Құқық
Қаулы Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі 2000 жылғы 13 сәуір N 2/2
Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі Төраға Ю.А.Ким, Кеңес мүшелері Н.І.Өкеев, Ж.Д.Бұсырманов, А.Е.Есенжанов, А.К.Котов, Қ.Ә.Омарханов және В.Д.Шопин қатысқан құрамда, өтініш субъектісінің өкілі - Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты С.Ө.Есімхановтың қатысуымен өткен ашық отырысында Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттары тобының Қазақстан Республикасы Конституциясы 6-бабының 3-тармағын ресми түсіндіру туралы өтінішін қарады.
Қолда бар материалдарды зерделеп шығып, баяндамашылар - Конституциялық Кеңес мүшелері А.К.Котов пен Қ.Ә.Омархановтың, өтініш субъектісі өкілінің және отырысқа шақырылғандардың сөйлеген сөздерін тыңдап, сондай-ақ, тәуелсіз маман - "Салық мәдениетін қалыптастыру" Қорының сарапшылық-әдістемелік кеңесі төрағасы, заң ғылымдарының кандидаты Е.В.Пороховтың қорытындысымен танысып шығып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі мынаны анықтады:
2000 жылғы 14 наурызда Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесіне Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттары тобының Қазақстан Республикасы Конституциясы 6-бабының 3-тармағын ресми түсіндіру туралы өтініші келіп түсті.
Өтініш беруге Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 12 қаңтарда "Богатырь Аксесс Көмір" жауапкершілігі шектелген серіктестігі үшін жерді тұрақты пайдалану құқығын құжаттық ресімдеумен, жерді пайдаланғаны үшін және қоршаған ортаны ластағаны үшін төлемдерді өндіріп алумен байланысты бірқатар жеңілдіктер белгілеген "Аксесс Индастриз, Инк." компаниясының кейбір мәселелері туралы" N 53 P000053_ қаулыны қабылдауы себеп болды.
Депутаттардың пікірі бойынша, "Аксесс Индастриз, Инк." компаниясының меншігі (жылжымайтын мүлкі) орналасқан жер учаскесіне деген құқықтарын "Богатырь Аксесс Көмір" жауапкершілігі шектелген серіктестігіне беру Республика Конституциясы 6-бабы 1 және 3-тармақтарының талаптарымен келіспейді. Олар жоғарыда аталған Үкімет актісі заңда белгіленген және Конституцияға негізделген жер пайдалану құқығы режимін бұзады деп есептейді.
Парламент депутаттары өздерінің өтінішінде аталған жағдайға қатысты қолданыста Қазақстан Республикасы Конституциясы 6-бабының 3-тармағына және өзге де нормаларына түсіндірме беруді сұрайды.
1. Конституциялық Кеңес Конституцияның тиісті нормаларын ресми түсіндіруді Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 12 қаңтардағы N 53 қаулысын конституциялылық пен заңдылық тұрғысынан бағалаумен байланыстырмайды, өйткені оның құзыретіне бұл кірмейді.
Сонымен бірге, Қазақстандағы меншік қатынастарын және жер қатынастарын құқықтық реттеу принциптері мен нормалары Республика Конституциясының жалпы бастаулары мен нормаларынан және соларға негізделген, заңи күші жағынан олармен тең тиісті заңдар мен заң актілерінен келіп шығатынын, оларды қолдану өзара байланысты екенін және осы тектес барша қоғамдық қатынастар мен жағдайларға таралатынын назарға ала отырып, Конституциялық Кеңес Конституцияның 6-бабының 3-тармағына және сол түйіндес өзге де нормаларына жүйелі түрде түсіндірме беру мүмкін деп есептейді.
2. Конституцияның K951000_ 6-бабының 3-тармағында "жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншігінде болады. Жер, сондай-ақ заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін" деп белгіленген. Бұл конституциялық ереже меншіктің құқықтық режимі, меншік иесінің (шаруашылық жүргізуші субъектінің) Конституцияның осы нормасының объектісі ретіндегі жерге қатысты өз өкілеттіліктерін жүзеге асырудың шарттары мен шектері заңмен немесе заңи күші жағынан тең заң актісімен анықталады дегенді білдіреді. Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 23 желтоқсандағы N 2717 U952717_ "Жер туралы" заң күші бар Жарлығы, өтініш берудің нысаны болған, құқықтық реттеу қатынастарына қатысты қолданыста сондай акті болып табылады.
"Жер туралы" заң актісі Қазақстандағы меншік қатынастарын дамыту үшін Конституцияның мынадай жалпы бастауларына негізделеді: "меншік міндет жүктейді, оны пайдалану сонымен қатар қоғам игілігіне де қызмет етуге тиіс" (6-баптың 2-тармағы) және "адамның және азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруы басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұзбауға ... тиіс" (12-баптың 5-тармағы). Ол бұл ережелерді жер құқықтарын теріс пайдалануға жол бермеу деп нақтылай түседі: "жер қатынастары субъектілерінің өздеріне тиесілі құқықтарды жүзеге асыруы табиғи объект ретінде жерге, айналадағы табиғи ортаға, сондай-ақ басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне зиян келтірмеуі тиіс" (Қазақстан Республикасы Президентінің "Жер туралы" заң күші бар Жарлығының 9-бабы).
Конституцияның 6-бабының 3-тармағындағы жер пайдалану құқықтық режимдері үшін заңмен белгіленген шарттар дегенде, жоғарыда аталған заң актісінде баянды етілген, атқарушы органдардың шаруашылық жүргізуші субъектілер мен жеке тұлғаларға қатысты жер пайдалану мәселелері жөніндегі нақтылы шешімдерінің заңдылығын қамтамасыз ететін әлеуметтік-құқықтық алғышарттардың жиынтығын түсіну керек.
Ондайларға, жекелей алғанда, Қазақстан Республикасы Президентінің "Жер туралы" заң күші бар Жарлығының 18-бабының шарты - жер учаскесіне құқықтың және онда орналасқан үйлер мен ғимараттарға құқықтың бір-бірінен ажыратылмауы жөніндегі шарт жатады. Бұл шарт жер учаскесін онда орналасқан жылжымайтын мүліктен бөлектеп алып оқшаулауға немесе беруге құқықтық тыйым салынады дегенді білдіреді, сол арқылы меншіктің қоғам игілігі екендігі және бірыңғай шаруашылық жүргізуші субъектінің азаматтық-құқықтық жауаптылығы туралы конституциялық принцип қамтамасыз етіледі.
Қазақстан Республикасы Президентінің "Жер туралы" заң күші бар Жарлығының 40-бабында көзде тұтылған жерді тұрақты пайдалану құқығының шетелдік жер пайдаланушыларға берілмеуі жөніндегі шарт, шаруашылық жүргізуші субъектілердің нақты бір түрі үшін жер пайдаланудың мүмкін болған құқықтық режимін анықтаудың басқа бір құқықтық өлшемі болып табылады. Оларға, демек, жер үшін тиісті жалдау ақысын төлей отырып, жер учаскесін жалға алу шартымен жерді уақытша пайдалану құқығы беріледі.
Конституцияда, және оның ережелеріне негізделген "Жер туралы" заң актісінде белгіленген шектерден шығып кету, сондай-ақ осы соңғысында көзде тұтылған, заңға тәуелді актілермен жер қатынастарын нормативтік реттеуді жүзеге асыратын атқарушы орган тарапынан шаруашылық жүргізуші субъектілерге немесе жеке тұлғаларға жер пайдалану құқықтары берілуінің нақты шарттарын сақтамау, бұл қатынастарға ықпал етудің құқықтық шекарасын асырып жіберу дегенді білдіреді. Нәтижеде бұл конституциялылық режимін бұзуға әкеп соқтырады. Конституция 4-бабының 1-тармағына орай, оған сай келмейтін заңдар және өзге де нормативтік құқықтық актілер Қазақстан Республикасының қолданатын құқығы бола алмайды. Конституцияның 69-бабының 3-тармағында Үкіметтің қаулылары және Премьер-Министрдің өкімдері Конституцияға, заң актілеріне, Республика Президентінің жарлықтары мен өкімдеріне қайшы келмеуге тиіс деп белгіленген.
3. Конституцияның 6-бабының 1-тармағына сәйкес "Қазақстан Республикасында мемлекеттік меншік пен жеке меншік танылады және бірдей қорғалады". Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі 1999 жылғы 3 қарашадағы нормативтік сипаттағы N 19/2 S990019_ қаулысында бұл ережеге ресми түсіндіру берген болатын. Өтініште көрсетілген жағдайға байланысты қолданыста бұл, мемлекет меншіктің екі нысанындағы субъектілерге ғана емес, сондай-ақ меншіктің бір нысанындағы және экономикалық қызметтің бір түріндегі шаруашылық жүргізуші субъектілердің өзара қарым-қатынасында да бұзылған құқықтарын қорғау мен қалпына келтірудің бірдей құқықтық мүмкіндіктеріне кепілдік береді дегенді білдіреді. Олар үшін рұқсат етілген немесе жол берілетін нақты құқықтық қатынастарда мұндай шаруашылық жүргізуші субъектілер сол бір ғана құқықтық режимге бағынуы тиіс.
Баяндалғанның және Қазақстан Республикасы Конституциясы 72-бабы 1-тармағының 4) тармақшасы негізінде, және Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" U952737_ конституциялық заң күші бар Жарлығының 17-бабы 3-тармағының 1) тармақшасын, 32, 33 және 37-баптарын, 41-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі қаулы етеді:
1. Қазақстан Республикасы Конституциясы 6-бабының 3-тармағын, өтініш нысанына қатысты қолданыста, осы конституциялық ережелер, бұл ережелерге негізделген заңдармен және заңи күші жағынан олармен тең заң актілерімен реттелетін Қазақстан Республикасындағы жер құқығы қатынастарының жалпы міндетті бастауларын белгілейді деп түсіну керек.
Олардың нормаларын заңға тәуелді актілермен нақтылау тек қана осы заңдарда және заңи күші жағынан оларға тең заң актілерінде белгіленген негіздерде, шарттарда және шектерде мүмкін болады.
2. Қазақстан Республикасы Конституциясы 74-бабының 3-тармағына сай
қаулы оны қабылдаған күннен бастап күшіне енеді, Республиканың бүкіл
аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және
Қазақстан Республикасы Конституциясы 73-бабының 4-тармағында көзделген
жағдайды ескере отырып, шағымдануға жатпайды.
3. Осы қаулы қазақ және орыс тілдерінде республикалық ресми баспасөз
басылымдарында жариялансын.
Қазақстан Республикасы
Конституциялық Кеңесінің
Төрағасы
Мамандар:
Қасымбеков Б.А.
Икебаева Ә.Ж.