Қоғам
Балам дей алар жұрты болмаса, Жұртым дейтін бала қайдан шығады Ахмет Байтұрсынұлы
Осы сөздерді айтқан кезде менің кішкентай жүрегім кеудеме сыймай атқақтап, бойымды ерекше бір мақтаныш сезімі кернеп кетеді. Өйткені, мен өркендей дамып келе жатқан Қазақстан Республикасы атты мемлекеттің азаматымын.
Біздің халық баласын «азаматым» деп айта алған халық. Біз сол секілді «жұртым» деп жанын пида етуге дайын тұрар ұлдары мен қыздары жетерлік болған халықпыз. Қазақ халқының Алла тағала жаратқандағы негізгі болмысы-мейірім мен бейбітшілік, шүкіршілік пен қанағат деген қасиеттерге малынған болмыс.
Халқымның «Әке көрген оқ жонар,шеше көрген тон пішер» деген даналық пікірін ойлап қарасам, ата-бабаларымыздың асқар таудай ақылында, өз өмір тәжірибесінен өткен өнегелі істері-елін,жерін қорғау, бірлікте, ынтымақта өмір сүріп,еліне елеулі, халқына қалаулы болу сияқты жақсы қасиетті ұрпақтан-ұрпаққа дарыса деген асыл арманы ғой.
Сонау ғасырлар қойнауының қатпар-қатпар белесінен байқасақ, ежелден-ақ ру-тайпаларымыздың өзі жерін еш жауға бастырмаған, ұлын құл, қызын күң еткізбеудегі батырлық ер жүректігін, жауына қатал, досына адал, шыбын жанын шүберекке түйіп, садақ ұстап, найзаның ұшына үкі таққан ұлдары мен қыздарының жауынгерлік үлгісі бізге аманат болып жеткен.
Осы дәуірге жету жолында Отаным-қазақ елінің көрген қасіретін енді Тәңірім еш елдің басына бермесін дер едім.
Қара құйындай қайта-қайта соғып,халқымның ұйқы-тұйқысын шығарған жоңғар шапқыншылығы, Сыр бойының сұлу сымбатын ойрандап, баса-көктеп кірген Қоқан бектері, Цин империясының ызғарлы лебі де қазақ жеріне жеткен еді... Кім қызықпады менің байтақ та бай далама!
Халық басына осынау қиын-қыстау заман зары туған шақта,қазақ қауымының бас көтерген батыр да ер жүрек перзенттері елдің елдігін,ердің ерлігін сақтап қалар кезеңге тірелгенде қол бастаған Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай секілді батырларының жау-жолатпас қасиетін басқарған хан Абылай сияқты данагөй бабаларым болды. Жауын торғайдай тоздырып, тарыдай шашып, ірімшіктей іріткен, қоқандап қоңқылдаған Қоқанмен де, қалың қара Қытаймен де, ормандай орыспен де тіл табысқан бабамыздың даналығының арқасында, осы біз өмір сүріп отырған аяулы Отаным - Қазақстан жері сол бабалардың сақтап қалған, бізге қалдырған асыл мұрасы екен ғой. Қазақстан жерін бабаларымыз ерлікпен қорғап бізге қалдырған, кейінгі ұрпағыма «асыл мұрам, ал балам» деп айту үшін бізге тұтас жоғалмай, өртенбей, ауыр азап, қиын-қыстау кезеңдерді басынан өткізген екен. Зұлмат ашаршылық, зиялы қауымды жоқ қылған тоталитарлық қысым, қаншама боздақтардан айырылған 1941-1945 жылғы қырғын соғыс,1986 жылғы желтоқсандағы қазақтың қыз-жігіттерін қырып тастаған ауыр апат-осының бәрінде айбатынан жау жасқанған, дұшпандарын жеңіп шыққан - қазақтың жауынгер батыр ұлдары,өзіміздің ащысы мен тұщысына төзе білетін қазақ халқы.
«Қазақ халқының ерлері де батыр,қыздары да батыр» дейді екен түрік халықтары.
Түріктер өздерінің-жауынгер-патриот ұлдарын мадақтағанда «Бұл - нағыз қазақ» деген аңыз осы күнге дейін сақталған.
Біздер, Қазақстандықтар,сол батыр қазақтардың ұрпағымыз.
Ендеше, аяулы Отаным - Қазақстанды көркейтетін, байытатын, өз бақытының иесі болуына қол жеткізетін біз сияқты ұрпақтары екен.
«Отан» деген сөзім қандай әдемі!
Көзге елестер бүкіл қазақ әлемі.
Таңдандырды жан-жағымды-бай өлке,
Қарапайым,кең дастархан әдебі.
Атам қазақ аңсағаны еркіндік.
Сақтау үшін азаттықты бекіндік.
«Қастығы жоқ қазақ» деген аңыз бар,
«Татулықтың символымыз» сертім нық.