Bugin

Қалаулым: Ата-әженің иманы ұрланды

Қоғамның емі табылмаған дерті

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Иба мен әдептен алыстап бара жатқан қаракөздеріміздің көгілдір экранда алысып-жұлысып жатқанда ата сақалдары салбырап, ақ жаулықтары жалбырап бағдарламаны қызыға көретін ата-әжелеріміздің иманын ұрлап жатқан "Қалаулым" бағдарламасы - қоғамның емі табылмаған дерті.

Үш сағат бойы тікелей эфирде 6 миллион аудиторияны ұстап отырған бағдарламаның қазіргі эфирлік уақыты - 6 сағат. Былтырғы жылмен салыстырғанда аудитория көлемі үш есе артты деген сөз. "Қалаулым" және "Қалаулым сен" бағдарламасына ақсақалдарымыз немересі, шөбересімен жасты қаракөздерімізге сезімім оянды деп қалың қазақтың алдында ұятқа қалып жатыр. Одан бөлек немереге ертегі, қисса, дастан жаттататын ата-әженің қазіргі кезде "Қалаулым" көруден қолдары босамайды. Екі ұлы, алты қызы бар 81 жастағы қария жас бойжеткенге, 18 жастағы бозбала анасымен жасты әйелге қандай сезім болуы мүмкін. Бұл - біздің қоғамның ішінен іріп бара жатқанының белгісі.

Германияда кәрі қыздар мен сүрбойдақтарға арналған арнайы мемлекеттік бағдарлама бар. Ол бойынша жылда сүрбойдақтары көп ауылға сол елдегі кәрі қыздардың барлығын үкімет бір аптаға тұруға апарады. Күйеуге тигісі келген арулар да жылына бір рет берілетін еңбек демалысын осы уақытқа жоспарлауға тырысады. Бізде де сұрбойдақтардың жағдайы қатты алаңдатар болса неге осы секілді мемлекеттік іс-шара қалыптастырмасқа. Жеке тұлғалардың іс-әрекеті бүтіндей қоғамның бұзылуына әкеп соқпауы керек.

"Қалаулым сен" бас продюсері Шах-Керім Кәрменов бір сұхбатында:

- 30-40 жасқа келген қыз-жігіттердің өзгелермен танысып, ашық-жарқын араласып кетуі қиын. Сондықтан осындай бір ортақ тоғысу нүктесін табу керек болды. Сол нүктені жасау үшін біз «Қалаулымды» ұйымдастырып отырмыз. Бұл қоғамға өте қажетті дүние болып жатыр.

Байқап қарасақ, бағдарламаға келген қатысушылар мен қатар көрермендер де жиі кадрда көрінеді. Көрермендер қатарын неліктен тек үлкен қариялар толтырып отыр. Бұл дегеніміз жасы мен кәрісін бір алаңға жинап дүбәра халге түсірудің алғышарттары секілді.