Weekend
Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы ерінбе! (С. Торайғыров)
Қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы, ұлы ойшыл, дана, кемеңгер ақынымыз Абай Құнанбайұлы – халықтың мақтанышы, бетке ұстар біртуар азаматы. Оның артынан қалдырған мәдени мұрасы –рухани қазынамыз, мәңгі өшпес мұра.
«Қалың елім, қазағым» деп әрдайым тебіренген ақынның әлем әдебиетінде де өз орны бар. Жастайынан білім-ғылымға құштарлығы есейе келе халқының ағартушылық ісіне белсене араластыруға әкелді.
Құлақтан кіріп, бойды алар
Жақсы ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең менше сүй, - деп өзі айтпақшы өнерден де мақрұм қалмағандығы білінеді. «Жігітке жеті өнер де аз» деген сөздің тірі мысалы – осы Абай атамыз. Абай озық мәдениетті насихаттаумен қатар әлеуметтік,азаматтық сананы оятқан қайраткер ретінде белгілі.
Абайдың қара сөздері – өз алдына жеке бір тақырып. Себебі қара сөздері тағылым-тәрбиеге, даналыққа тұнып тұр. Ауқымды қамтылатын тақырыптардың бірі– ұлттың мінезі, халық санасы. Яғни, ол адамдар арасында көрсеқызарлық, көреалмаушылықтың белең алып жатқанына күйінетіндігін айтады. Халқының, елінің өркендеп дамуын ашкөз билік пен әлеуметтік теңсіздік күйрететіндігі жайында сөз қозғайды. Байлық қуған, рухани дамуды мүлдем көздемейтін, еңбектен қашатын жандарды сынайды. Бірінші қарасөзінде өзіне лайықты мамандық іздеуі жайында жазылған. Қолынан бала, мал бағу келмейтінін, ел басқару жанына жат екендігін ашық айтады да, жүрегі мен ақылы қалам тербетуге бағынатынын ұғынады. Сол секілді әр адам баласы жанына жақын мамандықты иеленсе, тек өзіне емес, туған халқына да тигізер пайдасы ұшан-теңіз. Он бесінші, жиырма екінші қара сөздерінде білім-ғылымды адамзаттың басты қаруы тұрғысынан қарастырады. Ол 19-20 ғасырларда айтылғанымен, қазіргі заманның өзі де білім мен ғылымға бағынады.
Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.
Жақсы менен жаманды айырмадың,
Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың, - деген өлең жолдарынан халықтың тұрмыс-тіршілігін, елінің жағдайына деген ауыр күрсінісін, аяушылығын байқаймыз. Оның көптеген өлеңдерінен еңбекші халық мүддесін қорғаған азаматтың үні естіледі. Өзі билеуші топтың арасынан шықса да, әрдайым қара халықты қолдап-қолпаштайды. Абай «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек –адам бойынан табылуы керек басты қасиеттер» дейді. Расында адам күш-қайратын ақылмен жұмсай білсе, айналасындағыларға шапағаты тиер мейірімі болса, бұл бір ғанибет емес пе?! Ал үш арсызға ұйқы,тамақ, күлкіні жатқызады. Ал бұлар,расында да, адамдар арасында белең алып жатқан мінез-құлықтардың бірі. Мұның барлығы бірнеше ғасыр бұрын қозғалған мәселелер болғанмен де, бүгінгі күнге дейін не қара сөздері, не өлеңдері актуалдығын жоймай тұр және жоймайды да.
Көп адам дүниеде бой алдырған,
Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.
Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған, - деп Абайдың өзі жырлағандай оның есімі де, ұлттық мұрасы да еш уақытта ұмытылмайды. Қара сөздері де халықтың жадында тәрбиенің көзі боп жаңғырып тұра береді.
Осы орайда Абайға мына бір өлең жолдарын арнағым келеді :
Күллі әлемге қазақ жұртын танытқан,
Абай – дана, Абай–дара қазақта.
Жастайынан ғылымға өзін баулыған,
Өнегесін бойыңа, досым, сен сақта.
Тәрбиеден, ізгіліктен сыр шерткен,
Қырық бес сөздің мағынасы неткен кең!
Сыршыл сезімге толы сан өлеңі
Оқығанда жүрегіңді тербеткен.
Барша жұртты тәрбие-білімге баулыған,
Абай есімін айта қалса, мақтанам.
Ар-ожданның туын биік ұстаған
Әр ісінен мен Абайдың үлгі алам!