Құқық

Азаматтық алудың бағасы қандай?

Біздің елімізде шетелдік адамға азаматтық алу бір түннің мәселесі ғана

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Мұндай арзан азаматтықтан қандай қайыр болмақ? Қызық болса менің пікірімді оқып көріңіз.

Әлемде азаматтық алу жолы ең оңай елдердің бірі - Қазақстан. Біздің елдің азаматтығын алғыңыз келе ме? Онда небәрі Қазақстандық азамат, не азаматшамен тұрмыс құрыңыз, я болмаса Қазақстанда 5 жыл тұрсаңыз болды, азаматтық куәлік алдыңыздан өзі ақ шығады. Ал бұрыңғы КСРО немесе қазіргі Кеден Одағының азаматы болсаңыз тіпті оңай. Берілген жеңілдіктерді пайдаланып, кезексіз өте беріңіз. Қандай мемлекеттен, қандай құрлықтан келсеңіз де тіл үйрен, емтихан тапсыр, ел алдына Құран ұстап ант бер деп қинамаймыз.

Білім, спорт және өзге де кез келген саланың құрылымында мемлекетіміздің әлем елдерінен үлгі алып, ұқсас жасағаны байқалады. Дегенмен дәл осы азаматтық алу жөніндегі заң мен талаптарда көптеген айырмашалық бар екен. Мысалы, ең жақын көршіміз Ресей елінің азаматтығын мемлекеттік тілді білмесіңіз және белгі емтихан өте алмаған болсаңыз, қанша жыл тұрсаңыз да ала алмайсыз. 

Америка Құрама Штаттарында тіпті қиын. Тілді жетік меңгеруден бөлек, тарих пен елдің құрылымы бойынша экзаменді жақсы тапсырып, жеке әңгімелесуден мүлтіксіз өту керек. Одан қалса Конституцияны алып ант беру тағы бар. Ал Египет және басқа да Араб елдері тек өз азаматымен тұрмыс құрған аруларға ғана азаматтық береді. 

Дүниежүзінің көшбасшыларынан осы тұста қаталдық байқалса, Қазақстанның өзгелерден ерек мұншама жеңілдігінің сыры неде? Меніңше, алдымен елімізде халық санының аздығы себеп болса, одан кейін азаматтық алып жатқандардан өзге елге кеткен адамдардың көп болуы әсер етеді. 2018 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстаннан көшкен адамдар 41894 болса, келгендердің саны 12785 болған. Иә, көз қуантарлық статистика емес. Алайда мемлекетімізден кетіп жатқан азаматтардың ұлтына мән берер болсақ, көп бөлігі қазақтар екенін байқаймыз. Әсіресе, қазақ жастарының саны тым басым. 

Ал елімізге қоныс аударған адамдардың керісінше өзге ұлт екені белгі. Әрі қарай осылай жалғаса берсе бабалармыздың қаны мен жаны арқылы сақталған жерімізді қазақ тілі мен діліне ешқандай жақындығы жоқ, жанашырлық танытпайтын өзге ұлт өкілдері билейтін болады. Мұндай жағдайға жол бермес үшін азаматтық алу жөніндегі талаптарымызды күшейтіп, халық әлеуметін мен демографияны көтеру мәселесін шешіп, жастарға шынайы мүмкіндіктер беру арқылы елімізде ұстап қалуға тырысуымыз керек. Сонда ғана Қазақстан барлық ұлттық құндылығын жоғалтқан елге емес, өзіндік жолы қалыптасқан қуатты мемлекетке айналады.