Bugin
Баланың оқуда зерек, өнер мен спортта белсенді болуы үшін атқарушы функциясын дамыту керек
Балаңыз ұмытшақ, сабаққа немқұрайлы ма? Бастаған тапсырманы соңына дейін жасауға қинала ма? Бір жұмыстан келесі жұмысқа ауысуы ұзақ уақыт ала ма? Егер жасөспірім балаңызда осы сияқты тиянақсыздық байқасаңыз, балаңыздың атқарушы функциялары әлсіз дамыған деген сөз. Бұл ешқандай да психикалық ауруға жатпайды, тек кейбір қабілеттерді дамыту керек деген сөз.
Атқарушы функция (ағылш.executive function) - өз-өзін басқару мен бір істі басынан соңына дейін жасауға қажетті ақыл-ой дағдысы (умственные навыки). Ата-аналар мен тәрбиешілер балалардың өмірге тезірек бейімделген, тәуелсіз болғанын қаласа, баланың атқарушы функцияларын (АФ) дамытуды ойлау керек. АФ-ны арнайы психомертикалық тесттердің көмегімен, баланың оқу үлгерімі мен қоғамда өз-өзін қалай ұстағанына қарап бағалауға болады. Баланың АФ неғұрлым ерте дамыса, оның сабақ үлгерімі жоғары, қоғамдағы өзгерістерге дұрыс бейімделе алатын болады. Сәйкесінше, оның болашақта күрделі тапсырмаларды шеберлікпен шешіп, тіпті карьера мен отбасылық өмірде де жетістікке жетуіне көмегін тигізеді.
Др. Гиола мен оның әріптестері атқарушы функцияның8түрі болатынын анықтап, жүйелеген екен:
1. Тежелу. Кез келген шектен шыққан әрекет немесе орынсыз сөз бен ойды тоқтата білу. Кішкентай балалардың миы әлі даму процесінде болғандықтан, өздерін тоқтата алмай жатады. Бірақ 8-11 жас аралығындағы балаларға өздерін тежеуді үйретуге болады.
2. Ауысу. Бір тақырыптан келесі тақырыпқа ауысу. Бұл мектепте қазақ тілі пәнінен ағылшын тілі пәніне бес минуттық үзіліс ішінде баланың миын тез ауысуға итермелейді. Кейбір балаларда бұл дағды баяу жұмыс істеген кезде, бала көпке дейін сабаққа қатыспай, пассив отыруы мүмкін.
3. Эмоцияларды басқару.
4. Бір істі бастау. Берілген тапсырманы шешудің жолдарын іздестіру. Ұқсас формулалар мен стратегияларды ойлап, еске түсіру.
5. Қысқа уақыттық еске сақтау қабілеті. Тапсырманы соңына жеткізгенге дейін оның детальдарын есте ұстау. Егер баланың қысқа уақыттық есте сақтауы нашар болса, оны әртүрлі әдіспен дамытуды қолға алу керек.
6. Жоспарлау, ұйымдастыру.
7. Құралдарды, ресурстарды басқару. Қолда бар мүмкіндіктерді көріп, оларды өз өз қажетіне жарату қабілеті. Бір сөзбен айтқанда тапқыр болу.
8. Өз-өзін бақылау. Өзінің әрекеттері мен жұмысының нәтижесін салыстыра білу, өз ісінің сапасына баға беру.
Жасалған зерттеулер мен практикаға қарасақ, баланы туғаннан бастап атқарушы функциясын дамытатын жаттығулар бар екен. Төменде 7-12 жастағы балалардың атқарушы функциясын дамыту жолдарын айтамыз:
1. Үстел ойындары мен карточкамен ойнайтын ойындар. Шахмат, дойбы, монополия сияқты үстел ойындары жеткіншектердің қысқа уақыттық еске сақтау қабілетін жаттықтырады. Ойынды жоспарлау мен стратегиялар құру кезінде бала миының икемділігі артады екен. Сонымен қатар карточкалармен жылдам сұрақ-жауап ойындары мен викториналар баланың ойын жүйрік етіп, тез шешім қабылдауға үйретеді. Осы жастағы балалар майнкрафт сияқты қиял әлемімен байланысты стратегиялық жоспарлауды қажет ететін ойындарды да ұнатады.
2. Физикалық жаттығулар мен топтық ойындар. Футбол сияқты топтық ойындар баланың координациясын дамытады. Топтық ойынның күрделі ережесін есіне сақтай отырып, өзінің және басқа ойыншылардың әрекетін бақылауда ұстауға, жылдам шешім қабылдап, икемді болуға үйретеді.Ал секіртпе (скакалка) ойнау үшін, балада жақсы физикалық дайындық болу керек, оның үстіне секіріп тұрып, сөздерді қайталап тұру керек. Осы сияқты ойындар балалардың есте сақтау қабілетін жатттықтырады. Пейнтбол сияқты жасырынбақ ойындар баланы мұқият болуға, өзін басқаруға көмектеседі.
3. Музыка, вокал және би. Музыкалық аспап ойнау баланың концентрациясы мен өз-өзін бақылауға көмектеседі. Егер балаңыз аспапта ойнауды үйренбесе де, музыкалық топтарда өнер көрсетуінің өзі, оның ритммен ілесіп, оны есте ұстауына, солайша қай кезде қосылып, қай кезде өзін тежеу керектігін үйренеді. Уақыт өте келе, тапсырманың қиындығын арттырып отыру да маңызды.
4. Басқатырғылар. Әр түрлі крассвордтар, «теңіз шайқасы», судоку, кубик-рубик сияқты ойындар да баланың еске сақтау қабілетін жақсартып, санасының икемді болуына жол ашады.
5. Тұрмыстық режимнің дұрыс болуы. Баласының атқарушы функциясының жақсы дамығанын қалайтын ата-аналар, міндетті түрде баланың ұйқы режимінің дұрыс болуын, күнделікті ас мәзірінде ағзаға қажетті ақуыз (ет, балық, ақ ет), жасұнық (көкөністер), пайдалы көмірсудың (арпа, сұлы ботқалары, бұршақ тұқымдастар) болуын қадағалау керек.
Балаларымыз әрқашан белсенді, дені сау болсын!