Weekend

Дарындар далада қалмайды

Ғабит Мүсіреп

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Атақты орыс жазушысы Алексей Толстой Ресейдегі Қазан төңкерісінен кейін шетелге кетіп бас сауғалады. Графтың ұрпағы пролетариаттың бай атаулыға әу бастан азуын білегенінен өте қауіптенген еді. Алайда әу басында жарлы-жақыбайлар өкіметі тегіне қарамай, зиялыларды өз ыңғайына ұтымды пайдалану үрдісін қолдана білді. Бәзбірінің ата-тегіне үңілместен, Кеңес өкіметіне қызмет етуге қайта шақырды. Граф Алексей Тостойды атамекеніне оралуға үндеген осындай шақыру-тұғын. Жазушының бірінші шақырылған Кеңес санатында депутат болып сайлануы да осының құдіреті еді. Жазушының көңілі асқақтай сөйлейтіні де осы тұс: «Қалың әлеумет жиналған алқалы жиында граф Толстой мен қарапайым мұжықтың қатар отыруы, олардың зәулім сарайда бас қосуына ұйытқы болуы – Кеңес өкіметінің үлкен жеңісі».

Шетелде қалғанда Толстойдың қаламынан «Петр бірінші» сынды іргелі шығарма дүниеге келер ме еді, келмес пе еді, кім білсін. Келген күннің өзінде де жырақта жүрген жазушы тарихи оқиғаны дәл Ресейде жазған секілді жоғары деңгейде жазып шығады деу де қиын. Қалай болғанда да, Толстойдың Ресейге қайта оралуынан өкімет те, граф та, қалың жұртшылық та ұмытмағаны айқын...

«Утечка мозгов» деген ұғым біздің қоғамдағы қалыпты сөз қолданысына енгелі қашан. Әу баста басқалар тарапынан айтылған соң оған бей-жай қарағанымыз да есімізде. «Қазақстан тәуелсіздік алған соң, шетелге кетушілер Отанына оралып жатыр» дегеніміз тағы бар. Жасыратыны жоқ, талай мықтылардың Отанын тапқаны да рас. Бұл, бәлкім, заңдылық шығар. Енді осы «заңдылық» біртіндеп қазақ зиялыларының өміріне де ене бастады. Қазақстаннан басқа Отаны жоқ қазақ зиялыларының өкілдері де біртіндеп өз әлеуетін пайдаланатын, идеясын жүзеге асыратын, талантына бас иетін ортаны іздеді. Әу бастағы тәуелсіздікке деген зиялы қауымның ұлтжандылық эйфориясы салқындай түсті. Бағаланбаған еңбек, қолданыс таппаған жаңалық, құрмет көрсетілмеген дарын тұншығуға айналды. Бюрократтық басынды. Амал жоқ, бойындағы қарым-қабілетін, озғыр ойын іс жүзінде жүзеге асыратын нысанды қазақ зиялыларының шетелден іздей бастауы да ақиқат. Оны тауып жатқандар да бар. Нәтижесіз де емес! Талантты математик Асқар Жұмаділдаев бүгінде Германияның білдей бір университетінде дәріс оқиды. Бәлкім, біз жалған намыспен мойындағымыз келмеген қазақ өркениетіне олқылық әкелетін «утечко мозгов» дегеніміздің басы осы болар. Ағылшын, неміс тілін терең білетін Жұмаділдаевты Батыс алақанында аялап ұстауға бар. Ал өзімізде... селсоқ қарайды. Селсоқ қарайды демеекші, оны депутат болған кездерінде әріптестері «жеп қоя» жаздаған да кезі болды. Оған өзіміз де куә болғанбыз. «Маған желік көлік жүргізетін шопырдың керегі жоқ, қаржы үнем болсын» деген Асқарға депутаттар ара сияқты жабылып: «мынаның есі дұрыс па, мұны депутат етіп кімдер сайлаған?» деген сыңай танытты. Одан кейін Жоғарғы Кеңес тараған соң, ғалым қазақстандық шенеуліктер элитасы оның еңбегін түсінбесін білді де Германиядағы қызметіне түбегейлі бет бұрды. Қазір басқасын айтпағанда, озық ойлы бес математик шетелдің ғылымына қызмет етеді екен. Бұл бір ғана біздің білетініміз. Оның ішінде математика саласындағысы ғана. Ал басқа салаларда қанша қазақ зиялысының шет елде қызмет етіп жүргенін бір Құдай біледі.

АҚШ-тың Оризона университеті экономика факультетінің түлегі, математика ғылымының доқторы Қайрат Мыңбаев та бүгінгі Бразилияның Сеара штаты федералдық университетінің профессоры. Португал тілінде экономикадан дәріс оқиды. Қазақстанның инвестиция саясаты жөнінде іргелі еңбек жазу үстінде. Қарама-қайшылық жағдай. Қазақстанның экономикасы дағдарысты бастан кешуде. Мемлекеттің ішкі болмысынан хабары жоқ шетел экономистерінің кеңесімен бір қателіктен келесі қателікке ұрынып, әлеуметтік жағдай барған сайын асқынып барады. Ал өзіміздің «милы» экономистеріміз Бразилияның, басқа шет елдердің экономикалық саясатына бойындағы дарынын сарқып береді. Сөйтіп, Мыңбаев сынды экономистің мықтылығын басқалар мойындап отыр.

Өнер саласында да жоғалтқанымыз жеткілікті. Апалы-сіңлілі Нақыпбековалар классикалық музыка өнерінің тылсым құдіретін Ұлыбританияда ағылшындардың өздеріне тереңнен ұғындыра түседі. Тұманды Альбионда тағы да қазақ скрипкашысы Марат Бисенғалиевтің аты дүрілтеп тұр. Таза өнер құдіретінің қаймағын бағалай білетін еуропалықтар оларға шын ықыласпен қолдау көрсетіледі, қол соғады.

Ресейде де қаншама таланттарымыз тыныстап жүр. Алла Пугачеваның құзырындағы «А-студионың» әсем әуенді жігіттері, әнші Қайметов (Қайрат Ахметов), ғажап дауысты әнші Ерік Құрманғалиев Ресей өнерінен ойып тұрып орын алған музыка жұлдыздарының санатында. Жоғарыдағыдай интеллектуалды әлеуеті бар, өнер, спорт саңлақтарының тұсауын кескен мемлекет неге осал болуы тиіс. Экономиканың жілігін шаққан ғалымы бар елдің құлдырауы тағдырдың тәлкегіне саяды. Ғылым әлемінде ғалымдары біліктілігін мойындатқан елдің дағдарысқа кезігуі мүмкін бе? Өнер жұлдыздары қарт Еуропаны табындырып жатқан тұста республика өнерінің олқы түсуіне не кедергі болып отыр? Енді соған үңіліп көрелік.

«Мемлекеттік көзқарас бойынша мықтыдан гөрі орташаны қолпаштап, көтермелеген жөн. Себебі мықты өзі көтерілер шегіне жектен, одан әрі ілгері талпынады. Ал орташа, яғни серость әлі де ілгері талпынады. Вот в чем заключение государства нашего. Өйткені бізде кім көп? Орташа, яғни серость көп. Көпті азға құрбан қылмайды. Азды көпке әрқашан жығып беріп отырады». Авторы – Бауыржан Момышұлы. Кезінде айтылғанымен, бүгінгінің айна-қатесіз көрінісі. Бәлкім, бұл қай кездегі де мемлекет атаулының бойындағы арылмас дерт болар?! Кеше де солай болған, бүгін де солай...

Шетелден талай қазақ атамекеніне оралғанымен, зиялысы орныға алмай жүр. Олардың әлеуетін толығымен пайдалану билік басындағылардың бағына тағы да бұйырмапты. Масқара болғанда, Моңғолиядан келген қазақ ұшқышы қой бағып жүр. Ал шетелде жүргенде құрметке ие болған қазақ жазушысы қазір баспанасыз. Басқасын айтпағанда, азаматтыққа қол жеткізе алмай жүрген, шетелден келген зиялы қауым өкілі жеткілікті. Әрине, баспасөзде көтерілген мәселенің кеңсе «көсемдеріне» түрткі болатын сәті бар. Бірақ басталады, әрі қарай ізгілік жалғасын таппайды. Әйтпесе әлем мойындаған атақты баскетболшы Әлжан Жармұхамедовті Қазақстанға шақырып алып, ат спорты жөніндегі нұсқаушылық қызмет ұсына ма? Патриотизммен атамекенге бет бұрған Жармұхамедов осыдан кейін, амал жоқ, Ресейге қайта кетті.

Керісінше, интеллектуалдық үлкен орта әлі «ақсақалдықтан» арыла алмай әлек. Кеңестік дәуірдің идеологиясын мадақтап еңбек жазғандар қазір тәуелсіздік жөнінде тарихи тұжырымдама жасайды. Пардокс. Жеті қырдан асса да әлеуеті әлі таусылмаған. Қос қоғамның идеологиясын қатар меңгерген «мықтыларға» таңданбасқа шара жоқ. Өз кезегінде солардың көлеңкесінде тәуелсіздік қарсаңында соны серпінмен зиялы ортаға қуат бітіруге ұмтылғандар «қартайып барады». Зиялылардың ордасы саналатын Ғылым академиясы да басты ғылыми әлеуетті ұйымдастыра алмай келеді. Әу баста осы академияны тарататын тұста нәпақасынан айырылатынын білген академиктер аттан сап: «Не будем молчать!» деп шыға келген-ді. Билік тарапынан сый-сияпат алғаннан кейін бұрынғы арнасына қайта түсті. Содан кейін-ақ олардың «үнсіздігінің құнын» айтпай-ақ үнсіз түсінесің...

Ал билік басындағыларға Баукең айтқандай, айтқанына көніп, айдауына жүретіндер қашан да тиімді. Пікірін дәлелдеп, жан берісіп, жан алысатын «қыңырлардың» қажеті шамалы. Әйтпесе Салық Зиманов, Шерхан Мұртаза, Сұлтан Сартаев, Геролц Белгер, Мұрат Қалматаев, Дулат Исабеков, Мұхтар Мағауиндердің өмірлік тәжірибесін, интеллектуалдық әлеуетін үкімет толыққанды пайдаланып болды ма? Қазіргі Парламент қабырғасында жүрген үндемейтін ақсақалдардан гөрі жоғарыдағылардың парасатты пайымы әлде билік басындағылардың осал тұсына дөп тие ме? Оған қоса ұлттық мүддеге келгенде кез келген қарсыласына ұтымды пікірін мойындата білетін Айтан Нүсіпхан, Жасарал Қуанышәлі, Дос Көшім, Мейірхан Ақдәулетұлының білігі мен білімін пайдалану қоғамға қайшы болғаны ма?

Әсіресе, бүгінгі қазақ зиялыларының озық өкілі, аудармашы Ғалымжан Мұқановтың еңбегін бағалауға келгенде өкімет сараңдық танытып-ақ жүр. Әуелі аударманың алғы сөзін жазғаны үшін ғана сыйлық француз азаматына берілді. Көз майын тауысып, қара жұмысын атқарған Ғалымжан атаусыз қалды. Абайдың мерейтойын Францияға барып тойлайтын тұста, шенеуліктер Мұқановты Алматы әуежайында «ұмыт қалдырды». Оған қоса Жазушылар  одағының сыйлығы тағы да бұйырмады. Бірақ еңбегін ел мойындайды, Франция біледі. Ал біздің ресми орындарымыздың өкілдері мойынсұнғысы келмейді. Бұл не жұмбақ?

Халықаралық Андерсан атындағы сыйлықтың лауреаты Марат Қабанбайды жа үлкен үйдегілер «отставкаға» ертерек жіберген сыңайлы. Соңғы кездері қадау-қадау дүниелерімен жұртшылық жүрегінен орын алған жазушы неге аяқасты «оппозиционер» болып шыға келді деген заңды сауал туындайды. Соңғы кездері жазылған іргелі публицистикалық шығармаларына «журналистика саласында Мемлекеттік сыйлық берілмейді» деген желеумен назардан тыс қалды. Бұл немесе, әдейі жасалған әрекет пе? Елдің интеллектуалдық әлеуетін толыққанды пайдалана алмай, ұйымдастыра алмай отырған биліктің «білгірлері» сонда қандай шаруамен айналысатын болғаны?

Ата Заңымызда «Мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп нақты жазылған. Әйтсе де, осы қағидат өмірде іс жүзінде әлі күнге дейін басымдық таныта алмай келеді. Мемлекет өзінің білікті мамандарын, интеллектуалдық әлеуетін орнымен пайдалана білген жағдайда ғана қандай да болсын дағдарысты жеңіп шығатыны сөзсіз. Олай болса, билік басындағыларға осы орайда тағы бір рет құлаққағыс жасаудың реті келіп отыр.

1999 жыл