Bugin
Диалог
Бүгінгі технология заманында жастар кітапты көп оқымайды, назарларын ғаламторға тіккен. Осының салдарынан олар еркін ойлауға, ауызекі тілде көркем сөйлеуге қабілетсіздік таныта бастағандай. Қазіргі таңдағы түрлі ақпараттар легі сананы еріксіз жаулап алып, жастарды рухани жүдеу етуде. Алайда кітапты теңдесі жоқ құндылық санайтындар да аз емес. Назарларыңызға Бексұлтан Нығметов пен Жазира Баянның арасында болған диалогты ұсынамыз.
Бексұлтан Нығметов: "Ақылды" (ғаламторы бар) теледидар мен телефон шыққаннан бері кітаптың бетін ашпаймын. Бастапқыда бұл дұрыс емес деген ойда болдым. Оның үстіне жақындарым да: "Бір мезгіл назарыңды кітапқа аударсаңшы!" – деп айтатын. Алайда оқуға қанша тырысқаныммен, көңілім теледидарға не болмаса компьютерге ауып кете берді. "Көңілсіз құлақ ойға олақ" деген бар ғой. Сол себепті бар көңілім ғаламторға байланды. Түгел қажетімді осы заманауи жүйеден таптым. Бұрын ішім пысқанда қолыма кітап алсам, қазір компьютерді қосып жіберіп, онлайн кино көремін.
Жазира Баян: Ешбір техника кітаптың орнын баса алмайды. "Кітапты қайтесің, барлық дүние ғаламторда самсап тұрған жоқ па?" – деген пікірлерімен құрбыларым мазамды алады. Бұл заман кітаптың емес, компьютердің уақыты атанып кеткені де осындай қате пікірлердің кесірінен болар. Өзгені қайтейін, өз басым түрлі туындыларды кітап бетінен оқығанды ұнатамын. Шығарманың соңғы парағын аударған кезде бір рухани байып қалғандай күй кешесің. Бұл дегенің – екінің бірінің қолында жоқ рухани байлық. Ал қазіргі таңда адамдар материалдық байлықты жоғары қояды.
Бексұлтан Нығметов: Кітап оқу ұзақ уақытыңды алады. Ал мысалы, киноны бар болғаны екі сағаттың ішінде көріп бітіресің. Сондай-ақ, кітапты өзге бір адаммен бірлесіп оқи алмайсың. Кино болса адамдарды бір-біріне жақындата түседі. Кейбір жарқ ете қалған сәттерде эмоцияңмен бөлісесің. Сол себепті де ғашық жастар кітапханаға бұрылмай, кинотеатрға барады.
Жазира Баян: Кітаптың кинодан артықшылығы – әрбір көрінісі мықтап есіңде қалады. Ал фильмді бүгін көрдің, ертең ұмытылады. Тағы бір артықшылық – ешқайда елеңдемейсің. "Шамалы қалды, енді бір бет" деп шығарманың соңына дейін жеткің келеді. Содан көз жанарың таусылғанша дейін оқи бересің, оқи бересің. Қиялыңа қанат бітеді. Міне, осылайша, кітап сені өзіне бірден баурап алады. Үшінші артықшылық – әдемі сөз саптауды үйренесің. Кино пайдасыз деп біржақты пікір айтудан да аулақпын. Олардың арасында да көруге тұрарлық дүниелер бар. Алайда кітаптағы түпнұсқаларына жетпейді.
Бексұлтан Нығметов: Неліктен жетпейді?! Шығармасынан кем түсірілмеген кино-туындылар да бар. Мәселен, сценарийі Ілияс Есенберлиннің "Алмас қылыш" романының желісі бойынша жазылған “Қазақ хандығы” телесериалын көркем емес деп кім айтады? Жақсы шыққан туынды.
Жазира Баян: Сіздің жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүретініңіз көрініп тұр. Алайда "Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы" екенін ұмытпағаныңыз абзал. Біз бала кезден бастап кітап оқуға қызығушылықты арттыруға тиіспіз. Мәселен, кішкентай іні-қарындасыңыз қандай жағдайда кітап оқиды? “Оқы” дегеніңізге көне қоя ма? Өзіңіз компьютер басында отырсаңыз, олар да қасыңызды торуылдайтыны рас қой. Әрине, ата-анасы, аға-әпкесі кітапқұмар болса, үлгі алып оқуы мүмкін. Сондықтан өскелең ұрпақтың болашағы біздің қолымызда. Жақсы үлгі көрсетейік!
Дайындаған
Нұржан Арманұлы