Weekend
Қайсар қыздың қайғысы
Күлімдеген көктемнің жайма-шуақ күні болса керек. Отбасымды қуаныш пен шаттыққа бөлеп, әлемді әлдилеген анамның жылы құшағына еніп, ерекше бір жылулық барын дүние есігін енді аттасам да сезініп жаттым.
Балалық шағымда аяулы анашым мені "Ақ ботам" деп атайтын. Еркелеткен сәтте құшағына қысып, бар махаббатын маған төгетін. Жанымдай жақсы көретін жанның қасында талай қызықты сәттерді өткердім, қиғылық салып, дегеніме қол жеткізуге тырысқан кезде анамның алтыннан да қымбат асыл қасиеттеріне таң болатынмын. Таңғажайып естеліктерге толы ұмытылмас түндерде қызықты ертегілерді, шытырманға толы туындыларды талқыға салып, рухани байлыққа кенелетінбіз. Мен толассыз сұрақтардың кілтін таба алмай, дал болып отырған шақта анашым жетеме жеткізуден әсте жалыққан емес.
Екеуіміз көз тартарлық керемет көріністі қағазға бейнелейтінбіз. Табиғат аясының сиқырлы суреттемесінен бе, бойындағы талабы мен талантын ұштастырғаннан ба, анашым "қылқалам шебері" атануға әбден лайықты жан еді. Бірде оның бөлмесінен суреттер топтамасын тауып алдым. Ондағы сырға толы суреттің өзі анашымның асқан ақыл иесі екенін көрсетіп тұрғандай. Сол сәттен бастап, дарыныма қанат бітті, болашаққа деген сенім пайда болды. "Анамның жолын жалғаймын" деп іштей серт байладым.
Саналы ғұмырымдағы сол бір қаралы күнді жадымнан шығармаспын. Биік мақсаттарымды жүзеге асыру жолында тер төккен мен, ардақты жақынымның мұң меңдеген жанары мен қиыншылықпен арпалысқанын сезінбеппін де... "Өзегімді жарып шыққан перзентім" деп мені кеудемнен итермей, шаттыққа кенелткен анашымнан мәңгілікке қол үзу оңай тимеді. Бұл кезде мен небәрі 17 жаста едім. Әр уақытта сенімділігімен дараланатын жанды жоғалттым, осы оқиғадан соң өкініш оты маздап, қабырғам қайысты. Жүрегіме өшпес дақ түсірілді. Енді оны жою мүмкін емес!
Анам өмірден озғалы жарты жыл да өте шықты. Қысылтаяң шақ туып, бұл мені ауыртпалықтарға әкеліп тіреді. Жас болсам да еңбекке деген құлшынысым ашылып, кездескен келеңсіздіктерге қарамай, алға жылжып отырдым. Бойымдағы талантымның тағдырын күйттеп, жоғарғы оқу орнына құжаттар тапсырдым. Бастапқыда емтиханнан құлап, өміріме өкпе арттым. Осы сәттегі жай-күйімді білсеңіздер ғой?! "Арманым мені адастырды" деп қолымды бір сілтеп кетіп қалмақ та болдым. Сол кезде ішкі жан дүнием қайтпау қажеттігін ұғындырды. Кенет байлаған сертімді еске алдым, үзіліс жасауды да жөн көрмедім.
Бірнеше ай өткен соң бағымды қайта сынап көрмекке бел будым. Қолыма қылқалам алып, шығармашылығымды дамыта бастадым. Түрлі тақырыптарды қамтыған суреттерді көріп, балалық шағымдағы ұстазым туындыларымды арнайы көрмеге қойды. Иә, еңбек ешқашан да еш кетпейді. Бірнеше ай өткен соң, өнеріме қызығушылық танытушылар да табылып, жоғарғы оқу орнына шақырту алдым. Бойымды қуаныш сезімі кернеп, қиял жетегіне еріп кеттім...
Жастық дәуренімде бүршік атқан қызығушылығыма деген сезімім-сеніміме серкеу түсіре алмады. Сынақтарды сабырмен жеңуге қалыптаса бастадым. Асқақ шыңға жету жолында шыңдалу қажет екенін ұғындым.
Расында да, армандар орындалады...