Weekend

Менің өзіме жазған хатым

20 жылдан кейін

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Сәлем, Орал! 

- Хәлің қалай? 

- Үй ішің аман ба? Саған көптен бері хат жазуды да қойдым. Сен мұныма ренжіме. Өзіңде білесің, әлі студентпін. Ал студент болу оңай емееес. Әйтеуір, қашан қарама қарбаласпын. Бір жағынан студентке өмір бойы жетпейтін қу дүниенің де жөні болмай тұрғаны. Оны тірнектеп жүріп таппасаң ешкім қолыңа салып бермейтіні анық қой! Бәлкім, сен үшін оңай болып көрінер!

- Өзің де студент болдың емес пе?

- Аааа... Айтпақшы, студент дегеннен шығады. Сен студент кезіңде «Жазушы болам, әлі-ақ Жазушылар одағын басқарамын» деп ауызыңды көпіртіп тұрып айтушы едің ғой.

- Жазушы болдың ба? Кезінде өзіңмен бірге оқитын курстас Роза деген қызға талай мәрте ғашықтық хаттарын жазушы едің. Сол шақтар есіңде ме?

- Әлде көше кезген біреусің бе? Біреудің маңдай терімен тапқан малына ортақ болып, сор болып жүрген жоқсың ба? Тек шыныңды айт!

- Егерде әлі жазушы болмаған болсаң, мен саған достық ақылымды айтайын, сенен мықты жазушы шығады. Иә, иә! Сенен!

- Әлде мұғалімсің бе? 

- Бірақ, әй, қайдам, сенен мұғалім шығуы қиын еді-ау. Өзің жарытып ешкімге ештеңе үйрете алмайтынсың. Бірдеңені түсіндіріп бер десе, әңгімені ары айналдырып, бері айналдырып, ақырында өзіңнің не айтып жатқаныңды ұмытып қалатынсың.

- Әлде ел басқаратын жоғары лауазымда отырсың ба? Бірақ сенен оның да шығуы бек мүмкін. Әйтеуір, өзіңді емес өзгелерді ойлайтын адам болсаң болды ғо-о-ой!

- Ал, мен болсам, баз баяғы қалпымша, күйбең тіршіліктің айналасынан шыға алмай жүрген жанмын. Не өзгеріс жоқ. Не-е-е айтарлықтай жаңалық та жоқ... Жаңалық демекші, менің саған айтатын, бірақ ешкімге айтуға болмайтын сырым бар. 

- Жақында ұнатып жүрген қызымды  кездесуге шақырдым. Ол  келісті... 

- Орал, сен білесің бе? Мен сондай бақыттымын. Тап бір көше кезіп, табанын тоздырып жүрген кедейдің бір қап алтын тауып алғандағы қуанышындай күйдемін.

- Осы сенің жақсы көретін қызың бар емес пе еді?! Сол қызға үйлендің бе? Әлде әлі күнге дейін жалғыз бастысың ба?

- Бар болса, сенің қырсық мінезіңе қалай шыдап жүр екен?

- Жақында ауылға барып қайтқанмын. Анам жалғыздықтан қатты жүдепті, самайындағы ақ шаштарының саны ол кісінің әкемді жоқтап, жалғыздыққа нәлет айтып жылаған әрбір сәтінен хабар беретіндей. Өміріңнің жартысын арнайтын адамыңнан айырылу қиын-ақ.

- Өзіңнің анаң қалай?

- Сұрақтарымның бәріне жауап жаз!

Егер де менің хатымды алып жатсаң, сенен үлкен үмітпен кері жауап жазуыңды күтетін боламын. 

26 қаңтар, 2020 жыл.

Бұл хат менің болашақтағы, яғни Оралдың 20 жылдан кейінгі Оралға жазған хаты. Бүгіндегі Оралдың әлі орындалмаған армандары мен 20 жылдан кейінгі орындалған армандарының арасына көпір орнатып көруге тырыстым. Хатта баяндалған оқиғалар үлкен сенім мен сезімге сүйенген. Себебі әрбір жеке тұлға өзінің болашақ өміріне үлкен сеніммен қарауы тиіс. Бәлкім, ол кезде одан да биік жетістіктерге жетермін. Бәрі бір құдайға аян. Бізден керегі тек жақсы ниет. 20 жылдан кейін осы хатты қолыма қайта алып жатсам, өткен шақтағы Оралға міндетті түрде кері хат жазамын. Бұл менің жылдарға жауапкершілік артып, өз-өзіме есеп берген сәтім болмақ.

Оралбай Мырзақұлов