Сараптама

Айгүл Жұмасұлтанова 31 арна ұжымын қарғағаны үшін кешірім сұрасын!

Бейбақ БАҚ-тың күйі: Күйеуі қағып өтеді, әйелі қарғыс айтады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Соңғы жылдары Қазақстанда журналистерге доқ көрсетіп, қоқан-лоқылық таныту жағдайы жиілей түсті. 30 қаңтар «Информбюро» жаңалықтар қызметінің тілшісі Ардақ Камалды аузына шылымын қыстырған Bek Air басшысы Нұрлан Жұмасұлтанов қағып өтсе, қасынадағы жолдасы журналистерге өлім тілеп, қарғап сілеуі қоғам наразылығын тудырды.

31 арна таратқан хабарда Нұрлан «Үйлеріңнен өлім шықпай қалсын сендердің. Бәріңе осындай... Мақұл ма? Анау 31 канал тем более» деген сөзінің бейнежазбасы әлеуметтік желіде ащы сынға ұшырап жатыр.

Қаржы министрлігінің  қаржылық есептілік депозитарийінде жарияланған «Ақ жол» халықаралық әуежайы» АҚ-ның 2009 жылғы күздегі аффилирленуші тұлғалар тізімінде Нұрлан Жұмасұлтановтың отбасы мүшелері туралы ақпарат бар. Тізімде 1966 жылы туған Жумасултанова Айгуль Файзуллаевна оның әйелі ретінде көрсетілген. Осыдан тура бір ай бұрын, желтоқсанның 30-ы әділет министрлігі Айгүл Жұмасұлтанова 29.07.2013-18.07.2016 ж.ж.  атышулы Bek Air әуе компаниясына жетекшілік еткенін хабарлаған болатын.

Қазақстан билігі Конституцияда көзделген зайырлылық пен демократияны орнатуда аса зор мәнге ие БАҚ өкілдері, журналистердің қауіпсіздігіне кепіл бола алмай келеді. Кейбір сарапшылар мұны «арнайы тұсау» үшін әдейі кешеуілдетіп отыр деп санайды.

«Шенеуніктердің мүддесін қорғауға келгенде заң әрекетшіл әрі талапшыл. Ал журналистер мен азаматтық қоғам белсенділерін қорғауға келгенде «тым жұмсарып», кәрінен айырылып қалады» дейді ашынған көпшілік. Ерлі-зайыпты Жұмасұлтановтардың оғаш әрекеті отандық БАҚ қызметкерлерін бейжай қалдырмады. Әлеуметтік желі қолданушылары мен кәсіби журналистика саласының қызметкерлері 54 жастағы Айгүл Файзуллақызы тек тілшіге ғана емес, бүтін бір арна ұжымын тілдеп, қаралап-қарғағаны үшін жариялы түрде кешірім сұрауын талап етеді.

Жуырда, 23 қаңтарда сенат отырысынан алты сақшысымен жасанып шыққан Дариға Назарбаеваның күзетшісі бас спикерге ұлы жөнінде (Айсұлтан Назарбаев/Рахат) сұрақ қоймақ болған Азаттық журналисі Әсемгүл Мұхитқызының аузын жауып, тура мағынасында аузын қолымен қақпақтап, бөгет жасады.

Бұдан өзге 10 қаңтар Қазмедиа орталығының күзет қызметкерлері тілшіге құқай көрсетуі көптің есінде болса керек. Сақшы-күзетшілер Vlast.kz басылымының астаналық бюросының жетекшісі Тамара Ваальді қоршап алып, қолын қайырған болатын.

Жалпы Қазақстанда журналистердің кәсіби қызметіне қатысты қысым жиі жасалады. Былтыр саяси өзгерістер кезінде көптеген митинг-жиындарда тілшілердің түсірілім-эфир жұмысына әртүрлі әдіспен кедергі келтірілді. Камера көзін газет қағазымен, қап-қара қолшатырмен көлегейлеу әрекеті де көп кездескен еді. Тіпті жазда Азаттық, Алматы.тв журналистері мен операторына жұрт аузында «ішкі саясаттың жансыздары» делінетін «тетушкалар» тобы тап беріп, шабуылдады. Қазір камера-микрафонды сындырып, тілшіге тұра ұмтылған «өзгеше «мемлекетшіл» әйелдерге» қатысты қылмыстық істің ізі түгіл, дерегі де жоқ.

Маусым айында президентті сайлау оқиғасынан кейінгі санкцияланбаған шерулердің бірінде Tengrinews.kz тілшісін арнайы жасақ сөзге келместен күш көрсетіп, соққыға жығу жағдайы тіркеліп еді.

Тағы бір «ілгекті» мәселе, отандық БАҚ-тағы «басқаша ойлатын» мамандардың «есі барында елін тапқызбақ» оймен  қылмыстық кодекстің «жала жабу» және «қорлау» баптарын таңу тәсілі жиі қолданылады. Өткен айда әлеуметтік желідегі жазбасы үшін 27 айға сотталып, нақақтан нақақ төрт ай түрмеде отырған өңір (Түркістан облысы, «Сарыағаш-Инфо» газеті) журналисі Амангелді Батырбеков халықаралық адам құқықтары ұйымдарының қайта-қайта араласуымен облыстық сот үкімімен ақталды. Сондай-ақ жақында тікелей эфирде сарапшының сілтемелі сөзіне бола сотқа шақырылған қоғам белсендісі, журналист Сәуле Әбілдаханқызының үстінен арызданған белгілі кәсіпкер Арман Шораевтың 10 миллион теңге өтемақы туралы талабы қараусыз қалған болатын.

RSF халықаралық ұйымының рейтингісінде Қазақстан сөз бостандығы бойынша 180 елдің ішінде 158-орында тұр. Сондай-ақ «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғаудың халықаралық қорының есебінше, «Журналистердің заңды кәсіби қызметіне кедергі жасау» реестрінде ХХІ ғасыр басталғалы бері, 2000 жылдың қаңтары-2019 жылдың қыркүйегі аралығында тілшілер жұмысына 839 кедергі келтіру фактісі тіркелген.