Weekend

Қазақ XXII ғасырға кіре ме?

(Сұхбат. Е. Қарабек)

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

- "Басқа тұман түсіп, істің бәрі күмән болып отырған" мына заманда қазақтың қандай бағдарды таңдағаны жөн! Қайтсек қазақтық қалпымызды сақтап, ұлтымыздың көшін ілгері апарамыз! Өзге жұрттардың алдында жүзіміз төмендемей, ұлтымыздың мерейі үстем болып тұруы үшін қандай қасиеттерге иек артқанымыз дұрыс. Қазақтың ұлтжанды, жанашыр азаматтарының бірі болып табылатын өзімізбен бүгінгі әңгімемізді осындай өзекті мәселелер төңірегінен бастасақ.

- Олжас ақынның: "Кейбір іс-әрекеттеріне,қылығына қарап мен қазақ осы жиырма бірінші ғасырға да кірмей қала ма деп қорқам", - дейтіні бар. Әзіл аралас әңгіме болғанымен мұның астарында біраз нәрсе жатыр. Әрине, қазақ жиырма бірінші ғасырға кіреді. Бірақ сол жиырма бірінші ғасырдан шыға ала ма? Қазақ үшін жиырма бірінші ғасыр соңғы ғасыр болып қалмай ма? Міне, мәселенің мәселесі осында. Біздің қазіргі мінезімізге, сиқымызға, бір-бірімізге қатысымызға қарап бірдеңе айта қою қиын. Ұлтжанды болсақ, өз мәдениетімізге, тілімізге, дінімізге аса ықтиятты болсақ, онда ғасырдан ғасырға құлаш ұра бермекпіз. Ал енді "Әй, қойшы соны, қайда қашар дейсің, ұйықтай тұрайын" десек, қазақтың жастарының басын тек дастархан, ет, жартылық қосса, қазақтың көші ұзаққа бармайды, тарихта қазақ деген аты ғана қалады. Кейінгілердің "Қазақ деген бір халық болған екен. Жігіттері арақ ішіп, есіп сөйлегенде тоқтамайтын болыпты. Серт бергіш екен, бірақ сол сертін сақтамаудан да алдына жан салмайтын көрінеді-деп аңыз қылып айтып отыруы ғажап емес. Қазақ жастарының бойындағы тағы бір кемшілік-қиянатшылдық.Қазақтың жігіттері қыздарға қиянатшыл. Қиянат жасағанын барып біреудің малын барымталап алып келгендей, жерін жаулағандай мақтаныш сезіммен айтады.Қазіргі көп шымылдықтың үкісі түзу емес, айналамызды жеңіл жүрістілік жайлап барады. Күлеміз деп дарақыланамыз. Жастарымыз тым сауықшыл боп кетті.Үлкендер айтып жатса, беттен аламыз. Егер келімсек Қазақстанды өмірлік тұрағым етем десе, отырған жеріне радиоактивтік элементті шашпас еді, химикат сеппес еді, жерімізді күтіп ұстаған болар еді.Қазіргі кейбіреулердің қазақ жеріне істеп отырғаны қиянат екенін, уақытша мекен деп қарайтынын осыдан да аңғаруға болады. Күндердің күнінде ол келімсектер кетер-ау. Химияның уларынан жерімізді жуып алармыз. Бірақ жеке басым "Келімсек кетер, бірақ одан жұққан індет қала ма?", - деп қорқамын.

Потанин Шоқанның әкесінің үйінде отырып: "Мне чудится, что вся киргизская степь поет!" - деген екен. Содан жүз жылдай уақыт өткенде бүгін мен "Мне чудится, что вся моя степь пьет!" дер едім. Жартылық дегенің-қазақтың арасындағы өмірлік өлшемге айналды.Отын әкелсең-жартылық, шөп әкелсең-жартылық, бала тапсаң-жартылық, әйел алсаң-жартылық, ажырассаң-тағы жартылық.Осындай жағдайда отырып болашақта пәлен боламыз деп айту қиын.

Қазақтың алауыздығы, ауызбіршілігінің жетіспей жататыны, жерге, жүзге бөлінетіні турасында аз айтылып, аз жазылып жүрген жоқ. Бірақ сөйте тұра, алауыздықтың жақсылыққа апармайтынына көзіміз жетіп жүрсе де,осы кеселден арыла алмай-ақ қойдық. Әр жүздің атасынан қазақтың ортақ атасы киелі. Менің бір депутат жолдасым "Аулымызға Қарақалпақстаннан алты қазақ шаңырағы көшіп келіп еді. Соларды жергілікті тұрғындар қонаққа шақырғанда бөлек үйге отырғызады",- дейді. Бұл тіпті бер жағындағы сұмдық.Үлкен ауылдың сиырларына сиырларын қосқызбайтын көрінеді. Адамдыққа сәйкес қасиет пе осы?! Бізден басқа бірде-бір халық бұлай етпейді. Атаны білу керек бірақ ол қазақты бір-бірімен жауықтыруға, бөлуге қызмет істеугп тиіс емес. Біз неге қу тақыр кедейміз? Өйткені біздің басымыз бірікпейді. Өмірде құл жиылып жеңіске жетпеген екен. Оның себебі-құл жеке өзіне ғана денсаулық, артықшылық тілейді. Біздің де қазіргі сиқымыз осындай. Сөз ауыр, әрине. Өткенде шешендердің көсемі Жохар Дудаев: "Егер Ресей қысым көрсетсе, Мәскеуге 380 мың шешенді автоматпен қоямын!" деп мәлімдеді. Қояды, өйткені ол халқына сеніп тұр.Ал біз бұлай ете алмаймыз.Он миллион халыққа 380 мың автомат табылар, бірақ соны ұстайтын қол табылмауы мүмкін.Партократтар, қазақтың қаратаяқтары халықты жүз-жүзге бөліп кетті.Сол бөліну қазір күн тәртібінен шықты деп айта алмаймын.

Бүгінгі алмағайып заманда қазақтың қандай жолды таңдауы керек? Ең алдымен қазақ өлшеулі дүниеге өлшеммен қарауды үйренуі керек дер едім мен. Құдай қазаққа кең мінез берді. Бірақ кең мінез дүние кең кезде мақтаныш еді. Дүние тарылғанда қазақы кең мінездің тарылмауы өзіне-өзі жасап отынған қылмыспен тең. Қазір төңіректегінің бәрі өлшеулі, тек қазақ қана дарақы көзімен қарайды. Өлшеулі дүниеге өлшеусіз қалыппен кіру түбінде біздің қасіретімізді молайта түседі. Кейбіреулер "Бұл - біздің ұлттық ерекшелігіміз!" дейді. Жоқ, бұл - ерекшелік емес, дарақылық. Онымен мақтануға болмайды. Жуықта мен: Грекияда болдым. Сонда: "Бұл не деген ұқыпты да мәдениетті халық!" - деп таң қалдым. Ондағы титтей байлықтың өзі өлшеулі; гректер тіпті ауыз судың өзін өлшеп ішеді. Тар жерде отыр, байлығы аз, бірақ бай тұрады. Ал біз кең жерде, бай өлкеде тұрамыз; үрерге итіміз, сығарға битіміз жоқ. Томас Джеферсон деген Американың әйгілі ағартушысы еріксіз есіме түсіп отыр. Өзі Құрама Штаттардың президенті болған. Соның "Америка халқына хат" деген өсиеті бар. Сонда бар берер ақылы: қашан ұйқыдан тұру керек, таңертеңгі тамақты сағат қаншада ішкен дұрыс,жұмысқа қай кезде барып, қай кезде қайту қажет, түскі тамақтың уақыты қашан, қашан ұйқыға жату керек. Ол осыны ғана насихаттайды. Оның насихатын қабыл алған американ халқы бүгінде өркениеттік көш басында. Яғни төрт құбыласы тең халық болу үшін ұйықтайтын кезде ұйықтап, тұратын кезде тұру керек. Мейрамдайтын кезде мейрамдап, жұмыс істейтін кезде жұмыс істеген жөн. Ал біз үшін жұмысқа баратын уақыт та-мейрам, мейрам күні де-мейрам, ел ұйықтап жатқанда қазақ даңғырлап есік алдында.

"Алматыда жаңа жауып басылғанды" айтып жүреді. Одан кейін күндізгі сағат бірге дейін ұйықтайды, бұл кезде басқа елгезек халықтар сүтін де алып кетеді, етін де алып кетеді. Жинақы болуымыз керек.

Әңгімелескен Қ.Қарасай, Ана тілі 1992ж.