Weekend
Психолог жайлы өмірдерек
Виктор Франкл – нацистердің концентрациялық лагерьлерінің тұтқыны болған адам. Ол Венада еврей отбасында дүниеге келіп, жас кезінен психологияға қызығушылық таныта бастаған.
Вена университетінде медицинаны оқып, кейін неврология жəне психиатрия саласына ауысқан. Кейіннен депрессия мен суицидтің психологиясын терең зерттейді. Он тоғыз жасында Sozialistische Mittelschüler Österreich мектебінің президенті болып, студенттерге аттестат алу кезеңінде қолдау көрсету бойынша арнайы бағдарлама жасайды. Франкл осы қызметінде жүргенде Вена студенттерінің арасында бірде-бір рет суицид фактісі орын алмаған екен.
Австрияны нацистік Германия басып алар алдында психолог Венадағы клиникалардың бірінде өз-өзіне қол жұмсаудың алдын алу бөліміннда басқарушы қызметінде жүреді. Сол жерде жүргенінде өз-өзіне қол жұмсау қаупі бар отыз мыңнан астам əйел ол емдеген науқастардың қатарында болады. Алайда 1938 жылы фашистер басып кіргенде, Франкл еврей болғандықтан, оған науқастарды емдеуге тыйым салынады.
Дегенмен Франклдің АҚШ-қа қоныс аударуына мүмкіндігі болады. Бірақ ол ойланбастан одан бас тартқан. Өйткені Америкадан тек жалғыз өзіне ғана шақыру келеді. Сондықтан ғалым тума-туыстарын, қартайған ата-анасын тастап кетуге бармайды. Егерде Австриядан кетіп қалғанда, он бес жыл бойы жүргізген зерттеулері нəтижесінде жазылып жатқан кітабын аяқтауға да мүмкіндік туатын еді.
Фашистер Франкл мен оның жақындарын 1942 жылы қамауға алып, концлагерьлерге айдап жібереді. Сонымен он бес жыл көлеміндегі зерттеулерінің нəтижесі жазылған қолжазбаны фашистер өртеп жіберген.
Концлагерьлерде психолог екі жарым жылға жуық уақыт бойы тұтқында болады. Сол жерге түскенге дейін ғалым өзінің негізгі ойларын тұжырымдап, өмір мəнін іздеу адамның жан денсаулығының кепілі екенін болжап үлгерген еді. Алайда идеяларын іс жүзінде тексеріп көру тағдыр тəлкегімен тек осы концлагерьлерде ғана мүмкін болады. Сонымен психолог концлагерьде жаңадан келіп жатқан тұтқындарға психологиялық жəрдем көрсетуді қолға алады. Оның басты мақсаты – оларды алғашқы шоктан арылту еді.
Франклдің концлагерьде жасырын ұйымдастырған психологиялық көмек көрсету тобы өз-өзіне қол жұмсаудың алдын алып отыруға тырысады. Сонымен қатар тұтқындар арасында өз еркімен бұл дүниемен қош айтысқысы келіп жүргендер туралы хабарлап тұратын ақпарат қызметін де ұйымдастырады. Концлагерьдегі тəжірибесіне сүйеніп Франкл өзінің логотерапия ілімін, яғни, психотерапиялық жəрдем көрсету əдісін қалыптастырады.
Виктор Франклдың айтуынша, адам тек лəззат алып, билікке ғана ұмтылмай, сонымен қатар өмірдің мəнін түсінуге талпынуы қажет. «Лагерьде психотерапия жүргізу тұтқындар өмір мəнін іздегенде ғана оң нəтижесін береді» дейді психолог. Осындай ауыр жағдайдағы адам үшін бұл мəн шартсыз болып, өзінде тек өмір мəнін ғана емес, оның азап шегуі мен өлімінің де мəнін қамту керек болады.
Лагерьдегілер Франклге: «Лагерьден аман шығамыз ба?» жəне «Мына азап пен өлімнің мəні бар ма?» деген екі сұрақты жиі қойып жүреді. Бірінші сұраққа теріс жауап адамдардың көбісіне азап шегу мен тұтқыннан аман шығудың мəнін жойса, екінші сұраққа теріс жауап аман қалуға талпынудың өзін мəнсіз етіп тастайтын болады.
Өмір мəнін жоғалтпаған тұтқындар түңілген тұтқындарға қарағанда қиыншылықтардан жеңілірек өтетінін байқайды. Осылайша Франкл «Өмір мəні – адамның ең басты мотивациясы» деген қорытындыға келеді. Франклдің əйелі мен анасы концлагерьде өлтіріліп, əкесі өкпе қабынуынан көз жұмады. Тек əпкесі ғана аман қалады.
1945 жылдың 27 сəуірінде психолог ғалымды америкалықтар тұтқыннан азат етеді. Соғыс аяқталған соң Франкл Венаға қайтып оралып, сол жерде жұмыс істейді. Тозақта өткен үш жылының тəжірибесін «Психолог в концлагере» (Лагерьдегі психология) еңбегінде жазады. Бұл кітапты ғалым соғыстан бұрын бастаса да, оны лагерьде жүріп тəжірибе жүзінде алынған қорытындыларымен толықтырады. Былайша айтқанда, екі жарым жыл бойы кітапты ойында «жазады» жəне бұл жұмысты аяқтап, оны жариялау ғалымның аман қалуға талпынуына бірден-бір мотивациясы болады.
Франкл концлагерьдің тозағынан өтіп, өміріне ешқандай кепілдік болмаса да, мотивациясын жоғалтпай, тіпті басқа тұтқындардың да уəжін тауып беруге тырысқан. Мотивация туралы кітап іздесеңіз, Франклдің еңбектерінен артық еңбек таппайсыз. Өйткені, олардың дүниеге келуінің құны өте жоғары болды.