Экономика
Мал экспорты ˂ ет импорты = қымбатшылық
20 қаңтар ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі «Қазақстан мал экспортын тоқтатты» деп хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, былтыр Қазақстаннан шетелге 156 мың бас ірі қара мал шығарылған. Оның 121,6 мыңы Өзбекстанға (78%), тағы 14% Арменияға экспортталған. Сондай-ақ, елден 264 мың бас қой шығарылған, оның жартысынан астамы тұсақ-саулық аралас. Ұсақ мүйізді малдың басым бөлігі, яғни 200 мыңнан астамы (76%) – Өзбекстанға, 21,5 мың бас (8,1%) – Ресей Федерациясына, 18 мың бас (6,7%) – Әзірбайжан, шамамен 12 мың бас (4,5%) Иранға тасымалданған.
Ведомство мал экспортының тоқтауын «тірі малды жаппай сыртқа тасымалдау ет өнімдеріне бағаның өсуіне негіз болды» деп түсіндіреді. Хабарламада «қалыптасқан жағдай қазақстандық ет өңдеу кәсіпорындары мен бордақылау алаңдарының жүктемесінің төмендеуіне алып келді. 2019 жылы қазақстандық ет өңдеу кәсіпорындары өз қуатын толық пайдалана алмаған. Олардың толық жұмыс істемеуінің негізгі себебі – тірі малдың жаппай экспортының салдарынан шикізат тапшылығы болды» делінген.
«Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына» сәйкес, ауыл шаруашылығы министрлігінің алдында қайта өңделген өнім экспортын 2,5 есеге арттыру міндеті тұр деседі. Бағдарлама папортында көрсетілгендей, мұны 2017-2021 жылдары іске асыруға республикалық және жергілікті бюджеттерде көзделген жалпы шығыстар барлығы 2,774 трлн теңге өарастырылған болатын.
«Осыған байланысты, бордақылау алаңдары мен ет комбинаттарының өтініштеріне сәйкес, ҚР Ауыл шаруашылығы және ҚР Қаржы министрліктерінің 2019 жылғы 21 қазандағы «ауыл шаруашылығы жануарларын шығарудағы кейбір мәселелері туралы» бірлескен бұйрығына өзгерістер енгізу туралы шешім қабылданды. Айта кетсек, аталған бұйрық тек аналық мал басының экспортын уақытша шектейтін. Бұл өзгерістер барлық ірі қара мал мен ұсақ мүйізді малдың жыныстық-жастық топтары бойынша тірідей басын өзге елдерге шығаруға (экспорттауға) толық тыйым салады»,– дейді ойлағаны іске аспаған ведомство.
Маңызды шешімді әзірлеуге салалық сараптама ұйымдары, облыс әкімдіктері, «Атамекен» ҰКП, сыртқы сауда саясаты және Халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия қатысқан.
Аталған өзгеріс негізінде алдағы жылдары «қазақстандық мал басын сақтап ұлғайтуға, отандық ет комбинаттарын қолайлы баға мен сапалы шикізатпен қамтамасыз етуге және дайын өңделген өнімнің өндірісі мен экспортын арттыруға мүмкіндік береді» дейді.
Сыртқа мал-ет тасымалдап сатамыз деп, ақжолтай хабар айтып, бөркін аспанға лақтырған министрлік ендігі мал экспортын тоқтатты.