Bugin
Ата-анасынан қамқорлық көрмеген бала ерте тәуелсіздік алғанымен, мінезі тұйық немесе бұзық болып қалыптасады
- Анашым, менің қарным ашты, - деді төрт жасар Әли.
- Қарның ашса, тоңазытқыштан тамақты алып іш, - деді анасы.
Өкінішке қарай кейбір ата-ана баласының қажеттілігіне осылай жауап береді. Америкалық ғалымдар балаға шамадан тыс көңіл бөлмеу туралы жарыса кітаптар жазып, баланы ерте жастан тәуелсіз болуға тәрбиелеудің жолдарын насихаттайды. Алайда, ата-ана буыны қатпаған баланы жұмсап, қамқорлықтан айырған сайын, өзінің жетекшілік рөлін жоғалтады. Ал ата-анасының немқұрайлылығын байқаған бала, соңында өз күнін өзі көруді ойлайды.
Әдетте баласы үшін жауапкершілік сезініп, қамқорлығын аямайтын ата-ана баласының қажеттілігін алдын-ала біліп, соған сай әрекет етеді. Сәйкесінше, мейірімі мен махаббатты қажетінен асырып береді. Баласы «Әке мен сені жақсы көремін» деп айтса, әкесі «Мен сені жүз есе артық жақсы көремін» деп айтып, арадағы байланысты күшейте түседі.
Кейбір ата-ана өте баяу немесе жұмысбасты болса, балаға қажетті қамқорлық көрсете алмайды. Бала жылулық сұраған кезде ғана көңіл аударады немесе өзін жұмсап «тәрбиелеуге» тырысады. Уақыт өте келе бала мойнына көтере алмайтын жүкті арқалап, уақытынан бұрын тәуелсіз болуға дағдыланады. Оны көрген ата-аналар баламыз өсіп, өзіне өзі қарайтын жасқа келді деп қуануы бекершілік. Ата-анадан қамқорлық көрмеген баланың тәртібі бұзық, мінезі қырсық, ашушаң болып қалыптасады.
"Сонда бала қашан тәуелсіздік алады? Оны айналып толғана берудің шегі болай ма?" деген сұрақтар туындауы мүмкін. Иә, баланың тәуелсіздік алуы оның дамуындағы ең қажетті нәтиже, бірақ әр нәрсенің өз уақыты бар. Ананың жатырында жатқан бала айы күні толмай өмірге келмейтіні сияқты, бала да ата-анасынан жеткілікті мейірім мен қамқорлық көрместен, жетіліп, тәуелсіздік алмайды.