Қоғам

Дін мен дәстүр. Имамдар мен мамандар не дейді?

Дін - қоғамның өзекті мәселесі

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Бұлай болуының себебі де көп. Ендігі халықтың ұлттық және діни дүниетанымына екшеп еніп, бойлап көретін уақыт туғандай. Өйткені дін насихатшыларының қаншалықты ұлттық дәстүр мен діннің сабақтастығына қаншалықты көңіл бөлуі маңызды. Эмоциялы түрде емес, ұлттық таным тұрғысынан, ғылыми дәйек тұрғысынан қарайтын деңгейге жетуіміз керек. Бұл біздің де сіздің көкірек көзімізді аша түспек.

Төменде көрсетілген 3 сұрақтың негізінде үш бірдей осы дін саласындағы мамандардан ақпарат алынды. 

1) Дін мен дәстүр сабақтастығы қазіргі уақытта қалай жүзеге асып жатыр?

2) Бүгінгі қоғамдқ ахуалдарға байланысты дін насихатшылары, уағыз айтушы имамдар, теологтар көбіне хадистен, сахабалар өмірінен, араб мектептерінің ілімінен халыққа таратады. Осы тұрғыдан алғанда ұлттық тарих тамырымыздан, салт-дәстүрден, би-шешен, хандар өмірінен неге мысалдар айтылмайды?

3) Әлде, ұлттық бағытта саналы кеңес беруге, уағыз айтуға басқа өкілдік қажет пе?

Байкен мешітінің бас имамы Данияр Жұмабаев көрсетілген сұрақтарға жауап берді.

Сұрақ: Дін мен дәстүр сабақтастығы қазіргі уақытта қалай жүзеге асып жатыр?

Жауап: Қазақстан мұсылмандар Діни басқармасының арнайы 2014 жылды дін мен дәстүр жылы деп жариялаған. Оның аясында еліміздегі барлық мешітте дін мен дәстүр сабақтастыратын ұлттық құндылықтар, көне жәдігерлер, наурыз бен құрбан айт секілді мейрамдарды ұлттық нақышта атап өту жолға қойылды. «Дін мен дәстүр» кітабы жарық көрді. Қайырымдық шаралар, аламан бәйгелер ұйымдастырылған еді. Қазақы дәстүрдің біршамасы дінге негізделетініне куә болып отырмыз. Бала дүниеге келгеннен ат қою, бесікке салу, тұсаукесер, сүндет той бәрі де пайғамбарлар сүннеті аясында болғанын айта аламыз. Қыз ұзату, үйлену той, құда түсу сынды бәрі арабтардан келді деп айтуға болмайтын шығар, бірақ байланысы бар. Дәстүріміздің барлығы шариғатқа қайшы емес. «Сонда қазақтарда дәстүр болмаған ба, барлығы арабтардан келген ба?» деп көпшілік айтады. Негізінде атам заманан қазақ даласында дәстүр болған. Кейін ислам келгеннен кейін одан да жақсылары қалған. Шариғат – Алланың бұйрығы, дәстүр – әр халықтың ерекшелігі мен өзіндік менталитеті.

Сұрақ: Бүгінгі қоғамда ахуалдарға байланысты дін насихатшылары, уағыз айтушы имамдар, теологтар көбіне хадистен, сахабалар өмірінен, араб мектептерінің ілімінен халыққа таратады. Осы тұрғыдан алғанда ұлттық тарих тамырымыздан, салт-дәстүрден, би-шешен, хандар өмірінен неге мысалдар айтылмайды?

Жауап: Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы, мүфтияттың барлық имамдарға қойған талабының негізі – кез-келген діни қызметкер уағызшы халқымыздың түсінігінің аясында бейімдеу уағыз айтылсын. Тек қана құран, хадиспен ғана емес, заман талабына сай Абай, Шәкһәрім атамыздың өлеңдері, қазақ мақал-мәтелдері, ұлы тұлғалардың өмірінен де тиек етіп айту керектігі жөнінде нұсқау бар. Жұма күндегі уағыздың барлығы бір жүйеге қойылған. Онда қазақи құндылықтар да дістүріміз де айтылады. Уақытысында діни білімді сырт мемлекеттерде оқыды. Қазір қазақ тілінде оқытатын өз медреселеріміз, Нұр-Мүбарак университетіміз бар. Осындай оқу ордасынан шыққан студенттер қазақи түрде уағыз жеткізіп жатыр. Біз тек қана араб тарихын, араб мәдениетін емес, өз тарихымызды айтуымыз керек-ті.

Сұрақ:  Әлде ұлттық бағытта саналы кеңес беруге, уағыз айтуға басқа өкілдік қажет пе?

Жауап: Кез келген мұсылман отанын, тілін, халқын сүюі керек. Мен  де мұсылман адамның құдай алдындағы борышыңды өтеуімен қатар еліне, жеріне еңбегі сіңуі тиіс деп ойлаймын. Осы жердің суын ішіп, ел қорғауында отырмыз. Сондықтан ел дамуына үлес қосып, патриоты болуымыз керек. Кез келген адам баласы отанына қызмет жасауы қажет. Ол үшін арнайы ұлтжанды азаматтардың тобын құру керек емес. Елді қорғау – жердің әрбір тау-тасын, өзен-көлін бағалау. Елді қорғау – ұлттық салт-дәстүр барлығын ұрпағыңа сіңдіру. Елді сүю – ел азаматтарын құрметтеп, басшысы мен қосшысына дейін бәріне құрмет көрсету.

Келесі кезекте осы сауалдарға жауап берген Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті философия және саясаттану факультетінің «Дінтану және мәдениеттану» кафедрасының аға оқытушысы Мирас Конусбекулы болатын.

Сұрақ: Дін мен дәстүр сабақтастығы қазіргі уақытта қалай жүзеге асып жатыр?

Жауап: Менің ойымша, дәстүрден дін басымырақ. Бұрынғы ата-баба ұстанған дәстүр артта қалып барады. Сол себепті, елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы өткенді жаңғыртудың бүгінгі жаңарудың басы деп ұғыну керек. Оның ішінде дінге қатысты Абай Құнанбайұлының қара сөздерін, өлеңдерін, Ыбырай Алтынсариннің «Мұсылманшылық тұтқасы» еңбегін, Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығын қарағанда ұлттық сенімге, дәстүрге негізделген діни пәлсафа жатыр. Қазір дінді ұстанып қана жүре беретін болсақ, қазақ екенімізді ұмыт қалдырамыз. Болашақ ұрпақ үшін күрескен ата-бабаларымыздың төккен қанын, бүкіл еңбегін зая кетіреміз. Мен діншіл емеспін және барлық дінге бірдей қараймын. Ең алдымен қазақпын, одан кейін мұсылман, христан болуым мүмкін. Дін мен дәстүр бір-бірінен алшақтап кетті де таза, пәк исламға емес, теріс ағымды бұрмалаған исламға кетіп барамыз. Өйткені, жастардың көпшілігі хиджабқа оранып алады. Ал,хиджаб исламмен бірге келмеген, бұрын да болған. Бұл Мұхаммед пайғамбар жөніндегі фильмнің өзінде ғалымдар дәлелдеген пікір. Сонда біз өз дәстүрімізді ұмытып, өзге бір халық дәстүрін сіңіріп алдық.  Құранның өзінде хиджаб деген сөз де кездеспейді. Тек әурет жерлеріңді көрсетпей, жауып жүріңдер дейді.

Дін мен дәстүр сабақтастығы негізінде қарапайым халық екеуін бірдей алып қарамайды. Дінге берік болып, хиджаб кисе, дәстүрге де берік болып кимешек кисін. Кимешектен ұялады да хиджаб киюден ұялмайды.

Сұрақ: Бүгінгі қоғамда ахуалдарға байланысты дін насихатшылары, уағыз айтушы имамдар, теологтар көбіне хадистен, сахабалар өмірінен, араб мектептерінің ілімінен халыққа таратады. Осы тұрғыдан алғанда ұлттық тарих тамырымыздан, салт-дәстүрден, би-шешен, хандар өмірінен неге мысалдар айтылмайды?

Жауап: Осыған дейін Дін істері басқармасының дін мәселелерін зерттеу орталығы коммуналдық мемлекеттік мекемесінде қызмет атқарғанмын. Сонда бұл мәселе біршама бой көтерген. Кейбір имамдар өзін бірінші мұсылман, одан соң қазақ санайды. Ал, кейбірі ұлтын діннен бұрын қояды. Зайырлы мемлекетте ешқандай дінге жаса, жасама деп айта алмаймыз. Себебі, мемлекет тарапынан қаржыландырылмайды. Аптасына бір жұмаға келген халыққа ұлттық дәстүр тұрғысынан емес, діни тұрғысан көп айтып қалатыны рас. Егер де, күнделікті жұмаға келгенде бесін уақытысында адамдар келсе, мүмкін айтар ма еді?..

Сұрақ: Әлде ұлттық бағытта саналы кеңес беруге, уағыз айтуға басқа өкілдік қажет пе?

Жауап: Дін істері басқармасы республиканың әр өңірінде жұмыс жасайды. Олардың ішінде дін мәселелерін зерттеу жөнінде мемлекеттік мекеме орналасқан. Алматы облысында осы екі мекемені қосқанда жүзге жуық маман бар. Былтыр Алматы облыстық Дін істері басқармасында «Рухани керуен» бағдарламасы өтті. Бұл бағдарламаға тек дін мамандары ғана емес, ақын-жазушылар, халық әртістері, спорт шеберлері сынды әр түрлі салалардағы мамандар қатысты. Тек діни тұрғыда емес, ұлттық рухани сенім мен мәдениет тұрғысынан да бүкіл аудан халқымен кездесулер де талқыланды. Мүмкін, жеке ұлттық бағытта өкілдік құру да керек шығар. Онда әр түрлі сала мамандары қатынасы алса. Айтпақшы, былтырғы шарада вакцина салдыру мәселесі де көтерілді. Арнайы білікті дәрігер мамандар мен теологтар ортақ ой айтты. Әмбебапты түрде қоғамдық мәселелерді осындай талдау жұмыстарын халық алдында жүргізуге тиісті.

Аға оқытушының берген жауаптарынан соң, Нұр-Мүбарак мешітінің наиб-имамы Жалғас Орынбасаров та өз ойын білдіре кетті.

Сұрақ: Дін мен дәстүр сабақтастығы қазіргі уақытта қалай жүзеге асып жатыр?

Жауап: Қазіргі уақытта деп айтылған өгейлеу екен. Дін мен дәстүр ежелден бері, қазақ болғалы бері үйлесіп жатыр деп түсінеміз. Оған дәлел салт-дәстүріміздің артында шариғат бұйрықтары тұратыны. Мысалы, сүндетке отырғызу - мұсылман болғанын айқын білдіретін дәстүр. Сондықтан дін ғасырлар бойғы қазақ дәстүрімен бірге келеді.

Сұрақ: Бүгінгі қоғамда ахуалдарға байланысты дін насихатшылары, уағыз айтушы имамдар, теологтар көбіне хадистен, сахабалар өмірінен, араб мектептерінің ілімінен халыққа таратады. Осы тұрғыдан алғанда ұлттық тарих тамырымыздан, салт-дәстүрден, би-шешен, хандар өмірінен неге мысалдар айтылмайды?

Жауап: Тарих беттеріне қарасақ, кешегі Кеңес құрамындағы 70 жылдық бодандық кезеңінде өткенді болашаққа жалғап жеткізер бір ұрпақ бос қалды. Өзімде мінберге шығып уағыз айтатындардың бірімін. Мүфтиат тарапынан уағыз айтқанда құран аяты, хадис және осы өмірмен байланысты міндеттеме қойылған. Осы өмірмен байланысты қазақ мақал-мітелдері, би-шешендер өмірінен тақырыпқа сай келтірген абзалырақ. Бірақ, біз дайындалған шақта көптеген дүние табылмай жатады. Өйткені, ата-әжемнен, әке-шешемнен естімегенмін. Арада 70 жылдық парақтан жеткен ақпараттың шынайылығын, және автордың діни ілімі қандайлығын анықтай алмаймыз. Міне, осындай олқылықтар әлі де ілім-білімге кедергі келтіруде. Ал, қазір Рһd докторлық дәрежеде ғылыми зерттеулерін жүргізсе деген ұсыныстар түсіп жатыр. Аладағы 5 жылда орынды мақал-мәтелдер, би-шешендер өмірінен өнегелі, тарихи, ұлттық құндылықтар турасынд ести жатасыздар.

Сұрақ: Әлде ұлттық бағытта саналы кеңес беруге, уағыз айтуға басқа өкілдік қажет пе?

Жауап: Өкінішке орай, жекелей алып қарауға байланысты Абайтану сияқты, өзіндік ерекшелеу жік бөлінісіне алып келеді. Дегенмен, бұл ұсыныс бір айтылған дұрыс көрінсе де түбінде бөліп жарауға апаратындай қорқыныш бар. Егер, дұрыс жолға қойылып, терең зерттеліп жүргізілсе құба-құптайтын іс. Себебі, қазақтың қай дастаны, үрдісі болсын хақ исламға жетелері сөзсіз. Ұлт тұрғысанан айтатын болсақ, құранда АллаҺ Тағала айтады: «Біз сіздерді еркек пен әйел, ұлт пен ұлыс етіп жараттық. Өйткені, ол бір-бірлеріңді тану үшін»,-дейді. Сонда, ұлт пен ұлыс Аллаһ алдында бір-бірімен тең.

Талдау.

Үш бірдей діни бағыттағы тұлғалардан сұхбат алу барысында қарама-қайшылы пікірлер мен бірнегізді ұғымдарды да тыңдалды. Мешіттің бас имамының ел мен жерді сүюге, ұлттық тарихын білуге деген ой-тұжырымдамасына наиб-имамның: «Ұлт деген тек бір-бірлеріңді тану үшін» деген ой-пікірлері қарама-қарсы туып тұрғандай. Аға оқытушының сұхбатында тіптен ұлттық құндылықтарға басымдық беруі де өзіндік пікір иесі екенін ұқтырғандай. Дін мен дәстүр сабақтастығы көне замандардан бір арнаға тоғысып, қазақ болғалы да шариғатқа сай ғұрыптары ғана сақталғаны турасында да дін мамандарының пікір қайшылығы көрінеді. Бас имам мен наиб-имамның пікірі біз ұстанар дәстүрдің астарында шариғат заңдары, ілімдері жатыр деген ортақ түсінігі және аға оқытушы маманның қазіргі кезде дәстүрге қарағанда дін басым бола бастауы сынға алынады. Ұлттық тұрғыдан алғанда өзіндік құндылықтар әспеттеліп емес, діни құндылықтар кең таралып кеткені қоғамдық өмірдегі хиджаб мәселесіне тікелей қатыстылығын негізге алады. Дегенмен, өзіндік дәстүрдегі киім үлгісінде орамал тағу, кимешек кию бар екенін ұмытпауды сөз етеді.

Сонымен қатар, тағы да пікір тұжырымдамасы бас имам мен наиб имамнан бір бағытта көрініс берді. Себебі айтылар уағызға Дін істер басқармасының нұсқаулығы және міндеттемесі бар екені мәлімделсе де халық әлі де араб мектептерінің ілімін естіп келе жатқаны да рас. Бұл істің себебін, наиб-имам кешегі Кеңес үкіметіндегі бодандық әсерінен деп түсіндірді. Аға оқытушы маманның «Рухани керуен» сияқты дін мен қоғам ахуалына ортақ талдау жасауға арналған шараның осы тұрғысынан халықтың рухани-діни ілімін бекітуге септігін тигізерін алға тартты. Демек, Дін істер басқармасы мен әкімдіктердің ортақ келісілген шаралар негізінде де біршама жұмыстар атқаруға болатынын айтты. Ұлттық салт-дәстүр, қоғамдық өзекті ахуалдар (хиджаб,екпе салдыру және т.б.) турасында тек діни мамандар ғана емес, қоғам қайраткерлері әр саланың білікті адамдары айтуы және халыққа таратуы абзал екенін дәлел етті.

Түпкі мақсат-мүддеміздің қаншалықты орындалғаны сұхбат барысындағы діни насихатшылардың басты өкілдері имамдардың әрбір сөзінен көрініс беріп тұр. Аға оқытушы болса, ғылыми тұрғыдан белгілі бір дінге берілмегенін айта отырып, қоғамдық ислам дініне қатысты құндылықтардың астарлы ғылыми мәнін ұғындырды. Өзекті мәсәлелер мен діни басымдықты тілге тиек еткен маманның ұлттық құндылықтардың ескерілмей қалауын ашық айтты. Насихатшы өкілдердің тек діни емес, ұлттық тарих турасындағы білімдерін арттырып, ұлы тұлғалар өміріндегі өнегелі тұстарын бойға сіңіруді айқындап берді.

Қорытынды.

Қорыта келгенде, дін мен дәстүр бірлескен бір ұғым есебінде көрініс берседағы, үйлесімділігі әлі де қарама-қайшылы екен. Себебі халықтың діни сеніміндегі негізгі дүниелердің қазіргі қоғамда үстемдік ету көрініп тұр. Бұл дегеніміз мәдениетіміздің өзіне діннің ептеп еніп кетуі. Хиджабтың, діни киімдердің ұлттық ерекшеліктерге қарағанда басым болуы. Жоғарыда талданған нәтижелер бойынша елдің құлақ түріп тыңдайтын, уағызшылардың діни білімі болғанымен, ұлттық тәрбиесі төмендеу екенін ашып берді. Бұл дегеніміз тек діни тұрғыдан айтатын уағыздары, әңгімелерінің астарында ұлттық рух сезілмейтінін айқындап тұр. Діннің үстемдік құруы да кеңінен белгілі дүниелердің бірі. Ал, дәстүрдің дінге байланысты өзгеруі Елбасы айтқан ұлттық кодтан ажырауға алып баруы мүмкін. Ендігі негізгі атқарар істер қатарында қара халыққа уағыз айтып, насихаттаушы өкілдердің ұлт жанына рухани жанашырлықпен қарауы тұр.