынықтар 
Еңіреп, жылап жатқандай.
Сән-салтанат көркі еді,
Қуанышы еді көздің де.
Тапталып, бітіп ертеңі,
Тұншығып жатыр көр-жерге.
Көміліп қоқыс, шаңға да,
Асылдар майып сарнады-ай.
Күйзелдім күйреп, таң қала,
Фарфорлар сынып қалғаны-ай!
                              Вашингтон, 1947

 

 

ДАЙЫНДЫҚ

 

Әлі бір жыл дайындық.
Ертең басты кітабымның жұмысына кірісем.
Онда менің жүз жылдығым суреттеліп берілмек.
Оң кеткен мен сол кеткеннің бәріне ондағы күн шығады.
 
Көктем мен күз мезгілінде келіп-кетіп тұрады.
Барылдақ торғай ұясын балшықпенен сылайды,
Түлкілер де өзінің түлкілігін қылады.
 
Болғаны осы. Бұдан басқа: қалың қол,
Қатқақ жолмен жүгірген долы боқтық боратып,
Аласапыран ыза-шу; танктің алып жотасы
Бір бұрыштан сұс төккен; ымырттағы аттаныс
Пулеметті мұнара, арасымен қақпаның.
 
Жоқ, бұл ертең болмайды.
Бес, он жылдай кейіндеу.
Ана болу қандай деп, арпалысам сезіммен.
Жаратылыс ол қандай ана болып туғандар?!
Титтей сәби қасында, біреу жерге тұқыртып,
Тепкілейді етікпен; қашып еді, тұтылды,
Атылды. Итерді орға бульдозер, топырақпен жасырды.
Әне, оның сәбиі. Қолында бар қанжығы.
 
Махаббаттан жаралған.
Жаттықпаппын жатық етіп сөйлеуге, шыда әлі.
Ашу менен аяныш стильдегі тепе-теңдікті бұзады.
 

 

 

БАЛАҚАЙ
Жар басында бақайларың жыбырлап,
Қармақ салып тұрғаның-ай, қарағым,
Өз өзенің, жайқалған және де аппақ лала гүл.
Жаңғырық пен бір тықыл ой-санаңда жүгірген,
Ей, балақай, кімсің сен қалтқыға үңілген?
Тұрғаның-ай, шеттетілген жандай боп,
Басқалардай болу жалғыз арман боп.
Маған мәлім өмірің, кім боласың, білемін,
Төніп тұрып өзенге, цыган әйел секілді
Берейін бе бал ашып: бақыт па әлде байлық па?
Қандай ақы төлеріңді ешбір адам білмесін,
Кейбіреулер бізді күндеп жүрмесін.
Маған айқын: екеу сенің болмысың – 
Ұстамды да сараңсың, жомарттыққа қарсысың.
Түсінгенше осыны: зая сенің еңбегің,
Кереметі сол ғана – бейқам кеткен құр шығын,
Жан байлығы арзан бақай-есепсіз,
Кітап, сонсоң ескерткіш пен естелік.
 
ҚОНЫС
Үй жоқ, бақ тұр, кәрі ағаштар оталған,
Ескі соқпақ үстін қалың шөп басқан.
Құлатылған қойма да, қоюшы еді ағартып,
Сөресінде қысқы алма жерқойма да болатын.
Төмен тартар жолдар менің жадымда,
Тұрмын енді өзенді де танымай:
Лайлы суы қара майдай тұныпты,
Қамыс та жоқ, лала гүл де құрыпты.
Бал арасы шырынына құмартқан
Жөке ағашы аллеясы, бақ та жоқ,
Қу ағаштар күйдіргі мен қалақайға сұлапты.
Мен бұл жерден тым алысқа кетсем дағы жоғалып,
Бір мезгілде қалыппыз жапырақтан тоналып,
Кез екен ғой қар – уақытқа жантайған,
Біз тағы да біргеміз шағымызда қартайған.
 
Көзіме ыстық анау лашық бір түрлі,
Шығып жатқан мұржадан түтіні де сүйкімді.
Қалың бұта, білемін, аю бадам екенін.
 
Ризамын өмірге, үзілмеген, әйтеуір,
Талғау етіп талмаған кеспесі мен картобын,
Ұзақ қыста жағатын, бір жақсысы, отын мол.
 
                           Тәржіман – Әбубәкір Қайран