Weekend

Отбасылық альбом ба? Ұятсыздық ошағы ма?

Диалог

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Инстаграм – ғаламторға түрлі суреттер, шағын бейнероликтер салып, пікір алмасудың құралы. Бүгінде бұл атышулы қосымшаны қолданушылардың қарасы қалың. 

Оның қоғам үшін пайдасы мен кері әсері қандай? Әлеуметтік желінің тұрақты қолданушысы Диана Байдалина мен интернетте жеке парақшасы жоқ Елдар Сарбасовтың арасында өрбіген пікірталасты назарларыңызға ұсынамыз.

 

Диана Байдалина: Инстаграм әлеміне күнделікті бас сұғамын деп айта алмаймын. Алайда бұл әлеуметтік желінің зиянынан пайдасы көп екеніне көзім жетті. Ең алдымен, ол – отбасылық альбом. Туыс-туғанның отырыстарынан қалатын естелік суреттерге не жетсін, шіркін! Екіншіден, ол – қайнаған сауда ортасы. Табыстың көзі қайда жатқанын білетіндер тауарларын осы қосымша арқылы сатуға кіріскен. Әртүрлі әшекей-бұйымдар жасайтын құрбыларым бар. Олардың да қолөнер туындылары осы инстаграм арқылы көпшілікке жол тартуда.

Елдар Сарбасов: Отбасылық альбом деген бірінші ойыңызбен келісемін. Шынымен де, қазіргі таңда суреттеріңді қағаз бетінде сақтағаннан гөрі интернетке салған жөн. Оны "Сенімді қойма" десек те болады. Бірақ бұл қосымшаны дүкен деуге, тіпті де келмейді. Онлайн сатылатын заттардың сапасы жақсы боларына кім кепіл? Оның үстіне түрлі зиянды нәрселер де сатылуы мүмкін ғой. Менің инстаграмда жеке парақшам болмаса да, жақында бір досымның телефонын алып, соның атынан кіріп көрген едім. Ішінде не бар, не жоқ?! Түрлі суреттерді көзім шалды. Инстаграм ашық-шашық киінетін "арулардың" ермегіне айналғандай. Табиғат тарту еткен талдырмаш денелерін алай-бұлай майыстырып, үстеріне бір жапырақ қана киім киген қыздар үшін өзің ұятқа батасың. Оларға, тіпті "ұят" деген сөз таныс емес-ау.

Диана Байдалина: Бәлкім, солай да шығар. Өз басым ондай суреттерді "айналып өтемін". Назарымды тек қуаныш сыйлайтын суреттерге ғана аударамын. Ойымды жалғастырайын. Бұл желіде бармақтарынан бал тамған түрлі аспаздар жиналған. Оны күн санап артып келе жатқан дәмді тағамдардың суреттерінен аңғарасың. Бұл тамақ жасауды үйренгісі келетін қыздар үшін керек-ақ дүние. Тәттілер мен ыстық тағамдардың суреттері және сурет астындағы тағамның дайындалу тәсілдері көз тартатыны анық. Сонымен қатар инстаграм – жаңалықтар әлемі. Ел және әлем жаңалықтарымен уақтылы түрде таныса аласың.

Елдар Сарбасов: Қайбір жөнді жаңалықтарды таратады дейсіз? Кейбір ақпараттары жаныңды құлазытады. Бір байқағаным, онда “Брат за брата”, “Один за всех и все за одного”, “Братва” сияқты криминалға толы арнайы парақшалардың санында шек жоқ екен. Олардан өскелең ұрпақ қандай тәрбие алмақ. "Инстаграм – селфи" деген ұғым тағы бар. Селфи деген – өзін-өзі суретке түсіру. Аталған желінің көп бөлігін осындай суреттер құрайды. Жастар өзінің суреттегі бейнесіне тым ғашық келетіні белгілі. Сол себепті, кей адамдар селфи жасаймын деп қауіпті орындарға барып, экстрималды суреттер түсіреді. Мәселен, жастар биік ғимараттардың үстіне шығып, достарымен керемет селфимен бөлісуге асығады. Бұл әсте де дұрыс емес.

Диана Байдалина: Жалпы, селфиді көптеген ғалымдар көңіл-күйдің көзі дейді. Жанары жарқыраған адамдардың жүзін көргеніңде, бір демалып қаласың. Бұл желінің тағы бір артықшылығы – танымал болуға көмекші. Әсіресе, бұл қосымшаны жұлдыздар көп қолданады. Мәселен, Қытайда өткен “Сингер” байқауында 2-ші орын алған әншіміз Димаштың атақты болуына осы инстаграм жәрдемдескен еді. Бүгінде оның парақшасына үш миллион адам жазылған. 

Елдар Сарбасов: Иә, Димаштың әлемге танылуына осы әлеуметтік желі зор септігін тигізіп жатқаны рас. Жалпы, әр нәрсенің ақ-қарасы болады ғой. Инстаграмға “жаман” деген айдар таққаным жөн емес шығар. Алайда, оны уақытты босқа өткізу деп есептеймін.

Дайындаған

Нұржан Арманұлы